52 жастағы ыдыс жуатын әйел көз жұмған: Нұр-Сұлтандағы жарылысқа қатысты тың деректер белгілі болды
Төтенше жағдайлар министрлігі Нұр-Сұлтандағы жарылысқа қатысты жаңа деректермен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
2020 жылғы 21 қарашада сағат 12.25-те Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД кезекші-
диспетчерлік қызметінің пультіне Шұбар шағын ауданындағы "Halalbrothers"
дәмханасында газ баллон жарылғаны, салдарынан өрт шыққаны туралы хабарлама түскен болатын.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына сағат 12.32-де келген бойда жарылыс салдарынан екі қабатты коттеджге жапсарлас салынған құрылыс пен қазандықтың ішінара қабырғалары және шатыры құлағаны анықталды.
Сонымен қатар 20 шаршы метр көлемде жапсарлас салынған құрылыс пен қазандықтың шатыры жанған. Қирау 100 шаршы метр көлемде орын алған (құрылыстың жалпы көлемі 600 шаршы метр).
Жарылыс салдарынан ас үйдің шатыры құлаған. Елордалық құтқарушылар оқиға орнынан 35 газ баллонды шығарды. Үйіндінің арасынан 1998 жылы туған қызды құтқарды, ол жабық бас ми зақымын алған.
Өкіншке орай, оқиға орнында дәмханада ыдыс жуушы болып қызмет атқаратын 1968 жылы туған әйел адам қаза тапты. Жедел медициналық көмек бригадасы 34 адамды емханаға жеткізді. Оның ішінде 11-і дәрігер қарағаннан кейін үйлеріне жіберілді, 23-і ауруханаға жатқызылды.
Зардап шеккен адамдардың барлығы дәмхана жұмысшылары. Сондай-
ақ жарылыс салдарынан 3 автокөлікке зиян келген. Көлемі 20 шаршы метр өрт сағат 12.58-де сөндірілді. Авариялық-құтқару жұмыстары сағат 16.59-да аяқталды. Өрттің шығу себептері анықталуда. Оқиға орнында Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД, Апаттар медицинасы орталығының 56 қызметкері мен 14 бірлік техникасы жұмыс жасады.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
