Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сүт қосылған шай ішіп, Күнге қарап табынады": Қазақстанда шектеу қойылған "Алля Аят" діни-мистикалық ұйымы ауыл халқын үрейде ұстап отыр

Алля Аят діни-мистикалық ұйымын қалаушы Фархат Абдуллаев пен әйелі НинаФото: Stan.kz коллажы / “Алля Аят” немесе “Фархатшылар” діни-мистикалық ұйымын қалаушы Фархат Абдуллаев пен әйелі Нина

Ресейде экстремистік ұйым деп танылып, ондаған адамның өліміне себеп болған "Алля Аят" немесе "Фархатшылар" діни-мистикалық қозғалысына Қазақстанда да шектеу қойылған. Дегенмен Алматы облысы Шонжы ауылының тұрғындары "қажылық жасау орны" деп саналатын жерге көктем және күз айында келетін зияратшылардың қарасы көп екенін айтады. Stan.kz тілшісі жергілік ауыл халқымен сөйлесті және осы бағытта өңірлік дін істері басқармасынан ұйымның қызметін туралы сұрап білді.

“Құдай” орнына келген шопыр”

Қазақстанда 1990-жылдары пайда болған "Алля Аят" діни-мистикалық ұйымы өзін "жаратушы" деп жариялаған ауыл шопыры Фархат Абдуллаевтың іліміне негізделген. Ол күндердің бір күні өзі жоғарыдан ілімнің келгенін айтып жар салады. Сөйтіп күн сәулесі мен тұз қосылған шай арқылы кез келген аурудан айығуға болады деп сендіріп, дәстүрлі медицинаны толығымен жоққа шығарған.

Терроризмге қарсы комитеті бұған дейін "Алля Аят" ұйымының әрекеті салдарынан зардап шеккен адамдар саны аз емес екенін атап өтті. 2000 жылдан бері тек Солтүстік Қазақстан облысында ғана осы әдіспен “емделгеннен кейін” екі адамның қайтыс болғаны тіркелген.

Петропавл қаласының 1-типті қант диабетіне шалдыққан тұрғыны инсулинге тәуелді бола тұра, ағым жақтастарының ықпалымен инсулин қабылдаудан бас тартып, үш күннен кейін көз жұмған. Тағы бір Петропавл тұрғыны – онкологиялық ауруға шалдыққан әйел ұзақ уақыт бойы "Алля Аят" әдісімен емделіп, дәстүрлі медициналық көмектен бас тартқан. Соның салдарынан денсаулығы күрт нашарлап, ауруы асқынған.

2006 жылы Астана қаласының прокуратурасы "Алля Аят" сеанстарына қатысқаннан кейін адамдарда алғашқы психоз белгілері пайда болғанын, бұрынғы психикалық аурулардың асқынғанын анықтаған.

2007 жылы Қостанай облыстық психиатриялық ауруханасына үш адам сандырақтап келген. Олар Күнге "ұшуға" дайындық жүргізіп жүргендерін айтып, көп уақытын арнайы кодтармен дәптерге жазып, кейін оны өртеуге арнаған. Туыстары бұл адамдардың өзін өртеп өлтіруге дайындалып жүргенін айтқан.

Сол жылы Абдуллаевтың өзі де дүниеден өтті. Алайда сектаның қызметі тоқтаған жоқ, себебі ілімін кейін жұбайы Нина жалғастырып, ары қарай ізбасарлары Алматы облысындағы Шонжы ауылында "қажылық" қабылдауды жалғастырған. Секта мүшелері Күнге ұзақ қарау, "эткен шай" ішу және тылсым "формулаларды" қайталау арқылы жазылуға болады деп сенеді. 

"Звезда Селенной" деп аталатын халықаралық ақпараттық-публицистикалық журналдың 2002 жылы шыққан №1 санында діни-мистикалық мазмұндағы дүниелер ашық түрде жарияланған. Бұл журнал негізінен өзін рухани-энергетикалық бағыттағы басылым ретінде танытып, сол кезде қоғамда резонанс тудырған "Алля Аят" қозғалысының идеологиясын таратумен айналысқан.

"Құдай шынымен үстем бе? Егер ол көк пен жерді жаратқан болса, онда Құдайдың өзін кім жаратты?.." деген тіркестер берілген.

алля Нина ана Создатель Фархат дада
алля аят 37 40 6 8 10
алля Ляззат Селенной
алля уйгур аят алля

Бұл формуланы жазуда бірнеше маңызды шарт бар:

  1. "М" әрпі – тек бас әріппен жазылады, орыс тілінің ережесіне сай.
  2. "7" санындағы көлденең сызықша мен "й" әрпінің үстіндегі нүкте – қойылмайды. "Алля" – жаңа туған нәресте деген мағынада түсіндіріледі.

Кітапта сонымен қатар Фархат дада (немесе Фархат ата) Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылында өмір сүрген адам екені айтылады. "Өмір формуласы" оған жұбайы Нина ана арқылы берілген деп көрсетілген. "Аят" – Күннің энергия ағыны, Жаратушы арқылы басқарылатын күш. Ай сайын 1-і мен 18-і күндері бұл ағымның "шәкірттері" жиналып, арнайы рәсімдер өткізеді. Бұл дәрісіз және аурусыз өмір сүру жолы ретінде ұсынылады деп журналда жазылған. Журналда формуладағы сандар мен сөздердің мағынасы арнайы түсіндірілген. Онда: 6 саны – Фархат пен Нинаның алты баласын білдіреді, 8 – шексіздік пен отбасы үйлесімінің символы ретінде қарастырылады (Нина ана, Фархат дада және алты бала), 10 – жаратушының күші ретінде түсіндіріледі, мұндағы 1 – бірінші, яғни жаратушының өзі, ал 0 – Күннің белгісі ретінде берілген. Сонымен қатар "Ляззат" – махаббат ұғымын, "Селенная" – таза сананың аймағын білдіреді деп жазылған. "Ұйғыр" сөзі жаңа мидың иесі, жаңа өркениет өкілі ретінде сипатталған.

Сонымен қатар олар "Звезда Селенной" атты журналды денеге басу арқылы да аурудан айығамыз деп сенеді. Ресейде бұл журналдың жеті саны экстремистік деп танылып, таратылуына тыйым салынған. Журнал алғаш рет Новосібірде жарық көріп, осы қала сектаның ірі орталықтарының біріне айналды. Онда емдік қасиет жаңа нөмірде ғана сақталады деп сендірілген. Әр басылым күніне бірнеше рет оқылуы керек, өйткені бұл да міндетті рәсімдердің бірі болып саналған.

Звезда Селенной атты діни-мистикалық журналдың сандарыФотоколлаж: Stan.kz / “Звезда Селенной” атты діни-мистикалық журналдың сандары

Ауыл тұрғындарының сөзіне сенсек, сектаның қызметін марқұм "Фархат-атаның" балалары қадағалайды. Олар негізгі табысты Шонжыға келетін зияратшылардан табады. Келушілерді "жаратушының" үйінде еденге төселген шіріген матрастарға жатқызады. Тұру бағасы салыстырмалы түрде арзан – тәулігіне 600 рубль (4 мың теңге). Бірақ қалтадан ақша сыпыру сол кезде басталады: карманы тазарту, қанды тазарту, түрлі "ритуалдар" мен тіпті душ қабылдау секілді қызметтерге ақы алынады.

Қауым үшін табыстың жеке бір көзі тамақтану болған. Алайда ол жергілікті бағалармен салыстырғанда өте қымбат. Тағам әзірлеу санитарлық талаптарға сай келмегендіктен, бұл сапардан соң тамақтан уланып қайтатындар жиі кездеседі. Бірақ, әрине, ешқайсысы дәрігерге жүгінбейді. Өйткені секта мүшелерінің айтуынша, құсу арқылы іштегі "теріс қуатты" шығарады-мыс. Әдетте, ауылға "қажылық" етуге барған әр адам кем дегенде 40-60 мың рубль (269 600 теңге – 404 400 теңге) жұмсайды. Бір уақытта "жаратушының" үйіне шамамен 300 адамға дейін қабылданған екен. 

Фархат атаға келушілер әткен шай мен күнге қарап табынулары керек (1)Фото: Stan.kz коллажы / 1-сурет Ресейдегі ізбасары Михаэль Паскевичтің желідегі парақшасынан

"Алля Аят" дәстүрлі діндерді де, ресми медицинаны да жоққа шығарады. Ізбасарлары иконалардан, Інжіл мен Құраннан бас тартуға, дәрі-дәрмек қолданбауға міндеттеледі. Бұл ұйымға кірген кей адамдар өз еркімен немесе секта қысымымен балалары мен жақындарын да емделуден бас тартуға мәжбүрлеген.

2019 жылы Ресейдегі Самара облыстық соты "Алля Аят" діни тобының өңірлік бөлімшесін экстремистік деп танып, оның қызметіне тыйым салды. Бұған дейін де Ресейдің бірнеше қаласында ұйымның бөлімшелері жабылып, журналдары экстремистік басылым деп танылған еді.

Қазақстанда бұл ұйым экстремистік немесе террористік ұйымдар тізіміне ресми түрде енгізілмеген. Алайда 2008 жылы Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты "Алля Аят" қоғамдық бірлестігін тарату туралы шешім шығарған. Яғни Қазақстан аумағында бұл ұйымның қызметі ресми түрде тоқтатылған.

"Қорқамыз": Шонжы тұрғындары әлі күнге дейін секталық ағымнан үрейленіп отыр

Бір қарағанда, өлкенің тыныс тіршілігі бірқалыпты болғандай көрінеді. Бірақ мұнда жыл сайын көктем мен күз келгенде ерекше қозғалыс байқалады. Көрші елдерден адамдардың ағылып келуі, орталық көшелерде беймәлім тұлғалардың көптеп жүруі және бір қарағанда түсініксіз әрекеттердің бәрі ауыл тұрғындарын көп жылдан бері алаңдатып келеді.

Редакциямен ашық сөйлесуге келісім берген бірнеше ауыл тұрғыны (қауіпсіздік үшін аты-жөндерін көрсетпеуді өтінді) осы қозғалысқа қатысты өз естеліктерін бөлісті. Олар ұйымның сырт көзге байқалмайтын, бірақ жүйелі түрде ұйымдастырылған әрекеттері туралы айтып берді. Ресейден ағылатын меймандар, арнайы рәсімдер, тыйым салынған заттар мен ритуалдардың бәрі ауыл шындығының бір бөлігіне айналып үлгерген.

2015 жылы Шонжыдағы мектептердің бірін бітірген Айдана (аты өзгертілген) бүгінде қалада тұрады. Бірақ өткенді еске алғанда, бойын әлі де үрей билейді. Өзінің аты-жөнін атамауды өтінген ол сол жылдары ауылда не болып жатқанын былайша еске алады.

"Мектепте оқып жүргенімде көктем мен күз сайын ауылдағы тыныс-тіршілік сәл өзгеріп кететін. Көшеде, әсіресе, базар мен орталық алаңда өзімізге ұқсамайтын, сырттан келген адамдар жүретін. Түрлері көбіне Ресейден келгендер сияқты, киім киістері де бөлек. Олар ауылда бір-екі апта жүріп, кейін ғайып болатын. Ауыл ішінде бәрі олардың Фархат ата деген адамның үйіне баратынын білді. Ашық айтпасақ та, ішіміз сезетін. Сырттан келетіндердің саны жыл сайын көбейіп жатты", – деді Айдана.

Фархат атаның ізбасарларыФото: Ресейдегі ізбасары Михаэль Паскевичтің желідегі парақшасынан / “Фархат атаның” ізбасарлары

"Бір әйелдің жағдайы өте ауыр болды..."

2016 жылы Шонжы медициналық колледжінде оқыған Мөлдір есімді қыз (аты өзгертілген) студент кезінде ауылдық жерде әлеуметтік зерттеу жұмысына қатысқан. Қазір де сол ауылда тұрады. 

"Біз студент кезімізде ауылда үй-үйді аралап, тұрғындардың денсаулық, тіркеу, әлеуметтік жағдайын анықтап жүрдік. Бір үйге кіргенде, көз алдымызда селкілдеп жатқан орыс әйелді көрдік. Жанындағылар "тазалау жүріп жатыр" деді. Ол кісі қатты әлсіреген, тіпті сөйлей алмай жатты. Бірақ дәрігерге апаруға ешкім асықпады. Сектадағылар мұны "негатив шығару процесі" деп түсіндіреді екен. Ал менің көзімше ол адам көз жұмып кете жаздады", – деді Мөлдір.

Айтуынша, қазіргі күні де келушілердің қатары сиреген емес.

"Күзде келушілер саны тіпті көбейіп кетеді. Жол бойында, әсіресе Шонжыға кірер тұста ресейлік нөмірлері бар көліктер тұрады....", - деді Мөлдір.

"Олар Күнге ғана емес, ағашқа да табынады"

Шонжы ауылында туған әрі сол жерде тұратын тағы бір тұрғын – Еркін (аты өзгертілген). Оның отбасы Әбдіразақ Қасымбеков көшесінде, бұрынғы Ж.Құдайбергенов мектебінің қасында тұрады. Ауылдағы ескі сөздер мен үлкендердің айтқандарын жинақтап, ол өзінің де байқағандарын бөлісті. Бала күнінен бері ауылда болып жатқан секталық әрекеттерді сырттай бақылап жүргенін айтады. Қазір де бұл туралы ашық айтудан қорқады. Еркіннен қазір үйдің қай жерде екенін нақты білу үшін фотоға түсіп беруді сұрадық.

Фархатшылар ұйымының жиналатын жеріФото: Оқырманымыздың жеке архивінен

"Біздің көше солардың негізгі жүретін бағыттарының бірі. Қазір көпшілігі ұмыта бастаған шығар, бірақ біз үшін ол жағдайлар күнде көріп жүрген нәрсе. Әсіресе, көктем мен жазда Ресейден, Қырғызстаннан, тіпті алыс аймақтардан адамдар келіп жатады. Қазақтар мен жергілікті ұйғырлардан бұрын, сырттан ағылып келетіндер көбірек. Олар Фархат атаның үйіне тікелей барады, одан шыққан соң, өзара үнсіздікпен тарап кетеді. Былай қарасаң, діни рәсімге қатысып шыққандай", – деді Еркін.

Еркіннің айтуынша, бұрын бұл жолды тікелей Фархат ата мен Нина есімді әйел басқарған. Қазір сол "жолды" олардың баласы мен Ресейдегі өкілдері жалғастырып жатқаны жайлы сөз тарап жүр.

"Ауылда үлкендердің әңгімесінен еститінім бұл ұйым тек Шонжыда емес, тау жақтағы Қырғызсай мен Сүмбе, Кетпен сияқты ауылдарда да "тазарту рәсімдерін" өткізіп отырған. Жақында тағы біреу айтты, олар Күнге ғана табынып қоймай, таудағы бір ағашқа барып, соны құшақтап, "қуат аламыз" дейді екен. Меніңше, бұл тіпті өздері айтып жүрген Құран аяттарына да қайшы. Бұл ашық пұтқа табынушылық", – деді Еркін.

Еркіннің айтуынша, ауыл ішінде олардан зардап шеккендер де бар. Алайда көбі сектаның жұмбақ, әрі тылсым әрекеттерінен сескеніп, бұл туралы ашық айтуға батпайды. Мұндай үнсіздік, кейде қауіпті діни ағымдардың тамыр жаюына жол ашып жатады дейді ол. 

Дегенмен Алматы облысы дін істері басқармасы "Фархатшылар" деп аталып кеткен топтың бар екенін растағанымен, оларға келушілердің туристік мақсатта ғана келетіні туралы жауап бергені алаңдатарлық. 

"Ұйғыр ауданында "Алля Аят" діни-мистикалық ұйымының белсенділігі қазіргі таңда едәуір төмендеген. "Емделу" не діни сенім мақсатында жүгінетін азаматтар саны азайғанымен, ұйымның қызметі толық тоқтағаны тіркелмеген. Ұйымның негізін қалаушылар Фархад Абдуллаев пен жұбайы Нина қайтыс болғаны анықталған. Соған қарамастан, олардың кейбір жақтастары бұрынғы тұрған жері Шонжы ауылына "энергия көзі" ретінде қарап, туристік мақсатта барып тұрады. "Алля Аят" тарапынан белсенділік болмағандықтан, арнайы тексерулер жүргізілмейді, бірақ ұйымның қызметі бақылауда", – деп жауап берді Алматы облысы дін істері басқармасы.

Алматы облысында ұйымға қызығушылық төмен, халық арасында сенім жоқ, дейді дін істері басқармасы. Олардың айтуынша, қазір діни рәсімдер мен емдік тәжірибелер жүргізілмейді, Абдуллаевтың үйіне бару тек туристік сипатта. Ал ақпараттық-түсіндіру шаралары жүргізілмейді екен.

Ресейде экстремистік ұйым деп танылып, ондаған адамның өліміне себеп болған бұл ұйымның Қазақстанда неге экстремистік деп танылмағаны қоғам тарапынан әділетті сауал туындатады.

"Биыл діни радикализмге қарсы 10 мыңнан аса дәріс ұйымдастырылған"

Осы орайда біз елімізде радикалды діни идеологияға қарсы қандай нақты шаралар қолға алынып жатқанын біліп көрдік. Ішкі істер министрлігі діни радикализм бойынша тиісті жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Министрлік өкілдерінің көзінше, құқықбұзушылықтардың, соның ішінде діни радикализмнің алдын алу мақсатында мектептерде құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған дәрістер өткізіліп келеді. 

Ал Алматы облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті елде терроризм мен экстремизмнің алдын алу бағытында жұмыстар жайлы айтып, былтыр еліміздің екі аймағында террористік актілердің жолы кесілгенін жеткізді. 

"Былтыр Ақтау қаласы мен Алматы облысында екі террористік актінің жолы кесілді. Радикалды идеяларды тарататын тұлғаларды анықтау бойынша жұмыс Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жедел-іздестіру және қарсы барлау іс-шараларын жүргізу арқылы жүзеге асырылады", – деп жауап берді Алматы облысы ұлттық қауіпсіздік қызметі.

Сөз соңында дінтанушы Әл-Фараби Болатжан да радикалды және деструктивті діни ағымдардың мәнін түсіндіре отырып, бұл құбылыстардың адам санасына қалай әсер ететінін де түсіндіріп өтті.

Оның айтуынша, радикализм – қоғамды түбірімен өзгерту қажет деген көзқарасқа негізделсе, экстремизм – діни алауыздық тудырып, заңды конституциялық құрылымды жоққа шығару әрекетімен көрінеді. Ал терроризм халық арасында үрей мен қорқыныш туғызу мақсатында жасалатын зорлық-зомбылық түрі ретінде бағаланады.

"Мұндай көзқарастардың таралуын себебі надандық, манипуляцияға бейімділік, сыни ойлаудың болмауы, кейде экономикалық жағдайдың нашарлығы да "жағымды" алғышарт болуы мүмкін.

Деструктивті ағымдардың белгілері:

– зайырлы сипаттағы мемлекетті мойындамау

– мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік

– басқалардың өзгешелігіне төзімсіздік

– ой өрісінің тарлығынан ғылыми жетістіктерді мойындамау

– алауыздық қоздыру екенін атап өткім келеді", – деп түсіндіндірді Әл-Фараби Болатжан.

Дінтанушының айтуынша, адамдар деструктивті діни ағымдарға көбінесе экзистенциалдық дағдарыс кезеңінде бейім болады. 

"Бұл адамның өмірлік мән мен мақсатын жоғалтып, ішкі күйзеліс пен тығырыққа тірелетін сәті. Мұндай кезеңде адам жалғыздықты, түңілуді, болашақтан үміті үзілгенін сезінуі мүмкін. Осы кезде олар өзіне қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беретін орта немесе тұлғаны іздейді. Деструктивті ағым өкілдері дәл осындай әлсіз сәттерді тиімді пайдаланып, "жылы сөзбен", "қамқорлықпен", кейде тіпті материалдық көмек көрсету арқылы сенімге кіреді. Бастапқыда бұл ұйымдар адамға пана мен мән табуға көмектесетіндей көрінуі мүмкін. Олар оған “шындықты тек біз білеміз”, “біздің қатарымызға қосылсаң, өмірің өзгеріп, жан тыныштығына жетесің” деген тәрізді уәделер береді", – деді дінтанушы. 
STAN.KZ
Бейсенбі, 31 Шілде, 2025 15:51
Талқылау
`