Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"53 жылқыны бір адам айдап әкете алмайды": ШҚО-да шаруа қожалығынан бір үйір жылқы ұрланды

ШҚО-да Ұлан ауданына қарасты Ново-Азовое ауылында мал ұрланып, іздеу жұмыстары бірнеше күнге жалғасты. Шаруа қожалық иелерінің сөзінше, күдікті қорасын көрсету кезінде қуыстанып, мылтық кезенуге дейін барған. Stan.kz тілшісі мәселеге толығырақ үңілді. 

https://www.pexels.com/

"Жылқыны жасыруға тырысты"

Анықталғандай, тамыз айының 5-і күні мал иесі ауыл шетінен GPS құрылғысы орнатылған ақ биесінің өліп жатқанын көрген. Басынан атыпты. Содан бірден "102" арнасына қоңырау шалды.
"Осы бие арқылы жылқының қай жерде жүргенін білетінмін. Тәртіп сақшыларына қоңырау шалып, көп ұзамай тікұшақ та жұмылдырылды. Дегенмен іздеу шаралары нәтижесін бермеді, себебі ол жақта бірнеше шаруа қожалығында жылқы бағады. Кімдердің ұрлап кеткені белгісіз. Жоғалғаны 53 бас жылқы", – деді шаруа қожалық иесінің ұлы Мәди Мәдиев.

Ұлан ауданының тұрғыны күдіктенетін маңнан Қызылсу өзені ағып жатыр. Біреуді дөп басып айту қиын дейді. Жайылымы жайлы жердегі көп қораның бәрін тінту мүмкін еместігін алға тартты. Ұрыны бес күн үздіксіз іздеген. 

"Тәртіп сақшыларының жанында бірге жүрдім. Көп ұзамай іске қатысы болуы мүмкін деген қоралардың біріне бардық. Дегенмен қожайынымен сөйлесу кезінде әлденені жасыратындай көрінді. Қорада бөтен жылқылардың бары сезілді, өзі де бізді қайта-қайта басқа жаққа оқшаулай берді. Есігін ашуын өтініп едік, бас тартты. Іс-қимылы одан әрі күдік туғызып, полицейлерге қай-қайдағыны айтты. Тіпті әйелін құлақтандырып, ол кетуімізді талап етіп, айқай шығарды. Сәлде соң өзі аспанға бір оқ атып, көліктің төменгі жағын да нысанаға алды. Кейін күдікті заттай дәлелдерден құтылуға асығып, жылқыны айдап әкетуге көшті. У-шу жалғасып, біздің өтінішімізді құлағына ілмеді", – деді қожалық иелері.

Мәди Мәдиевтің сөзінше, мал іздегендер қораны жан-жағынан жауып, ер адамды жібермеуге әрекеттенді. Дегенмен мылтық атылып, у-шу өршіген кезде шошынған мал есік пен қашаны сындырып, атқа мініп үлгерген күдікті де соңдарынан шапқан.

"Ертеңінде жақын маңнан бауыздалған бірнеше атты таптық. Н.Б. деген белгісі көрінетін мал терісі жатты. Әрі қарай екі күн іздеу жұмыстары Абай ауданында жалғасты. Өлген малымды көргенде әбден көтерем күйге түскенін аңғару қиын емес. Қорада қамап, жем-суын бермеген сияқты", – деді мал иелері. 

Белгілі болғандай, қазіргі уақытта жоғалған жылқының көбі табылып, иесінің бақылауында. Десе де 15 қылқұйрықты әлі табылмады. Мәди Мәдиев мал ұрлығы күз айларында жиілейтінін алға тартты. Бұл ретте қожалық иелеріне жылқысына GPS құрылғысын орнатып қоюға кеңес берді. 

"Қыста жылқыға, жазда қойға маза жоқ"

"Басын қатерге тіккен тәртіп сақшыларына алғыс айтамын. Өң мен түстің арасында мылтық та атылды. 53 жылқыны бір адам ұрлап кете алмайды, мұның артында қылмыстық топ тұр", – деді ол.

Облыстық Полиция департаменті өкілдері қазір бұған қатысты іс қозғалғанын айтты.

"Жылқыны Жарма ауданының тұрғыны ұрлапты. Оны ұстау кезінде ер адам полицейлерге оқ атты. Кінәсі толықтай дәлелденіп, бұған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Енді ол оқ ату және жылқы ұрлау фактілеріне сәйкес екі бап бойынша тергеледі", – деді жауапты тұлғалар.

Айта кетерлік жайт, оқиға Ұлан ауданы аумағында болғанымен, мал ұрлаған адамды Жарма ауданының тәртіп сақшылары тергейді.

Дәл осындай жағдай биыл қыста Самар ауданында болды. Осы өңірге қарасты Көкжыра ауылында тұрғындар 16 бас қылқұйрықты ұрланды деп шағымданды. Кейін анықталғандай, баукеспелер Ертіс өзені қатып жатқанда жылқыны Күршім ауданына айдап жіберген. Десе де үш апта өткенде табылып, мал иелері бұл жөнінде "шулатуды" жөн көрмей, іс қозғалмады. 

"Қыста жылқыға, жазда қойға маза жоқ. Қораға кіріп ұрлайтындарын қайтерсің? Қыста тебінде жүрген малды апта сайын қарауға мәжбүрміз. Жазда егінге түссе де, екі-үш күнде бір әкеп отырамыз. Қырағы болмасақ, ұры-қары таныстарымыздан да шығып жатыр", – деді Көкжыра ауылының тумасы Әли Кенжебай.

Бұдан бөлек, шілде айының ортасында ауылдардың бірінде екі қой ұрланып, кейін оны 25 жастағы жігіттің жасағаны анықталды. Келтірілген шығын 120 мың теңге. Тергеу жұмыстарын жалғастыру кезінде оның 520 мың теңгеге бағаланған ірі қара малын ұрлағаны расталды. Тәртіп сақшылары ұсынған мәліметке сүйенсек, ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, тұрғын 5-10 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ 
 

Талқылау