Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

6 қымбат көлік пен элиталық коттедж алған: Шымкентте университет басшылығы аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді

Фото: Видеодан скрин

Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

ҚМА таратқан дерекке сүйенсек, күдіктілер қатарында ректордың міндетін атқарушы, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, сондай-ақ серіктес ұйымдардың басшылары бар.

“Тергеу нәтижесінде университет қызмет көрсету, құрылыс-монтаж жұмыстары мен тауар жеткізуге қатысты жалпы сомасы 256 млн теңге болатын жалған келісімшарттар жасағаны анықталды. Бұл жұмыстар іс жүзінде орындалмаған. Бюджет қаржысы жалған актілер негізінде байланысы бар компаниялардың шоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған”, – делінген агенттік хабарламасында.

Ведомство дерегінше, қылмыстық жолмен алынған кірістерге күдіктілер 6 қымбат көлік (Mercedes-Benz S-класс, Lexus LX570 және т.б.) пен Шымкент қаласының орталығынан құны 254 млн теңге болатын элиталық коттедж сатып алған. Оларға сот санкциясымен тыйым салынды.

“4 күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды”, – деп мәлімдеді агенттік өкілдері.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 19 Мамыр, 2025 11:01
Талқылау