Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

34 елден 40 спикер қатысуда: Астанада Халықаралық волонтерлер форумы қалай өтіп жатыр

Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында халықаралық волонтерлер форумы басталды. Оған 34 елден 40 спикер мен Қазақстанның барлық өңірінен делегаттар, жалпы 400-ден астам адам қатысып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Форумның мақсаты – волонтерлік қозғалысты қолдау және дамыту, волонтерлік қызметтегі қазақстандық тәжірибені таныстыру және елдің халықаралық сахнадағы жағымды имиджін қалыптастыру, сонымен қоса волонтерлердің статусын арттыру, ынтымақтастық пен өзара әрекеттесуді нығайту.

Форумның алғашқы сессиясындағы спикерлер қатарында БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Құрбанов, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, "Мәдени бастамалар" қорының құрылтайшысы Тимур Бекмамбетов, Қазақстандағы UNICEF (ЮНИСЕФ) өкілдігінің басшысы Артур Ван Дизен және Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп бар. 

Сессия барысында Нұртөре Жүсіп қатысушыларға Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың хатын оқыды. 

"Уақыт өткен сайын Қазақстанда волонтерлік қызмет аясы кеңіп келеді. Былтыр Қазақстанда өткен Әлемдік дәстүрлі дін өкілдерінің съездінде 500-ден астам волонтерлердің үлкен қызмет еткенін жақсы білеміз. Қазақта "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" деген сөз бар, осындай төтенше жағдайларда, басқа да апат жағдайларын еңсеруге еліміздің еріктілері ерекше атсалысып келе жатыр. Былтыр Қостанай облысында болған өртте, Екібастұз қаласындағы төтенше жағдайда, жақында ғана Абай облысында болған алапат өртте үлкен үлес қосты.

Волонтерлік қозғалыстың халықаралық ынтымақтастық бағытында да рөлі зор. Бұл ретте БҰҰ-ның "Еріктілер" бағдарламасында ерекше атап өтуге болады. Көктемде Түркия мен Сирияда болған жойқын зілзала кезінде әлемнің шартарабынан еріктілердің жиналуы да соның бір белгісі", – деген спикер. 

Депутат өткен жылғы Орталық Азия волонтерлерінің форумы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды. 

"Былтыр Қазақстанның бастамасымен елімізде алғаш рет Орталық Азия волонтерлерінің форумы өтті. Оған 600-ден астам делегат қатысып, өңірлерде волонтерлік қызмет мәселесін дамытуды жан-жақты талқылады. Соның нәтижесінде Орталық Азия волонтерлерінің штабын құру туралы шешім қабылданған. Сондай-ақ былтыр елімізде волонтерлерді ынталандыруға арналған заң қабылданды. Мұның бәрі Қазақстанның бұл бағыттағы кешенді шараларының бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта мұндай жұмыстар легі жалғасады, осы жұмысқа Қазақстан республикасының Сенаты да қолдау көрсетуге дайын", – деді Нұртөре Жүсіп. 

Форум аясында волонтерлердің қызметіне қатысты түрлі салалар талқыланады. Атап айтқанда, "Әлеуметтік волонтерлік және инклюзия", "Білім беру мен цифрландырудағы волонтерлік бастамалар", "Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы волонтерлік үлесінің құндылығы мен маңыздылығы", "Жасыл із: волонтерлердің экологиялық проблемаларды шешуге қосқан үлесі" және басқа сессиялық алаңдар ұйымдастырылды.

Форум жұмысына 34 елден 40 спикер мен Қазақстанның барлық өңірінен делегаттар қатысып жатыр. Жалпы 400-ден астам адам қатысты. Оның ішінде 140 халықаралық ұйымдардың өкілдері мен шетелдік қатысушылар бар.

STAN.KZ
Сейсенбі, 20 Маусым, 2023 12:45
Талқылау
`