"Балаларым менің күйімді кешпесе екен деп тілеймін": Төрт баласы бар мүгедек ана қазақстандықтардан көмек сұрайды
Төрт баласы бар мүгедек ана Балнұр Тілемісова отасымен бірге 14 жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрады. Көп балалы отбасы болғандықтан адамдар пәтерде тұруға рұқсат бере бермейтініне налыған ана қазіргі үйдің жағдайы да мәз емес, іші көгергенін айтады. Қыздарының бірі инклюзивті мектепке барады: 11 жастағы ортаншы қызы әріп танымайды, оқу білмейді. Өзінің де денсаулығы нашар екенін айтқан ана көмек сұрауға мәжбүр. Stan.kz тілшісі көп балалы анамен сөйлесіп, мұңын тыңдады.
Көп балалы отбасының қазіргі басты қажеттілігі - баспана. Мүгедек әйел жолдасының да аурушаң екенін, тек кішкене ғана жалақысы мен жәрдемақыға өмір сүретінін айтады.
"Дүниеге келгеннен жетім өстім. 3 айлық кезімде ата-апам қолына алып, оқытты. Асырап алған отбасым ешкімнен кем болмасын деді. Бойжетіп жетімдіктің зарын таттым, жыладым, ешкімге керек емес екенімді түсіндік. Алайда қиындықты жеңе білуге тырыстым. Сол уақыттан бері жамбасым ауырып жүрді, алайда ем жасамай, сол қалпы жүре беріппін. 2008 жылы тұрмыс құрдым. Жолдасым да өзіме "сай", бір күн сау, бір күн ауру, оң құлағы естімейді, "тең-теңімен, тезек қабымен" деп көп ойланбай отау құрдық", - дейді ол.
Айтуынша, өзінің денсаулығына қатысты көп зардап шеккен, соның салдарынан жұмыс та істей алмайды.
Әйелдің жамбасындағы дерттің асқынуы салдарынан бір аяғы екіншісінен 12 сантиметрге қысқарған. Сол сияқты ортаншы қызының да қолы сынып, бірі екіншісінен қысқа болып қалғанын жеткізді.
"2009 жылы - үлкен қызым, 2010 жылы - екінші қызым, ал 2014 жылы үшінші қызым дүниеге келді. Былтыр төртінші қызымды босандым. 8 құрсақ көтергенмін, алайда 4-уі денсаулығыма байланысты түсіп қалды. Қазір пәтер жалдап жүргенімізге 14 жыл болды.
11 жастағы қызым Айым инклюзивті сыныпта оқиды, мектеп бағдарламасын ала алмай жатыр. Айымның жасы ұлғайған сайын сынған қолы қысқарып келеді. Өзім мүгедектіктің азабын тартқан соң, қызым ондай болмаса екен деп тілеймін. Алайда емдейін десем, қаражат жетпейді. Жолдасымның тапқан табысы түк емес. Оның да денсаулығы нашар. Жалдамалы, іші көгерген пәтерде тұрамын. Көбі пәтерлеріне тұрғызғысы келмейді. Жұмысқа шығайын десем, денсаулығыма байланысты еш жер алмайды, оны істеуге әлім келмейді. Жамбас сүйегімнің ұстамасы ұстағанда тірлікке жарамай қаламын, қыздарым демеп, керекті жерге апарып келеді", - дейді ол.
Балнұр психикасы кешігіп дамыған қызына қатты алаңдаулы екенін айтады. Оны алты айында мерзімінен бұрын босанған, өсе келе бойында түрлі ақаулар біліне бастаған, дейді.
"Алты айлық кезінде туған, перзентханадан шыққанда түсік тастап туды деп жазылған. Жансақтау бөліміне жатқызылды. Ол уақытта мен де жұмыс істейтінмін. 1-2-сыныптарда қызым әріп танымады. 3-сыныпта болғанда, шамамен 2017 жылдары психиатрға жүгіндік, қызымның психикалық дамуы кешіктірілген (ЗПР) деді. Өзімнің сұранысым бойынша мектеп ішіндегі КПД сыныпқа бердім. Негізі сондай балаларға арналған мектепте оқу керек болған. Алайда менің жүрегім дауаламады, жібергім келмеді. 2017 жылдан бері инклюзивті мектепте оқиды. Мектеп бағдарламасын игере алмады, сондықтан мектепалды даярлық сыныбының бағдарламасын ғана біледі, есептер қиын болса, шығара алмайды. Жүрегім ауырады, сол үшін көп жерге қызымды айта бермеймін. Қызыма мүгедектік алған жоқпын, алдағы өміріне тосқауыл болады деп ойлаймын, себебі ол психикалық ауруханада тіркеліп тұрады", - дейді баласының болашағын уайымдаған көп балалы ана.
Айтуынша, төрт бала үшін 46 000 теңге жәрдемақы алады, оны пәтерге төлейді. Артық шығын жасай алмаймыз деген әйел тіпті қыздарына жаңа киімді тек мектепке барарда ғана алатынын айтады.
"Қыздарыма киімдерді еріктілер тобы алып келеді. Әрине, жаңа киімдер емес. Бала-шағам киілген киімдерді киеді. Жаңа киімді тек мектепке аламыз. Мектептегі әкімшілік те біздің отбасымыздың жағдайын біледі", - дейді ол.
Балнұр Тілемісоваға көмектесем деушілерге:
Kaspi Gold реквизиттері: 5169493162049475, Байланыс нөмірі: 87474604142

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
