Инфографика: Stan.kz
Қазақстандық компаниялардың акцияларына АҚШ-тың баж салығына қатысты жаңа тарифі қалай әсер етті?
2025 жылғы 2 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трам импорт тауарларға қатысты жаңа баж салығын енгізіп, 185 елге қосымша тарифті қолданатынын мәлімдеді. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Дегенмен АҚШ билігі баж салығына қатысты жаңа өзгерісті уақытша 90 күнге тоқтата тұрды және әр елмен жеке келіссөз жүргізіп жатыр. Мәлімдеме жасалғаннан бергі аралықтың өзінде кейбір компаниялардың акцияларында өзгерістер болған, ал кейбіріне бұл жаңалық айтарлықтай әсер етпеген. Stan.kz ақпарат агенттігі бұл өзгеріс қазақстандық ірі компаниялардың акцияларына қалай әсер еткенін және алдағы уақытта әсері болатын-болмайтынын білу үшін қаржы нарығын шолып шықты.
Ақ үйдің кестесі бойынша, Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарларға 27% мөлшерінде баж салығы салынады. Бұл – Орталық Азия елдері ішінде ең жоғары мөлшерлеме. Себебі Қырғызстанға, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Түркіменстанға және Арменияға бірдей 10% мөлшерінде баж салынған. Әр ел АҚШ тауарына қанша мөлшерде тариф қойса, АҚШ оларға қатысты баж мөлшерін соның 50%-ына тең етті. Мәселен, төменгі кестеде сол жақ бағанда АҚШ тауарына әр елде қойылатын тариф мөлшері, оң жағында АҚШ-қа сол елдерден келетін тауарға қойылатын тариф мөлшері көрсетілген. Ең төменгі тариф 10%-ға тең. Ең көп тариф – 50% баж салығы Лесотоға, Сен-Пьераға және Микелонаға салынды.
Ақ үй жасаған кесте
Қазақстанның сауда министрлігі де АҚШ-қа барып, баж мәселесін талқылайтынын, олармен бір келісімге келетінін жеткізді. Оған қоса ведомствоның мәлімдеуінше, Қазақстан экспортының 4,8%-ына ғана жаңа баж салығы салынады. Қалған заттарға – уранға, мұнайға және күміске баж салығы салынбайды.
Жеке қаржыны басқару бойынша консультант, қор нарығындағы инвестор Еркебұлан Әріпбайдың айтуынша, бұл өзгеріс қазірдің өзінде АҚШ аумағындағы акцияларға әсер етіп жатыр. АҚШ Қытайға 145%, ал Қытай жауап ретінде АҚШ-қа 125% баж салығын салды. Осылай, екі ел арасында “сауда соғысы” басталды.
“Бұдан көбіне Қытайда, Вьетнамда өндіріс жасайтын компаниялар үшін қиналуы мүмкін. Мысалы, киім өндірісіне, құрылғылар өндірісіне ықпалын береді. Қазір олардың тауарларының құны бірде түсіп, бірде көтеріліп, құбылып тұр. Қазақстан акцияларына да әсері бар, бірақ олардың қандай биржада саудаға түсетініне байланысты. АҚШ-тың, Лондоның биржасында саудаға түсетін акциялардың құны құбылып, соларға қатты әсер етеді. Ал шетелдің биржасында саудаға түспейтін, біздің елдегі сатылып-сатып алынатынын акцияларға атап айтарлық ықпалы жоқ. Оның үстіне, Қазақстанның саудадағы негізгі серіктесі АҚШ емес, Қытай, Ресей сияқты елдер”, – дейді Еркебұлан Әріпбай.
Десе де Еркебұлан Әріпбай ірі комниялардың акциясын сатып алатын инвесторлар мұндай хабарды естіген соң, уайымға салынатынын да жоққа шығармады. Осыған байланысты біз қаржы нарығын шолып, АҚШ биржасында саудаланатын және тағы басқа бірнеше қазақстандық ірі компаниялардың акцияларының құны қалай өзгеріп жатқанын қарап шықтық.
Kaspi.kz
Kaspi.kz – акциясы АҚШ биржасында саудаланатын компания. 2025 жылғы 19 ақпанда компанияның акциясының құны биылға ең көп мөлшерге – 54 680 теңге шамасына жеткен. Бірақ оның бағасы АҚШ президентінің жаңа заңға қатысты мәлімдеген күні біршама түсіп кеткен. Ал бүгін – 18 сәуірде, акция бағасы 46 150 теңге болып тұр.
“Бірақ Kaspi.kz акциясының бағасы баж салығы туралы хабарға дейін де құлаған. Оның басқа да себептері бар. Мәселен, компания дивидендтерін беруді тоқтатып жатыр. Оған қоса компания қаражатының көп бөлігін Түркиядан банк сатып алуға жұмсап жатыр”, – дейді Еркебұлан Әріпбай.
Инфографика: Stan.kz
Freedom
Freedom – АҚШ экономикасындағы өзгерістерге тәуелді компания. Жыл басында олардың акциясы 140 -147 теңге аралығында саудаланған еді. Қазір шамамен 20-25 теңгеге арзандап, 129,05 теңгеге тең болып тұр.
Инфографика: Stan.kz
“ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы
“ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясының акциясының құны биыл жылдың басында орта есеппен 13 840 теңгеге бағаланған. Дональд Трамп мәлімдеме жасаған күні ол 15 000 теңге еді. Компания акциясының бағасы қатты құбылып жатқан жоқ, мысалы бүгінде, 18 сәуірде акция 14 748 теңгеге сатылып жатыр.
Қор нарығындағы инвестор Еркебұлан Әріпбайдың сөзінше, бұл компанияның акциясының құны мұнай бағасына тәуелді. Мұнай қаншалық арзандаса, компанияның акциясының құны да соншалық төмендейді.
“Мұнайды неге айтып отырмыз? Сауда соғысы кезінде өндіріс айтарлықтай тежеліп қалады. Мәселен, бір елде бір зауыт аяқкиім шығарады делік. Бұрын ол зауыт АҚШ-қа 50 доллар төлеп, аяқкиімін алып кірсе, қазір тарифтің кесірінен үстінен тағы 70 доллар төлеуі керек. Яғни өндіретін тауар қымбаттайды, оған сұраныс азаяды. Сұраныс түскен соң, өнім аз сатылады, табыс аз болады, өндіріс шектеледі. Өндіріс шектелгенде коммуналдық, энергетика және тағы басқа салаларды да азырақ тұтынылады. Дәл осындай жағдай мыңдаған зауытты болса, энергетикаға, мұнайға сұраныс азаяды. Айтпағым, экономика суығанда мұнайдың бағасы да түсе бастайды. Осылай, Қазақстан компаниясына әсер ете бастайды”, – дейді сарапшы.
Инфографика: Stan.kz
Ал Қазақмыстың акциясы кейінгі бір күнде де, кейінгі бір жылда да 848-850 теңге аралығында бағаланып тұр. Атап айтарлықтай өзгеріс жоқ. Сарапшы Қазақстан биржасында өтімділік аз екенін, сол себепті акция бағалары әдетте тұрақты болатынын айтады.
Halyk Bank
1 сәуірде Halyk Bank-тың акциясы 314 теңге болған, бірақ 4 сәуірде оның құны төмендеп, 277 теңгеге тұрақтаған. Қазір банк акциясы 291 теңгеге саудаланып жатыр, яғни биыл шекті бағасына қайта жетпеген.
“Бірақ мұнда тағы бір ескеретін жайт бар. 27 наурызда банк акциясы 278 теңге болған. Бірақ дәл сол уақытта Halyk Bank беретін дивидендтері туралы айтқан соң, екі күннің ішінде акцияның құны 314 теңгеге жетті. Соның да ықпалы бар. Мысалы, сату-сатып алу деңгейіне қарасақ, әдетте орта есеппен бұл банктың 186 миллион акциясы саудаға түссе, сол күні 437 миллион акциясы саудаға түскен”, – дейді сарапшы.
Инфографика: Stan.kz
Air Astana
Air Astana-ның акциясы 725 теңгеге сатылып жатыр. Әуекомпания акциясының бағасы күніне 725-735 теңге аралығында, кейінгі бір жылда 695 теңге – 997 теңге аралығында құбылып тұрған. Яғни қазіргі уақытта 997 теңге деген шекті мөлшеріне жетпей тұр.
“Дегенмен акцияны ұзақмерзімге сатып алатын инвесторлар күнделікті өзгеріске қатты мән бермейді. Себебі әр екі-үш сайын Дональд Трамптың шешімі сияқты түрлі жағдай болып жатады. Оған қоса акция бағасымен ғана өлшенбейді. Компанияның тұрақтылығына, индексіне және тағы басқа маңызды факторлына да мән берген дұрыс”, – дейді Еркебұлан Әріпбай.

"Күн сайын 20 000 теңге беруге уәде берген": Қазақстандық азамат ИП-сін жалға беріп, алаяқтардың құрбаны болды
