Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

7 триллион теңгені аудару дерегі: Ұлттық банк өкілі заңбұзушылық белгілері анықталмағанын айтты

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов қазақстандық банктердің бірінен 7 триллион теңгеден астам қаржыны аудару туралы ақпаратқа пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Шолпанқұловтың айтуынша, айтылған сома барлық операцияның жиынтық көлемін білдіреді.

“Аталған 7 триллион теңге бұл жалпы айналым. Айналым деген не? Мысалы, мен сізге, сіз маған күні бойы 1000 теңгеден аударып отыруымыз мүмкін. Күн соңында жалпы сома қомақты болып шығады. Сол сияқты 7 триллион теңге тек айналым көлемі”, – деді Шолпанқұлов. 

Оның сөзінше, тексеріс әлі жалғасып жатыр және толық аяқталған жоқ. Дегенмен қазір реттеуші органдар елеулі заңбұзушылық белгілерін анықтамады дейді.

“Қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк аталған банкке қатысты тексеруді жалғастырып жатыр. Тексеру әлі біткен жоқ. Алайда алдын ала қорытынды бойынша айтарлықтай заңбұзушылық белгілерін көрмедік”, – деді Шолпанқұлов.

Ұлттық банк өкілі тексеріліп жатқан банктің атауын атаудан бас тартты.

“Оның атының не керегі бар? Қай банк екенін айту кейін артық әңгімеге себеп болуы мүмкін. Біз алдын ала заңбұзушылық анықталмағанын айттық. Қорытындыны, мүмкін, келесі аптада шығарамыз және баспасөзге хабарлаймыз. Қазір қай банк екенін жариялап, қоғамды дүрліктірудің қажеті жоқ”, – деді ол.

Сонымен қатар Шолпанқұлов бұл ақпараттың мемлекет басшысына қалай, қайдан ұсынылғанын түсіндіре алмайтынын айтты.

“Бұл ақпарат президентке қалай жеткізілгенін түсіндіре алмаймын. Тиісті ескертулерден кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк тарапынан тексеру басталды. Тексеру аяқталған соң, барлық мәліметті хабарлаймыз”, – деді ол.

Мән-жайы

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық банктердің бірі "көрші елден" 7 триллион теңгеден астам қаражатты басқа мемлекеттерге аударуға көмектескенін айтқан еді. Осыдан кейін реттеуші органдар бірқатар банктің трансшекаралық операцияларына тексеру бастаған. Қорытындысы келесі аптада жарияланбақ. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 19 Ақпан, 2026 16:08