Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әдейі дәрі шашады": Шымкентте бірнеше тұрғын миллиондаған теңгеге массаж жамылғысын алып, алданып қалған

Шымкент тұрғындары миллиондаған теңгеге массаж жамылғыларын сатып алған. Айтуларынша, өнімнің тұсаукесері өткен залда қырағылықты төмендететін дәрі себілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Шымкентте көптеген адам несие рәсімдеп, алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген.

Қан айналымы проблемаларынан арылтып, тіпті көру қабілетін қалпына келтіретін массаж жамылғысы үшін Авазхан Боранбаев бір миллион жүз мың теңге төлеген. Ол инновациялық массажердің тұсаукесеріне шақырылып, банк арқылы несие алған. Кейінірек ер адам мұндай жамылғылардың он есе арзан екенін және олардың құны 25 мыңнан 100 мың теңге аралығында екенін анықтады. Тауарды сатушыға қайтармақ болғанында олар байланысқа шықпаған.

“Интернетте олар осы іс-шараны өткізетін залда окситоцинді шашырататыны жазылған. Осыдан кейін адам мойынсұнғыш болып, несиені рәсімдеуге келіседі. Заң бойынша 14 күн ішінде күмәнді тауарды қайтаруға құқығымыз бар, бірақ олар телефонды өшіріп тастады, мен енді қоңырау шала алмаймын”, – деді Ленгер қаласының тұрғыны Авазхан Боранбаев. 

Тұсаукесерде он шақты адам болған, олардың көпшілігі – зейнеткерлер. Олардың барлығы да өнімді несиеге сатып алды.

Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті бір ғана жәбірленушінің жүгінгенін айтты. Осыдан кейін сатушы ақшаны қайтаруға келісіпті.

“Тұтынушы сатушы тарапынан реакция болмаған жағдайда тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады. Департамент сатушыны әкімшілік жауапкершілікке тартуға құқылы. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған жағдайда ақша қайтарылмаса, тұтынушы сотқа дейінгі және сот реттеу органдарына жүгінуге құқылы”,  – деді Шымкент қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Бауыржан Тоғанбаев.

Еліміздің батысында өткен жылы 92 адам тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Нәтижесінде шамамен 60 миллион теңге қайтарылды. Биыл мемлекеттік органдарға алты өтініш беруші жүгініп, оларға да қаражат қайтарылды.

Талқылау