Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысында боранда жоғалып кеткен 8 жасар бала аман-есен табылды

Абай облысында боранда мал іздеймін деп шығып жоғалып кеткен Мерей аман-есен табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, бала Аягөз қаласының шетінен табылған.

“ТЖД бөлімшелері тұрақты орналасқан жерлеріне қайтты”, – делінген хабарламада. 

Белгілі болғандай Мерей Иманғали өзін іздеген адамдардың алдынан шыққан. Ол боранның кесірінен жолды көрмей, адасып қалыпты. Боран басылғаннан кейін ол өзін іздегендердің шамдарын көріп, сол бағытқа қарай жүре берген. Ақырында тәртіп сақшылары мен жергілікті тұрғындар елді мекеннің шетінде баланы кездестіріпті. Қазір бала ата-анасы тапсырылды. Оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

"Баланы іздеуге қатысқандардың барлығына алғысымды білдіремін"- деп айтты Абай облысы ПД бастығы Сұлтан Бектөре.

Полиция Мерейдің отбасымен түскен фотосын таратты. Сондай-ақ оған медициналық көмек қажет болмаған. 

Еске сала кетсек, 8 жасар Мерей бүгін таңертең атпен мал іздеуге шығып кеткен. Баланың кешке үйге келмегеніне алаңдаған ата-анасы өз беттерінше іздеу жүргізген, бірақ таба алмаған соң полицияға жүгініпті. 

Полиция баланы іздеу жұмыстарын дереу бастаған.15 минуттың ішінде полиция бөлімінің барлық жеке құрамы іздеуге шыққан. Полицейлерден басқа іздестіру жұмыстарына еріктілер, ауыл және аудан тұрғындары белсенді қатысты. 

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың тапсырмасы бойынша іздеу жұмыстарына Қазавиақұтқару тікұшағы қосылатыны айтылған. Сондай-ақ қорғаныс министрлігімен келісе отырып, 10810 әскери бөлімінің күштері іздеуге тартылды.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы 74 адам, 17 техника, 20 жылқы жұмылдырылды. Сондай-ақ ТЖД қосымша күштері жіберілді.

Талқылау