Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сен еркек емессің бе?"деп жазады": Құрылысшы жігіт өзінің қалай аспазшы болып кеткенін айтты

Өзі әнші, актер, кинотанушы, бір сөзбен айтқан, сегіз қырлы, бір сырлы Оразбай Сайлаубай қамырдан дайындалатын тағамның барлық түр-түрін біледі екен. Айтуынша, ол тіпті аспазшы боламын деп ойламапты. Шалғайдағы ауылдан Нұр-Сұлтан қаласына келген ол құрылысшы болып жұмыс істеген. Қара жұмыста жүріп ас үй тірлігіне не себептен келгенін Сайлаубай Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне әңгімелеп берді.

аспаз бала
–    Әр адам аспазшы бола бермейді деп айтады ғой. Бала кезден ас пісіру арманың ба еді? 

–    Аспазшылыққа табыс табу үшін келгенмін. Бірақ қазір мамандығыма айналды. Оқуға балым жетпей, Астанаға жұмыс істеуге келдім. Құрылыста таңертең сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін «барып кел, шауып кел» болып жұмыс істедім. Күл-қоқыс, ауыр цемент пен тасты тасып жүріп күніне  3000 теңге ғана алатынмын. Бізді құрылысшыларды қайда жұмыс болса сол жаққа жіберетін. Астанада жаңа салынып жатқан бизнес орталығына барып, бес-алты күндей істедік. Сол жақта тұратын орыс апайды көріп қалатынбыз. Өзі қазақша судай біледі. Сол кісі бізбен анда-санда әңгімелесіп тұратын. Бір күні құрылыстан қанша табатынымызды сұрап және біз сияқты жастарға ауыр жұмыстан кетуге кеңес берді. Сөйтіп құрбысының қасына көмекші керек екенін айтып қалды. Біз де келісе кеттік. Біз болғанда сыныптасым, мен және жиенім үшеуіміз болдық. Ал жаңағы бас аспазшы апайдың жанына керегі екі адам. Сонымен арамызда ақылдасып көмекшілікке екеуі баратын болып, мен құрылыста қалдым. Кешке жұмыстан шаршап келсем, әлгі екеуі жұмыстың рахатын айтты. Қатты қызықтым, - дейді Оразбай. Дегенмен бірде реті келіп, әлгі кісінің қасына көмекші болып жұмысқа тұрыпты. Жас жігіттің қызығушылығы мен пысықтығын көрген жұмыс беруші оған аспаздықтың қыр-сырын үйреткен.  

–    Көпшілікке ән айтып тұрып ас әзірлейтін жігіт болып танылдың ғой. Өзіңді инстаграм арқылы көрсеткің келген бе еді?
–    Мен инстаграм арқылы танымал болайын деп еш ойламадым. Әшейін тамақ жасап жатып ән айтқан видеомды сала салғанмын. Сол видео бір түннің ішінде бүкіл танымал пабликтерге тарап кетіпті. Осыдан кейін-ақ парақшамды көп адамдар іздей бастаған. Маған оқырмандар да келе бастады. Сол кезде «ары қарай осылай неге парақшамды жүргізбеске?» деген ой келді. Содан бастап оқырмандармен өзім жасаған тағамдардың жасалу жолдарымен бөлісе бастадым, - деген жігіт ән айту сүйікті хоббиі екенін жеткізді. Өнерден ауылы алыс емес Оразбай Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер университетін «Кинотанушы» мамандығы бойынша тәмамдаған екен. Ал Инстаграмда оқырмандарының көбейіп, танымал болып кетуі - аяқ астынан болған нәрсе.

–    Жалпы ас үйде жұмыс істейтін жігіттерге көп қазақ қырың қарайды ғой. Яғни, ас үй - еркектің жүретін орны емес деп. Мұндай көзқарасқа не айтар едің?
–    Аспаз болып жүрсің деп айтатындар жоқ емес, бар. Кейде адамдар «Сен еркек емессің бе?», «Не істеп жүрсің мұнда» деп пікір қалдырып, не болмаса жекеме хат жазып жатады. Бірақ ондай пікірлерге қазір етім үйреніп қалды. Аса назар аудармаймын. Өйткені мен өз адал еңбегіммен ақша тауып жүрмін. Ондай кісілерге Абай атамыздың «есектің артын жусаң да адал еңбекпен, адал ақша тап» деген сөзін айтқым келеді. Мен жұмыста ғана аспазшымын. Үйде тамақ пісіруге араласпаймын. Ертеңгі күні үйленіп жатсам, тамақты әйелім өзі істейді. Тамағын пісіріп беріп, кір жуып жүрмеймін. Кім не десе де айта берсін. Ең бастысы, отбасымды осы кәсібім арқылы асырап жүрмін. 

–    Қанша тағам түрін жасауды білесің?
–    Нақты санын айта алмаймын. Қамырдан жасалатын тағамның барлығын білемін. Жиырма шақты тағам болу керек. Негізі өзім сүйіп жасайтыным – құймақ. Ол оңай әрі тез дайындалады. 

–    Әдемі даусың бар. Әнші болуға қалай қарайсың? Әлде таңдауың аспазшылыққа түсіп тұр ма? 
–    Әнші болуға құлшынысым өте жоғары. Ұсыныстар түсіп жатса, одан бас тартпас едім. Өнер адамы болу кішкентай кезімдегі арманым. Актер болсын, не әнші болсын өнердің отымен кіріп, күлімен шыққым келеді. Сахнаға шығып жатсам, аспазшылықтан толығымен бас тартамын деп айта алмаймын. Өйткені тамақ жасап кәдімгідей үйреніп қалдым. Былай айтқанда аспазшылық та өнер. Егер екі мамандықтың біреуін таңда десе, аспазшылықты таңдайтын шығармын. Өйткені өмір бойы ән айтып жүре бермейсің. Оның да таусылатын жері бар. Ал аспаз болсаң, адамдарға пайдаң тиеді. Жалпы аспазшылық - өмірлік мамандық. Түбі осы мамандықта қалатын сияқтымын. Өйткені ішімдегі қалауым сол, - деген жігіт болашақта өзінің жеке кәсібін дөңгелетуді армандайды. Қазіргі уақытта оған дайындықты бастап кетіп, мейрамхана тағамдарын жасауды үйреніп, білімін шыңдап жүрген көрінеді. 

–    Өзіңе хабарласқанымда жұмыстан босамайтыныңды айтқан едің. Қанша сағатыңды ас үйге жұмсайсың?

–    Біз де кәдімгі адамдар сияқты жұмыс істейміз. Таңертеңгі сағат 07:00-ден кешкі алтыға дейін  уақытымыз асханада өтеді. Шаршайсың ба деп сұрасаң, жоқ дер едім. Өйткені жұмысымды сүйіп істеймін. Әнімді де айтамын, адамдардың қарнын да тойдырамын. 

–    Қанша табыс табасың?
–    Қазіргі тауып жүрген табысым өзіме жетеді. Бірақ барлығымыз жақсы табыс табуға ұмтыламыз ғой. Соған орай әрекет етіп жүрмін. 

Талқылау