Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әдейі тапсырыспен мені қаралап отыр: Аружан Саин балалар үйіндегі былықтарды айтты

Сәбилер үйіндегі балалар сүйек-саяқпен тамақтануда. Жылы-жұмсақтың бәрін басшылық басып қалып жатыр. Осылай деп дабыл қаққан балалар амбудсмені президенттен көмек сұрады. Оның айтуынша, балалар үйіндегі жүйені бастан-аяқ тексеретін кез келді.

Аружан Саин: Біз салық төлейміз. Оны концерттер мен мерекелерге жұмсауды доғарыңыздар

Тамақтану жағын айтпағанда, жетімдердің құқығы жиі тапталуда. Олардың шоттарындағы ақшалар заңсыз шешіліп, зорлау сынды сұмдық фактілерден де көз ашпай кеттік. Аружан Саин дүниежүзілік балаларды қорғау күнінде осы саладағы біраз қордаланған мәселені көтерді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Балалар үйінде былық көп. Үкіметтен бөлініп жатқан миллиондар тиісті жерге жетпейді. Соның салдарынан жетімдердің жайы мүшкіл. Жеп отырғаны сүйек-саяқ, одан қалды кісі шошырлық жағдайда өмір сүруде. Көптен қарасы көрінбеген амбудсмен Аружан Саин дүниежүзілік балаларды қорғау күнінде осылай деп үн қатты.  

"Осыған дейінгі сәбилер үйін тексерудің нәтижелері бойынша қабылданған шараларды тек сәндік деп атауға болады. Заңбұзушылықтың салмағына сәйкес келмейтін сөгіс немесе жұмыстан босату, ол басшы шамалы уақыттан кейін осы сынды мекемені қайта басқаратын жағдайлар кездеседі. Жауапсыздық балалардың құқықтарын одан әрі бұзады", - деді Аружан Саин.

Яғни, Аружан Саин мұнысымен бас прокуратураның осыған дейінгі тексерулеріне көңілі толмайтынын мәлімдеп отыр. Ол енді тікелей президентке шағымдануда. Қамқорлықсыз қалған балалардың жайына алаңдаулы амбудсмен балалар үйіне бөлінетін қаражаттың ашық жұмсалуын талап етуде.

"Барлық БАҚ пен азаматтарға өтінгім келеді. Бізде үлкен проблема болды, біз әкімдіктердің сайттарында олардың спортқа, мәдениетке, әлеуметтік қорғауға және т.б. арналған бюджеттер туралы ашық ақпаратты таба алмадық. Біз зерттеу жүргіздік, атқарушы билік органдары қызметінің ашықтығын көрсететін заң бар екендігі туралы Президентке жолданған хатымда да айттым. Бірақ бұл ашықтықты ескеріп жатқан ешкім жоқ", - деді Саин.

Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бұл мәселені көтеруіне негіз де жоқ емес. Өскемендегі сәбилер үйінің бұрынғы директоры ауру балаларға арналған ақшаны өз қонышына басып отырғаны туралы осыған дейін айтқанбыз. Одан қалды экс-басшы науқас ұл-қыздардың күтіміне арналған тауарларды заңсыз иемденген.

"Сәбилер үйі директорының 3 айлық жұмысын зерделей келе, нәтижесінде сынақ мерзімінен өтпеді. Осы аралықта  құқықтық баға берілуге тиісті фактілер анықталды. Ішкі тергеу кезінде белгілі болған деректер құзырлы органдарға жіберілді. Тиісінше қызметкермен еңбек шарты да бұзылды", - деп жазды ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ли.

Түйіні тоқсан тарау қылмыстық іс аталған сәбилер үйінің қазіргі директорының да ұйқысын қашырды. Бұл айыптауға қатысты Құралай Исенованың да айтары бар.

"Мен ойлаймын, шынын айтқанда қарабет болсын деп, менің абыройымды кетіртіп, әдейі тапсырыспен жасалған нәрсе. Шынын айтқанда бірқатар адалсыздықты көрдім. Мысалы кейбір ақшалар, үлкен бюджет, мысалы кейбір жеке кәсіпкерлікке жіберілген ақша жұмысы жасалмады. Ақша енді шынын айтқанда бухгалтерия бойынша басқа жаққа кетіп отырған", - деді балалар үйінің директоры Құралай Исенова. 

Айтпақшы, шығыстан шыққан шу жалғыз бұл емес. Биыл ғана Аягөздегі балалар үйінің төрт бірдей тәрбиеленушісі ішек инфекциясынан қайтыс болған еді. Бүгін елордада брифинг өткізген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов арнайы қызмет көрсету орталығының қазіргі жай-күйін айтып берді.

"Аягөздегі орталыққа қатысты айтар болсам, биыл біз 140 миллион теңгеге қаржыландырдық. Ағымдағы міндеттерді шештік. Нысан толығымен қажетті штаттық кестемен қамтамасыз етілген, келесі жылғы жобалық-сметалық құжаттама дайындалды, біз оны әртүрлі органдардың қарауына бердік. Ғимарат кеңейтіледі", - деді әкім.

Бұдан бөлек, Алматы облысында да балалар үйінің әдіскері жетімдердің шотындағы миллиондарды шімірікпестен шешіп алып, қашып кетпекші болған. Күдікті құрықталып, қылмыстық істі құзырлы органдар тергеп жатыр.

Талқылау