"Ағамды атқан адам белгілі болды": Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде көз жұмған археологтың інісі тергеу қалай жүріп жатқанын айтты
Қаңтардағы наразылықтар бейбіт митингілерден басталып, соңы жаппай бұзақылық пен тонаушылыққа ұласқан еді. Жыл басында Алматы қаласы қаңтар трагедиясының ошағына айналды. Алматыда оққа ұшқан археолог Ерлан Жағыпаровтың інісі Нұрлан Жағыпаров ағасын атқан адамның белгілі болғандығын мәлімдеді. Ол Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында марқұм бауыры жайлы естеліктер мен тергеудің қалай жүріп жатқаны туралы айтып берді.
Нұрлан Жағыпаров – Ұлыбритания елінің астанасы Лондон қаласында соңғы төрт жыл бойы отбасымен тұрады. Қазақстаннан кетуі қаңтар оқиғасына қатысты емес. Өзінің жұмысын шетелден жалғастыруды жөн көрген. Айтуынша, елде де үлкен компаниясы бар.
"Ерлан отбасымыздың тұңғышы болатын. Екеумізден кейін жалғыз ғана қарындасымыз бар. Ол АҚШ-тан білім алып, сонда қалып қойды. Қазір өз отбасы бар. Ағамыздың артында жалғыз қызы қалды. Бізбен араласып тұрады. Өзі сондай тәрбиелі және ақылды. Ерлан қызын қатты жақсы көрді. Әйелімен бұрындары ажырасып кеткен. Қара шаңырағымызда анамызға бас көз болып жүрді. Ата-анамыз Абай облысы Абау ауданы Қарауыл ауылынан шыққан.
Бала кезінен шығармашылыққа жақын еді. Сурет салуға құмар болды. Суреттерінде жылқы жануарын жиі бейнелейтін. Оның бойында көшпенділердің рухы бар. Балалық шағы ауылда өтті. Өзі Қазақстандағы ауылдарды аралайтын. Кішкентайынан кітап оқуға әуес болып өсті. Әсіресе, түркі халықтары жайлы мағлұматтарға қызығатын. Өзі үшін көп ізденді. Археологияға деген қызығушылығы осылай оянған. Еліміздегі тарихи жәдігерлерді сақтауға өз үлесін қосқан біртуар азамат. Қазақ даласы мен тарихын жанынан артық сүйген. Міне, бауырымнан айырылғаныма бір жыл жуықтады. Сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қасымызда жоқ екені білінеді
Өйткені бірге өсіп, сыртта жүрсем де хабар алмасып тұрдық. Ол менен үлкен болса да, керсінше оны өзімнен кіші көрдім. Оның қызығушылығы менікінен көп. Бүгінгі күннің нағыз романтик, жаны таза адамға жатқызатын едім", - деп еске алады марқұмның бауыры.
Оның айтуынша, елде жаппай тәртіпсіздіктер болмай тұрып, ағасымен бірге шетелге саяхат жасаған. Дүниенің екі бұрышында жүрсе де бір-бірімен жиі-жиі хабарласып тұрған. Екеуінің ортақ жұмыстарының болғандығын да қоса кетті.
"Ерлан жоғалмай тұрғанға дейін хабарласып жүрдік. Өзі сол күні қалада болған. Үй мен жұмыс ортасында жүрген ғой. Анамыз дәріханаға жұмсапты. Сол кезде алаңда не болып жатқанын өз көзімен көргісі келген. Оны сол маңда ұстаған. Өзін Ұлттық Ұлан сарбаздарының ұстағанын айтып, досына хабараласып үлгереді. Әңгімесі де ұзаққа бармай үзілген. Себебі әрі қарай ұрып жатқан дыбыстар мен балағат сөздер телефоннан естілген. Оны осылайша жоғалттық. Қаладағы ауруханалардан іздеп таппадық. Денесі мәйітханадан бір-ақ шықты. Оған автоматтан кеудесіне бірнеше рет оқ тиген. '
Мен тергеудің кейбір детальдарын жариялай алмаймын. Маған ол жағынан рұқсат жоқ. Сотқа дейін іс жетсе, бәрімізге белгілі болады деген үміттемін. Қорғаушымыз қазір осы іс бойынша айналысып жатыр. Ерланның есірткі және психотропты заттарды пайдаланбағандығы жайлы медициналық сараптаманы да жасап қойдық. Мұның бәрі Ерланға ертеңгі күні жала жабылмас үшін қажет. Өзі де зиянды әдеттерден аулақ болатын. Көбісінде "дінге жақын шығар" деген сұрақ болуы мүмкін. Ол дінге мүлдем жақын емес. Өзінің тарихқа қызығушылығы мол болды. Сондықтан да "тәңіршілдік" ұғымын зерттейтін. Былайша айтқанда, ислам дінінен алыс адам", - дейді ол.
Жақындары 11 қаңтар күні Ерланды жер қойнына тапсырған. Әкелерінің қасына жерлепті. Әкесінің мазарын Ерланның өзі жоспарлап, аналарына орын қалдырған. Сөйтсе, бұл орынды Ерлан өзіне дайындаған екен ғой дейді інісі көзіне жас ала.
"Тергеу сәуір-мамыр айларында жақсы жүрді. Сол кезде тергеуге қатысты фактілермен таныстым. Жыл соңына таман сайлау т.б. жайттардың көлеңкесінде қалып қойды. ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі 15-тармағы "Қылмыстық топ жасаған, сол сияқты төтенше жағдайда немесе жаппай тәртіпсіздіктер кезінде кісі өлтіру" бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Бас әскери прокуратура қадағалап, тергеу сараптамасы алаңда да жүргізілді. Ерланды атқан адам белгілі. Ол өзі куәлігін берді. Оның аты-жөнін атай алмаймын. Бұл адамды әзірге кінәлі деп ресми түрде айта алмаймыз.
Енді тергеу амалының қандай бағытта жүрері белгісіз. Тек нәтижесін күтеміз. Ерланның ісі соңына дейін сотқа жетеді деп нақты айта алмаймын. Бірақ қолымызда тергеуге қажетті барлық деректер бар. Маңыздысы, тергеуді басқа арнаға бұрып жібермесе екен. Кінәліні жазалауға арналған барлық фактілер тұр. Ерланды жеті сағаттай ұстаған. Оның қолы кісендеулі болған. Оны осындай халде атып тастаған екен. Тергеушіге осының өзіне артық ақылдың керегі жоқ", - дейді Ерланның інісі.
Ерланның отбасына әкімдіктен хабарласқандар болған. Тіпті үйлеріне келіп, қандай көмек қажеттігін де сұрастырған. Інісі мемлекеттен ешқандай көмектің керек еместігін айтады.
"Тергеудің әділ өтуі бізге ең үлкен көмек. Мемлекеттің басты көмегі кінәлілерді жазалауында жатыр. Соттың әділ шешім шығарғандығын қалаймыз. Басқа ешқандай да көмек күтпейміз. Жерлеуіне де, басқасына да ештеңе сұрамадық. Бізге оның керегі жоқ. Анамызға өзім көмектесемін. Ерланның жасаған істерінің де тоқтап қалғанын қаламаймын. Өзі тарихи жәдігерлердің сақталуына үлесін қосты. Бұны халқымызға деген қызметі деп білемін. Ағамды атқандар мұндайды түсінбес. Тура солай көбісі де түсіне алмайды. Атқан адамның да отбасы мен бала-шағасы бар шығар. Оның балалары да ағамның тарихқа қосқан үлестерін біліп өседі", - дейді ер азамат.
Нұрлан Украинаның Буча қаласындағы қырғынды мысалға алады. Ол Ресей әскерінің бейбіт тұрғындарға геноцид жасағандығын атап өтті. Ағасын атқан адамдар сонда болса, бұдан да ауырын жасайтын еді дейді.
"Өзім жуырда Досым Сәтпаевтан"1916 жылғы қазақтардың патшаға қарсы көтерілісі" туралы кітапты сыйға алдым. Ресей патшасының қазақтарды майданға қара жұмысқа алу жайлы жарлығы қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліске ұласты. Бір ғасырдан аса уақыт өтті. Ресей патшасының даламыздағы көтерілісті қалай жаншығандығын білеміз. Қаңтар оқиғасымен де салдары бір. Тура сол кездегідей байлар өз халқын сатты. Оларға тиіспеген соң, патша жарлығын қолдап шықты.
Қазақтар әрқашан бір-бірін құртуға бар. Ағамды атқан адам оның кісенмен тұрғанын көрді ғой. Құжаттарынан екі квартал жоғары тұратынын да білуге болады. Қалтасында көлігінің кілті де бар. Ол да білімді адам ғой. Базадан Ерланды тексерсе, митингіге қатысының жоқ екендігін көретін еді. Қолы кісендеулі адамнан қандай қауіп төнді екен. Жағдай басқаша сипат алса, түсінер едім. Осы тірлігі үшін оған медаль берді деп ойламаймын. Әлі де түсіне алар емеспін. Атқан адамды ешқалай ақтай алмаспыз", - дейді ол.
Лондондағы отандасымыз халықаралық ұйымдармен хабарласпаған. Елдегі тергеу қортындысын күтуде. Қазақстанда іс дұрыс жүрмей кінәлі әділ жазасын алмаса, халықаралық ұйымдарға жүгінетінін айтады.
"Менің көзқарасыммен халықты баса беруді доғару керек. Азаматтарымыз бейбіт түрде өз құқықтарын талап етсін. Мұнда апта сайын митингтер өтеді. Шеру туралы ақпараттар еркін тарайды. Басшылар мен халық арасында диалог орнығып, бейбіт мәмілеге келеді. Бізде халық пікірін тыңдаса, мұндай жағдайға жетпес еді. Осы үшін бейбіт халықты атудың керегі жоқ. Мұның арты жаппай қантөгіске әкелді. Тарих бәрібір де өзінікін ерте ме, әлде кешпе ақтап шығады", - дейді ол.
Енді іс қортындысы тергеудің аяқталғанында шығады. Нұрлан кінәлі әділ жазасын алмаса, өзі өмір бойы оны қудалайтындығын жеткізді.
Қадірәлі САРЫПБЕК