Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

53 миллион теңге: Ақтөбеде 200-ге жуық зауыт жұмысшысы үш жыл бұрынғы жалақысын ала алмай жүр

Ақтөбеде 200-ге жуық зауыт жұмысшысы үш жыл бұрынғы жалақыларын ала алмай жүр. Атағы дардай кәсіпорынның қызметкерлеріне берешегі 53 млн теңгеге жеткен. Алайда өндіріс орны басшылығы қарызды төлеуге асығатын емес. Маңдай терімен тапқан тиесілі ақшасын ала алмай қиналғандар уайымнан инсульт алып, төсек тартып қалған. Әбден шарасы таусылған жұмысшылар әкімдікке басып кірді.

53 миллион теңге: Ақтөбеде 200-ге жуық зауыт жұмысшысы үш жыл бұрынғы жалақысын ала алмай жүр

Бұл туралы “Еуразия бірінші арнасы” хабарлайды.

Өздеріне тиесілі жалақысын ала алмай ашынған жұрт зауытқа тағы келді. Бірақ, оларды қарсы алған ешкім жоқ. Тіпті күзетшінің өзі мардымды жауап бермеді.

Ақтөбе бейметалл құбырлар зауытында ұзын-саны 300-ге жуық адам еңбек еткен. Кәсіпорын олардың әрқайсына орта есеппен 400 мың теңгеден берешек екен. Жұмысшылардың бармаған жері жоқ. Еңбек инспекциясы, прокуратура, барлық жерге шағымын жеткізген. Алайда, ол әрекеттерінен түк шығатын емес.

«2016 жылдың қаңтарынан бастап еңбекақы алғанымыз жоқ. Әне берем, міне берем, сонымен 2016 жыл бітті. Станоктың құбырларын да кесіп-кесіп сатты, біз бір тиын алудан аманбыз. Қаншама отбасы еңбекақысын ала алмай, отбасы бұзылып жатыр», – дейді зауыттың бұрынғы жұмысшысы Оралбай Елубайұлы.

Зауыт 2005 жылы іске қосылған. Ашылған сәтте еліміздегі ең-ең деген кәсіпорынның бірі екендігі айтылды. Тіпті, композиттік материалдардан шыны талшықты құбырлар шығаратын бірден-бір кәсіпорын осы болатын. Өнімдерін Ресей, Кавказға жөнелткен. Алайда, жұмысшылар 2016 жылдан бастап қаражаттан таршылық сезіле бастағанын айтады. Бастапқыда әр жұмысшыға 20-30 мың төлеп алдарқатып келген зауыт басшылығы кейін тіпті оны да төлеуді қойыпты.

«Бережақ қарызының жалпы сомасы 53 млн-нан астам. Облыстық соттың қаулысымен бұл зауыт банкрот болып танылған. Сондықтан банкроттық процедурасы жүріп жатыр. Жалпы, қолданыстағы заңдар бойыша, бірінші кезекте жұмысшыларға еңбекақысы төленеді. Егер зауыттың мүлкі сатылатын болса және ол еңбекақы зауыттың мүлкінің есебінен төленеді», – дейді облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Қатарбай Раисов.

Кәсіпорынның есігінен сығалап қайтқан ашулы жұмысшылар үйді-үйлеріне тарасуға асықпады. Талай табалдырықты тоздырып ашынған олар әкімдікке баса-көктеп кірді.

Бір қызығы әкімдіктегілер «жағдайдан хабардармыз, тіпті тексерістен соң зауыттың басшылығына айыппұл салдық» дегенімен, жұмысшылар мен заңгердің айтқанымен облыс әкімінің орынбасарының сөздері қабыспады. Біріншілері зауыт әлдеқашан банкрот болды десе, әкімнің орынбасары зауыт оңалтудан өтіп жатыр деп отыр.

«Бүгінгі күні зауыт кепілдікте тұр. Бұл кезінде банктен алған несие. Бүгінгі күні банк банкротқа ұшырай ма, әлде осы зауыт тұрғызып, ақша алдырып, айлық төлейтін жағдай бола ма, екі қағида тұр. Осыған байланысты жұмыс тобы айналысуда», – дейді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Облыс әкіміндегілер мәселеге қатысты жұмыс тобының құрылатынын, оған тараптардың барлығы шақырылатындығын айтты. Ал жұмысшылар болса тиесілі жалақыларын нақты қолдарына қашан алатындарын білмей, тарқасқандарына көңілдері толмады.

«Жолдасым қазір уайымнан, осы зауыттағы ақшасын ала алмай, инсульт алып, үйде жатыр. Әрі қарай қалай күн көретінімзді білмеймін!» – дейді тұрғын Алтынгүл Құрашева.

Зауыттың қашан қайта қалпына келерін, не банкрот болған жағдайда қай уақытта сатылатынын ешкім нақты айта алмады. Сондықтан жұмысшылардың өздеріне тиесілі жалақыларына қашан қол жеткізетіні де әзірге белгісіз.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

STAN.KZ
Бейсенбі, 17 Қаңтар, 2019 10:00
Талқылау