Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қашықтан пациенттің дертін және оның емін анықтаймыз": 5G желісі медицинаға қандай өзгерістер әкелді?

5G желісі медицинаны жаңа деңгейге көтеріп, телемедицинаға тың серпін береді. Жоғары жылдамдықтағы интернеттің арқасында қашықтан диагностика жасау, пациентпен қарым-қатынас орнатуға отандық дәрігерлер де мүмкіндік алып отыр. Солардың бірі – ангиохирург және рентгенхирург Ғалымжан Әзімбаев. Ол Stan.kz тілшісіне медицина 5G желісінің дамуымен қалай өзгеріп жатқанын, алдағы уақытта жылдам желінің салаға қандай мүмкіндіктер сыйлайтыны туралы айтып берді.

Ғалымжан Әзімбаев – Алматыдағы АртВен клиникасының ангиохирургы. Ол қан тамырларын емдеумен айналысады және артерия, көктамырларға ота жасайды. Қазіргі таңда маманның қызметі жоғары технологияларға және интернетке тәуелді. Айтуынша, ол жоғары сапалы желінің арқасында қашықтан консультация береді.

“Телемедицинада қашықтан консультациялық кеңес беру үрдісі белең алып жатыр. Алматыда отырып, басқа қалада ангиохирург қажет болса, сол жақтағы әріптестерім байланысқа шығады. Әріптесім пациент туралы толық ақпарат, оның талдау анализдерін ұсынады. Содан соң видеобайланыс арқылы пациенттің ауырып тұрған жерін көріп, дертін және оның емін анықтаймыз”, – деді Әзімбаев.

Телемедицина технологиясын қолдану шамамен 2009 жылы пилоттық түрде басталған, ал Ғалымжан Әзімбаев сол сәтте хирургия орталығында жұмыс істеген. Ол кезде қашықтан ем жүргізу белең алмағандықтан, бірқатар қиындықтар болған. Айтуынша, консультация кезінде ол пациентті толық бақылай алмаған. Алайда бүгінгі таңда интернеттің қарқынды дамуы бұл кедергілерді жойды. Оның сөзінше, мұндай кезде 5G желісі өте маңызды, себебі интернет жылдамдығы төмен болған кезде консультация ұзаққа созылып, ыңғайсыздықтар тудырады. 

“5G арқылы маған анализ қорытындысы лезде жүктеледі, ал бұрындары ол үшін шамамен 20 минут кететін. Әрі сапалы интернет кезінде видео сапасы да өте жақсы, пациенттің денесін айқын көріп, ағзадағы ақауды оңай анықтауға болады”, – деді маман.

Ангиохирург бүгінгі таңда Қазақстан бойынша онлайн консультацияларды емін-еркін өткізеді. Өзі тұратын аймақтан маман таппаған жағдайда олар Әзімбаевқа онлайн консультацияға жазылады. Айтуынша, осы мақсатқа арналған диагностика үшін деректерді шифрлауға және жіберуге мүмкіндік беретін мамандандырылған бағдарламасы бар. Телемедицина мамандарының компьютерлері аудио және видео байланысымен жабдықталған болады. Видео байланыстан соң пациенттің талдау анализдері бұлтты технология арқылы дәрігерге жіберіледі. Ал 5G желісі осы қызметті толықтай қолдануға мүмкіндік беріп отыр. 

“Маған, әдетте, диагностикаға шұғыл ем, төтенше жағдайда емес, жоспарлы түрде кеңес алу үшін жазылады. Қашықтан кеңес беру емдеу тактикасын бірлесіп таңдауға мүмкіндік береді. Науқас барлығын саралай отырып, ота жасау қажет болған кезде Алматыға дайындықпен келеді. Онлайн консультация барысында ота күнін белгілеуге болады. Отаға дейінгі дайындыққа уақыт жұмсамаймыз”, – деді маман. 

Ол онлайн диагностиканың көмегімен басқа қаладағы науқасқа тез арада ота қажет екенін анықтай алған.

“Өткен аптада жамбас аймағы ауырып жүрген науқас қашықтан диагностикадан өтті. Астаналық әйел екен. Жамбас аймағындағы варикозды тамырлары кеңейіп кеткен деп топшыладым. Науқас Астанадан барлық анализдерін тапсырды да, маған жіберді. Нәтижелеріне қарап, оған ота қажет екенін анықтадым. Қазіргі уақытта ол отаға дайындалып жатыр, жақын арада Алматыға келеді”, – деді спикер.

Маманның айтуынша, телемедицина әйелдің жағдайын ушықтырмай, дер кезінде қажет емді тағайындауға көмектесті. Себебі оның диагностика үшін басқа қалаға келуі қиындық туғызатындықтан, емді кейінге қалдырып, оны асқындырып алуы мүмкін еді. Ал қашықтан диагностикадан өту арқылы уақытты үнемдеді.

Ангиохирург 5G денсаулық сақтау саласында дәрігерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп, қоғамдық денсаулықты жақсартатынын айтып отыр.

“Қолданбалы гаджет, ақылды датчиктер, яғни электронды қолсағат, фитнес білезіктер иесі туралы ақпарат жинайды. Оның жүрек қағысы, қан қысымы және қандағы оттегі көлемін біледі. Бұл қосымшалар арқылы дәрігерге ақпарат жылдам ұсынылады, сәйкесінше, маман өз пациенті туралы тез әрі толыққанды мәлімет алып қана қоймай, диагностика процесі жеңіл болады”, – деді ол.

Сондай-ақ телемедицина өкілі КТ немесе МРТ сияқты көлемді деректерді тасымалдауды 5G көмегімен қалай тез және дәлірек оңтайландыру мүмкін екенін айтты. Айтуынша, екі-үш гигабайтты құрайтын мұндай деректер қарапайым желімен үш-төрт сағат жүктеледі. Ал 5G арқылы бірер минутта алу қолжетімді. 

“5G арқылы жеткізілетін деректер қатаң қорғауда. Рентген немесе МРТ деректерін қарапайым адам аша алмайды. Алдымен логин мен құпия сөз арқылы шифрланады, арнайы медициналық программаны талап етеді. Алайда хакерлер бұзу ықтималдылығын жоққа шығара алмаймыз”, – деп түсіндірді АртВен клиникасының маманы.

Ол болашақта жоғары технологиялық құрылғылар пациент пен дәрігер арасындағы байланысты нығайта түсетініне сенімді.

“Он-он бес жылдан кейін датчиктер автономды болады деп ойлаймын. Олар адам туралы ақпаратты толық жинақтап, ағзада немесе денсаулығында бір кінәрат байқалғанда, иесіне ескертіп, қарапайым кеңес ұсына алуы тиіс”, – дейді Әзімбаев.

Ангиохирург 5G болашақта емхана, жедел жәрдемнің көмек ұсыну жүйесін дамытатынын айтады.

Оның болжамы бойынша, мониторинг жасайтын датчиктер инфаркт алу сынды дерт кезінде автоматты түрде жедел жәрдем шақыратын деңгейге жетеді.

“Қазіргі таңда адам өзі тұрған жеріне жедел жәрдем шақырады. Жедел жәрдем оны жақын маңдағы ауруханаға жеткізеді. Ал кейін датчик автоматты түрде шақырғаннан кейін емханаларға бірден хабар келетін деңгейде жетеді деп күтемін. Қай емханада шұғыл отау жасау бөлмесі бос, қай мекеме қабылдауға дайын екені белгілі болып, жедел жәрдем бірден сол жаққа жібереді. Сонда бұл тиімді болады”, – деді алматылық ангиохирург. 

Шетелдік сарапшылардың басым көпшілігі жаңа 5G желілік технологиясы телемедицинаны ілгерілетіп, болашақта роботохирургияның дамуына жол салатынына сенімді. Кейін хирург қашықтан диагностика жасап қана қоймай, әлемнің кез келген жеріндегі пациенттерге ота жасай алатынын болжайды.

Медицинадағы мұндай жаңашылдықтарға тезірек қол жеткізу үшін Kcell еліміздің түкпір-түкпірін 5G желісімен қамтамасыз ету шараларын жасауда. Бүгінгі таңда ұялы байланыс операторы еліміздің 15 қаласында 380-нен астам базалық станцияны орнатып, іске қосты. Бесінші буын стандартын ұсынған базалық станциялар халық көп шоғырланатын аймақтарда соның ішінде сауда орталықтары мен ірі оқу орындарымен қатар шеткері шағын аудандарда да пайда бола бастады. Сонымен қатар жаңа технология 5G желісін пәтерлерге тарту жобасы да екі айдан бері белсенді жүзеге асуда. "Kcell Аuleti" деп аталған жобаның ең басты артықшылығы оптика тарту тиімсіз саналған тұрғын үйлерге желі тартпай-ақ, қабырғаларды бұрғылап теспей-ақ 5G роутерді орнату арқылы жылдам интернетпен қамтамасыз ету.

Талқылау