550 мың теңгеге Грузияның төрт қаласын қалай аралауға болады? Қазақстандықтың тәжірибесі
Фото Нұрдан Абдикаримнің жеке архивінен
24 жастағы Нұрдан Абдикарим достарымен бірге Грузияның бірнеше қаласын өз бетімен аралап келген. 10 күнге созылған саяхатына 550 000 – 600 000 теңге жұмсаған. Бұл сомаға ұшақ билетінің, қонақүйдің, тамақтың, экскурсиялар мен қыдырудың құны – шығынның бәрі кіреді. Нұрдан Stan.kz ақпарат агенттігіне тиімді саяхаттаудың жолын айтып берді.
Мартвиль шатқалы, Прометей үңгірі: Кутаисидегі екі күндік сапар
Грузия – саяхатаған алғашқы шетелім. Биыл 11–21 маусым аралығында бес адам болып, ешқандай тур сатып алмай, жолға шықтық. Қайда барамыз, не көреміз, қанша күн қыдырамыз – барлығын өзіміз жоспарладық. Бір адамға қанша қаражат кеткенін егжей-тегжейлі айтып берейін. Ең әуелі Алматыдан Грузияның Кутаиси қаласына FlyArystan рейсімен ұштық. Ұшақ билеттерін ертерек сатып алған тиімді екен. Біз маусымдағы сапарға ақпан айында билет алып қойдық. Ұшып барып-қайту билеті 97 000 теңге болды. Бірақ бұл билет құнына тек 5 келі қол жүгі ғана кіреді. Заттарыңыз сыймаса, қосымша жүкті бірнеше адам болып, бірлесіп сатып алуға болады.
Кутаисиге кешке жетіп, екі түнге қонақүйге орналастық. Оның бағасы шамамен 30 000 теңге шықты. Қаладан минивэн көлігін 200 долларға (шамамен 103 000 теңге) жалға алып, оны бес адамға бөлдік. Сол көлікпен Кутаисидің шет жағында орналасқан Мартвиль шатқалы мен Прометей үңгіріне бардық. Кутаиси шағын болғанымен, табиғаты жап-жасыл, әп-әдемі екен.
Фото Нұрдан Абдикаримнің жеке архивінен
Тбилиси: тарих, кешкі өмір, шарап экскурсиясы
Келесі күні сол көлікпен Тбилисиге жол тарттық. Жол-жөнекей атақты Казбеги таулы аймағына соғып, бір күн табиғат аясында болдық. Таудағы ауа, шіркеу және жасыл жазықтар ерекше әсер қалдырды.
Фото Нұрдан Абдикаримнің жеке архивінен
Фото Нұрдан Абдикаримнің жеке архивінен
Кейін Тбилисиде үш түн болдық. Таңғы асы қосылған қонақүй құны – 40–50 мың теңге. Алғашқы күні жолдан шаршап келген соң, бөлмемізде тынығып алдық. Ертесі туристер көп баратын қаланың ескі бөлігін араладық. Арқанжолмен Көктөбе сияқты қаланың биік жеріне көтеріліп, қаланы төбесінен тамашаладық. Грузия анасы ескерткіші де осы жерде орналасқан. Арқанжолға билет алу үшін MetroMoney картасын сатып алу керек (2 лари – 380 теңге), кейін оны толтырып, бір бағытқа 2,5 лари (475 теңге) төлейсіз.
Сол маңда ботаника бағы бар екен. Кіру ақысы – небәрі 4 лари (760 теңге). Бақ өте әдемі әрі тыныш. Жоғарыдан төмен жаяу түсуге болады, бірақ біз барған күні жол жөнделіп жатыр екен. Сондықтан қайтадан арқанжолмен түстік. Кешке Мтквари өзені бойымен серуендеп, Бейбітшілік көпірі жанында қыдырдық. Түнде барлар мен клубтарға кіріп, көңіл көтердік.
Үшінші күні шарап жасайтын және сақтайтын орындарға экскурсия сатып алдық. Гид таңертең 10:00-де келіп алып кетті де, кешкі 19:00 шамасында қонақүйге қайта жеткізді. Мұндай турлар шамамен 70 лари (13 000 теңге) тұрады. Шарап жасау процесін көріп, түрлі дәм татып, грузин мәдениетімен таныстық.
Фото Нұрдан Абдикаримнің жеке архивінен
Батуми, Кобулети, Уреки: Қара теңіз жағалауындағы демалыс
Кутаисиде жалға алған көлікті, Тблисиде тапсырып, Батумиге пойыз арқылы жол тарттық. Грузияның пойыздары ыңғайлы, уақытылы жүреді және бірнеше санатқа бөлінеді. Біз екінші санаттағы билетті адам басына 36 лари (шамамен 6800 теңге) бағаға екі күн бұрын сатып алдық. Жол шамамен 5 сағатқа созылды. Интернеттен Батумиге қарағанда Уреки қалашығындағы жағажай тыныш, таза әрі жағасы құм екенін оқыған едім. Сол себепті дәл осы екі қаланың ортасында орналасқан Кобулетиден қонақүй алдық. Кобулетиде төрт түн болдық. Бұл жерден Батумиге де, Урекиге де небәрі 30 минутта жете аламыз. Бұл өте ыңғайлы шешім болды.
Дегенмен сапардың соңғы түнінде Батумидің теңіз жағасындағы үлкен апартамент-қонақүйінде түнеп, қаланың өз атмосферасын сезініп көргіміз келді. Таңғы асы қосылған екі түрлі қонақүйге жалпы 53 000 теңге төледім. Батумиде Қара теңізге түсіп, қайықпен серуендедік, қаланың көрікті жерлерін араладық. Бір қызығы, Әли мен Нино мүсіні Instagram-дағыдай үлкен емес екен. Ал Алфавит мұнарасы – ерекше ғимарат. Ең ұнағаны – Батумидағы ботаника бағы: өте үлкен, жасыл, таза, түрлі, ерекше ағаштар отырғызылған. Оған қоса түрлі мейрамханаға барып, грузин тамағынан дәм таттық. Жалпы Батуми туристерге арналған қала екен. Мейрамханаларда күні-түні істеп тұрды. Онда музыка шырқап, қала ұйықтамады.
Фото Нұрдан Абдикаримнің жеке архивінен
Жалпы шығын және әсерім
Сапар соңында, бір күн бұрын Bolt қосымшасы арқылы Батумиден Кутаисиге такси брондадық. Бағасы – 214 лари (шамамен 40 000 теңге, оны беске бөлдік). Такси бізді тікелей Кутаисидегі әуежайға жеткізді. Сол жерден Алматыға ұштық. Ұшу, жол, қонақүй – барлығы адам басына шамамен 255–260 мың теңгеге шықты. Тамақ, экскурсия, саябақтар мен көрікті жерлерге кіру ақысы, түрлі дәмхана мен мейрамханаларда тамақтануға шамамен 300 мың теңге кетті. Саяхат кезінде үнемдемей, барынша емін-еркін жүрдік. Сөйтіп жалпы 10 күнде 550 мың теңге жұмсадым. Бұл мен үшін тиімді әрі ұмытылмас тәжірибе болды.
Грузияға барғысы келетіндерге кеңесім
- Құжаттарды алдын ала реттеңіз. Бара жатқан еліңіздің ерекшеліктерін, ережелерін ескеріңіз. Мәселен, біз Грузияға кіру үшін медицина сақтандыруы керек деп естідік. Әуежайда сұрамады, бірақ сақтық үшін жасатып алдық.
- Жоспармен жүріңіз. Бірнеше қаланы аралаймын десеңіз, әр күніңізді, бағытыңызды жоспарлап қойыңыз. Сонда уақытты да, қаржыны да тиімді пайдаланасыз.
- Топ болып барған тиімді. Бірге қонақүйден бөлме жалдайсыздар, барлық шығынды бөліп төлей аласыздар. Бірақ адам санын да ескерген жөн. Мәселен, таксиге төрт адам ғана сыяды. Біз сияқты бесеу болсаңыздар, минивэн жалдауға тура келеді.
- Халал тағам табу қиындау. Көп тағамға шошқа еті қосылады. Сондықтан бұл мәселеге мән беретіндер үшін бұл – маңызды ескерту. Біз Кобулетиден, Урекиден асханаларды ұнатпай, күнде Батумиге барып тамақтанып жүрдік. Дегенмен грузин тағамдары өте дәмді. Маған, әсіресе, хинкалилері ұнады.
- Жергілікті көліктер мен қосымшаларды қолданыңыз. Bolt секілді такси қосымшалары мен MetroMoney картасы сияқты жергілікті қоғамдық көлік карталары арқылы жол ақысы төлеу әлдеқайда тиімді. Сонымен қатар пойыз, автобус сияқты қоғамдық көліктерге билеттерді ресми сайттардан ертерек алып қойған дұрыс.

"Екінші Перизат Қайрат": Қазақстандық блогерге алданған 100-ден аса адам 1 миллиард теңгесін қайтара алмай жүр
