Абай облысында перзентханаға өз аяғымен барған жүкті әйел ауруханада көз жұмды
Абай облысында жүкті әйел босану кезінде көз жұмды. Құрсағындағы сәби де шетінеп кеткен. Марқұмның жолдасы әйелге екпе салынып, соның салдарынан ажал құшты деп отыр. Жұбайынан қапыда айырылған азамат қайғылы жағдайға дәрігерлерді кінәлайды. Қазір оқиғаның нақты себебін арнайы құрылған комиссия анықтап жатыр. Полиция да іс қозғап, тергеуді бастап кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Үржар ауданының 34 жастағы тұрғыны Гүлнәр Қайратқызы толғағы жеткенде, аудандық ауруханаға өз аяғымен барған. Төртінші баласын босануға барған ананың сол кездегі денсаулығы да жақсы еді дейді күйеуі. Бірақ екі-үш күн өткен соң Гүлнар нәрестесімен бірге көз жұмды.
“Сол күні кешкі сағат алтыда барып едім, кіргізбей қойды. Кешкі сағат 21:00-де өздері емес, көршім арқылы қоңырау шалып, ауруханаға тез баруымды айтты. Ауруханаға барғанымда, дәрігерлер бір-біріне сілтеп, жолдасымның және нәрестенің өмірден озғандарын айтты. Аурухана басшылары мен дәрігерлердің біліксіздіктерінен жолдасымнан және сәбиімнен айырылып отырмын”, – деді марқұмның күйеуі Ұлан Балапанов.
Қара жамылған отбасы әйел бұрын-соңды денсаулығына шағымданбағанын айтады. Айтуынша, қайғылы жағдайдан кейін жұмысынан қуылған ақ халаттылар қайта қызметіне кіріскен.
“Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы ауданның бас дәрігеріне қатаң сөгіс жариялап, екі орынбасарын міндеттерінен шектеу туралы ғана жарлық шығарды. Бірақ мазақ қылғандай, ол екі орынбасары осы аурухананың орынбасары болып тағайындалды. Халық қайран қалып отыр”, – деді ер адам
Денсаулық сақтау басқармасы осы жағдайдан кейін аудандық ауруханаға мониторингтік топ жіберіп, қызметтік тексеріс жүргізген. Жедел штаб құрылып, еңбек кодексіне сәйкес, бас дәрігерге қатаң сөгіс жариялаған. Ал орынбасарлары жұмыстан босатылған дейді. Сондай-ақ полиция ана мен бала өліміне қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
“Қызметтік тексеру барысында әйелдің босану протоколына сәйкес жүргізілгені анықталды. Босану кезінде пайда болған асқынулар қайтымсыз салдарға әкелді. Қазір сот медициналық сараптамасының түпкі қорытындысы жоқ болғаннан кейін диагнозды түсіндіре алмаймыз”, – деді Абай облысы денсаулық сақтау басқармасы бөлім басшысының орынбасары Әсем Орынбаева.
Гүлнар мен Ұланның мектеп қабырғасында оқитын екі қызы мен бір ұлы бар. Үш баланы анасынан айырғаны үшін денсаулық сақтау министрі аудандық ауруханаларды тексеріп, өлімнің нақты себебін анықтасын деп отыр.