Абай облысында инвестициялық форум басталды
Семей қаласында "Туған жерге туыңды тік" атты инвестициялық форум өз жұмысын бастады. Ауқымды шара түрлі сала мамандары мен шетелдік меймандарды бір алаңға біріктіріп, өңірдің әлеуетін таныстыруға және нақты жобаларды талқылауға мүмкіндік берді.
Форум аясында қатысушылар Абай облысының әлеуметтік-экономикалық даму келешегіне қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Облыс әкімі Берік Уәли өзінің баяндамасында Семей қаласында бой көтеретін жаңа әкімшілік-іскерлік аудан жобасын қайта таныстырды. Бұл бастама урбанистика, инвестиция және инфрақұрылым салаларындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.
Шарада бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне баса назар аударылды. "KAZ Minerals Management" ЖШС басқарма төрағасы Эльдар Мамедов компанияның өңірде іске асырып жатқан бірқатар әлеуметтік жобаларына тоқталды.
“Біз өңір әкімдігімен бірлесіп ауруханаларды жөндеу және жабдықтау, балаларды оңалту орталығын қолдау, спорт интернатына көмек көрсету, Аягөз ауданында жатақхана салу, Бейбітшілік аралындағы балалар темір жолын жаңғырту, сондай-ақ Семейдегі көпір астындағы кеңістікті абаттандыру сынды бастамаларды қолға алдық”, – деді ол.
Сонымен қатар, компания жас ұрпақ тәрбиесі мен кадр даярлау ісіне де айрықша мән беріп келеді. KAZ Minerals пен мүдделі тараптардың қолдауымен Семей қаласында еліміздегі үздік оқу орындарының бірі саналатын IT-лицей ашылған. Бүгінде онда 2 мыңға жуық оқушы білім алуда.
“Сондай-ақ біз футболды дамыту бастамасына қолдау білдіріп, басқа тараптармен бірлесе отырып Семейде жаңа стадион салу ісіне қатысуды жөн көрдік. Бұл нысан спорт сүйер қауымға ғана емес, мәдениет, туризм, концерттер мен түрлі форумдарды өткізуге арналған заманауи орталыққа айналады деген сенімдеміз. Бүгін қол қойылған меморандум – KAZ Minerals Тобының өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған кезекті қадамы. Семейдегі стадион құрылысы – спорт инфрақұрылымын дамытудағы ең ірі жобалардың бірі. Біз бұл жобаны өңір дамуына серпін беретін маңызды бастама ретінде бағалаймыз. Осы тарихи оқиғаның бір бөлшегі болғанымызға қуаныштымыз”, – деп түйіндеді сөзін Эльдар Мамедов.
Айта кетейік, форум аясында бірқатар ынтымақтастық меморандумдары мен келісімдерге қол қойылып, кәсіпкерлік, инфрақұрылым, білім беру және әлеуметтік саладағы жаңа бастамалар талқыланып жатыр.

"Мүгедектер мен аурулар саны артып келеді": Бір аптадан бері түтінге тұншығып отырған атыраулықтар дабыл қақты
