Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысындағы өрт: Экология министрлігі әлі шығын көлемін есептемеген

Экология министрлігі әлі Абай облысындағы өрттің шығын көлемін есептемеген. Бұл туралы Үкімет кулуарында ведомство басшысы Зүлфия Сүлейменова айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Әзірге апатты жою жұмыстары аяқталған жоқ. Екі аптадан кейін арнайы жұмыс тобы құрылып, өрт болған аумаққа барып, келтірілген шығын көлемін есептейді. Аймақ экологиясына қандай залал келгені жөнінде қандай да бір ақпараттар жарияланып жатқан болса, бұл адамдардың тұспалдап, жобалап айтып жатқандеректері ресми мәліметтер емес, – дейді министр.

Еске салайық, 9 маусымда Абай ауданында 30 мың гектарға жуық аумақты шарпыған өрт шыққаны белгілі болды. Алайда кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Сондай-ақ орман шаруашылығының 14 қызметкерімен байланыс үзілгені айтылды. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.

9 маусымда түн ортасына таман президенттің баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға сапарын кейінге қалдырып, Абай ауданындағы өрт аймағына ұшатынын хабарлады. Сондай-ақ президент Абайдағы өртпен күресу үшін бар мүмкіндікті пайдалануды тапсырды. Төтенше жағдайлар министрлігі 10 маусымға қараған түні Абайдағы өртті сөндіруге Алматы мен тағы төрт облыстан қосымша күштер мен құралдар жіберілетінін мәлімдеді.

"Семей орманы" табиғи резерватында болған ірі өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты.

Адамдардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

13 маусымда Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірдегі өрт алаңы айтарлықтай қысқарғанын мәлімдеді.

14 маусымда төтенше жағдайлар министрлігі орман өртінің толығымен ауыздықталғанын айтты.

Талқылау