Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адамзаттың Абайы" байқауы: "Қазақтелеком" қызметкерлері ақын мұрасын жаңа қырынан танытты


Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай "Қазақтелеком" қызметкерлері арасында "Адамзаттың Абайы" атты республикалық байқау өтті. Жүзден жүйрік шыққан байланыс саласының қызметкерлері елордадағы Музыкалық жас көрермен театры сахнасында Абай туындыларынан үзінділер оқып, цифрлық технологиялар көмегімен ақын шығармалары мен "Абай жолы" кейіпкерлерін анимация тілінде сөйлетті. 

Шығармашылықты, цифрлық технологияны және ұлттық рухты ұштастырған байқауда отызға жуық қатысушы бақ сынады. Шараның басты мақсаты Абай шығармашылығын дәріптеп, ұжымда қазақ тілін дамыту, өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйретіп, оны өмірде, қызметте қолдануға жігер беру. Байқауға компанияның өңірлердегі бөлімшелерінен кіл жүйріктер іріктеп алынған.

"Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы – бүкіл ел көлемінде аталып өтіп жатқан елеулі оқиға. "Қазақтелеком" да бұл игі бастамадан қалыс қалмай, ұлы Абай мұрасын насихаттауға өз үлесін қосуда. Мерейтой аясында "Адамзаттың Абайы" атты байқау ұйымдастырып отырмыз. Ондағы мақсатымыз – әріптестеріміз жұмыспен ғана шектелмей өнерін, көшбасшылық қасиетін қатар дамытса деген ниетіміз. Бұл байқауда елдің түкпір-түкпірінен келген әріптестеріміз өнері мен білім-білігін паш етті. Байқауға қатысуға жүзден астам қызметкер өтініш білдіріп, оның жиырма бесі финалға жолдама алды. Абай атамыз адамгершілік, білім, өнер сияқты адамның асыл қасиеттерін әрдайым дәріптеп өткен. Оның "Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей" деген өлең жолдары – біз үшін әрқашан үлгі. Бұл сөздер компаниямыздың құндылықтарымен үндеседі",  – дейді "Қазақтелеком" АҚ Бас әкімшілік директоры Ержан Мейрамов.

Бес номинация бойынша ұйымдастырылған байқауда "Қазақтелеком" қызметкерлері Абай шығармашылығынан түйген ойлары бойынша Reels видеолар түсіріп, ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқыды. 

Абайдың асыл мұрасын кәсіби актерлерден де кем орындамаған инженерлер мен менеджерлер көрерменді актерлік шеберлігімен тәнті етті. Бұл аталымда Камила Жұмалиева жүзден жүйрік шықты.

"Абайдың бай мұрасын, өлеңдерін, әндерін жоғары деңгейде орындап, көрермен назарына ұсыну компанияның алға қойған мақсаттарының бірі деп білеміз. Бұл – Абайға, қазақтың бас ақынына көрсеткен құрмет", – деп атап өтті байқауға қазылық еткен Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Қайыржан Рахымжанов. 

Ал "AI көмегімен қазақ тілін үйренудегі үздік тәжірбие" аталымы бойынша сынға түскен қатысушылар тіл үйренуде, соның ішінде Абай шығармаларында кездесетін теңеулерді, күрделі сөздерді түсінуде жасанды интеллектіні қолдану жолдарын көрсетті. Қатысушалыр Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін жасанды интеллект арқылы оқып жүргенін айта келе, "Абай маған мотивация береді, ал жасанды интеллект оны түсінуге жол ашады" дейді.

Ал ақын кейіпкерлерін цифрлық технологиялар арқылы "тірілтіп", Абай болып "сөйлеткен" мамандар тапқырлығымен, жаңа технологияларды жоғары деңгейде меңгеруімен сүйсінтті.  "Нейрожелінің көмегімен Абай өмірі мен шығармышылығынан алынған фрагменттердің үздік аниматоры" аталымында қатысушылар Divi AI, Midjourney, ChatGP палтформалары арқылы ақынның "Ескендір", "Қансонарда бүркітші шығады аңға" сынды өлең-поэмаларының кейіпкерлерін анимация тілінде шебер сөйлете білгенін әділ қазылар алқасы да жоғары бағалады. 

"Қазақ прозасының білгірі" аталымы бойынша финалға шыққан төрт қатысушы Абайдан бастап Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Ғабит Мүсірепов сынды қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алған классиктердің шығармаларынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, қазақ әдебиетінен білімін паш етті. "Барлық білім – кітапта" қағидасына сәйкес, бұл аталымның екінші кезеңінде байланыс саласының қызметкерлері өзі оқыған іскерлік әдебиеттердің бірін таныстырып, жұмыста және өмірде қалай кәдесіне жаратып жүргенін баяндап берді.

 "Бүгінгі байқауда қазақ жастарының Абайды түсінуі, Абайды жатқа оқуы, тіпті сахнаға шығып, оны жеткізуі қуантып отыр. Байланыс саласы қызметкерлерінің Алаш әдебиетінен, қазақ прозасынан, бүгінгі әдебиеттен хабардар екені қуантты. Тіпті орыс ұлтының өкілі де қазақша еркін сөйлеп тұр. Осыған қарап қазақ тілінің болашағы жарқын деп білемін. Бүгінгі байқауда қатысушылардың технологияларды, нейрожүйелерді пайдалануы, әдемі фрагменттер түсіруі таңғалдырды. "Қазақтелекомның" бүгінгі іс-шарасы, сахналық қойылымдары, номинациялары жоғары бағаға лайық", – дейді абайтанушы ғалым, профессор Зейнехан Күзекова.

Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 25 шілдеде Президент орталығында "Қазақтелеком" қызметкерлерінің жыл сайынғы "KT Crowth Forum" корпоративтік форумы аясында өтті. Салтанатты рәсімге "Қазақтелеком" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бағдат Мусин, ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, "Қазақ тілі" халықаралық қорының президенті Рауан Кенжеханұлы және басқа да құрметті қонақтар қатысты.

қазақтелеком

Байқау қорытындысы бойынша Абай шығармаларын мәнерлеп оқу сайысында Камила Жұмашева, "Қазақ прозасының білгірі" сайысында Ғазиз Байжігіт жеңімпаз атанса, "AI көмегімен қазақ тілін үйренудегі үздік тәжірбие" аталымында Максим Федоров, "Абай. Қазақтелеком. Менің жұмысым. Менің Абайдан үйренгенім" тақырыбында жұмысшы мамандықтар қызметкерлері арасында үздік рилс" аталымында Николай Щегельский,   "Нейрожелінің көмегімен Абай өмірі мен шығармышылығынан алынған фрагменттердің үздік аниматоры" аталымында Жанерке Әуесбекова жүлделі бірінші орынға ие болды.

қазақтелеком 2

Финалға дейін жеткен өзге қатысушылар да Абайдың мәдени мұрасына деген терең құрметі, шығармашылық көзқарасы мен және жоғары деңгейде орындағаны үшін лайықты бағаланды.

қазақтелеком

Байқауға қатысушылардың барлығы құрмет грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетерлігі, шара алдында қойылған "Адамзаттың Абайы" атты пролог та көрерменді бір сәт терең ойға батырды. Сахнада Абай болып үн қатқан актерлерді "Қазақтелекомның" қатардағы қызметкері емес, құдды кәсіби актер дерсің. 

қазақтелеком

Ұлы ақынның 180 жылдығы қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінен шығып жатқан қалың дүбірге байланыс саласының қызметкерлері осылайша үн қосты. Айтулы шарадан Абайдың бай мұрасы техниктің де, инженердің де, менеджер мен есепшінің де өмірлік бағдаршамы екенін аңғара түскендейміз.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 28 Шілде, 2025 13:04
Талқылау
`