Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"30 жыл ішінде босаңсып кеттік": Атырау облысының әкімі тұрғындарға үндеу жасады

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңірде төтенше жағдай жариялануына байланысты жергілікті тұрғындарға үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Әкімнің сөзінше, аймақ өзінің жеке бақылауына алынды. Ал тұрғындарға алаңдауға еш негіз жоқ. 

"Атырау облысында мемлекеттік органдар мен түрлі ведомстволар арасындағы барынша үйлестірілген іс-қимыл, алдағы су тасқынына дайындық жұмыстарын күшейту үшін төтенше жағдай жарияланды. Сондықтан тұрғындардың үрейленуіне негіз жоқ. Барлығы менің жеке бақылауымда. Шыны керек 1994 жылы болған су тасқынынан кейін біраз босаңсыдық. Кейінгі 30 жылда өзендердегі судың азайып бара жатқанынан үйреніп қалдық", – деді аймақ басшысы.

Шапкеновтің сөзінше, ұзақ уақыт бойы тереңдету жұмыстары жүргізілмей, бөгеттер нығайтылмаған. Ал кей жерлерде бөгеттер толығымен алынып тасталған. Сонымен қатар су қорғау аймағында ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне жер телімдерін бөлініп, ал каналдар тазартылмады. Облыс басшысы аймаққа судың "үлкен" қоры келгенше осы жұмыстардың барлығын аяқтау керек екенін айтты. 



Атырау облысы әкімінің айтуынша, төтенше жағдай су тасқынына тиімді дайындық жүргізіп, техника, құрал-жабдықтарды тарту, ғылыми зерттеулер жасау және өңірдегі өзен жағалауларын нығайту мақсатында жарияланған.

"Егер облыс тұрғындарының өміріне нақты қауіп төнсе, алдын ала хабарлаймыз", – деп түйіндеді ол.

Желіде тарап кеткен видеодағы қарт кейіпкермен әкім де кездесті. Жайық өзенінің жағалауын қорғауға көмектескен әже Бейбарыс ауылының 92 жастағы тұрғыны, тыл еңбеккері Қожиева Орынша Тоқтыбаққызы болып шықты. Әкім зейнеткерге жеке алғысын білдірді.

"Сіздің Бейбарыс ауылындағы мектеп ұжымына жағажайға бөгет салу жұмыстарына көрсеткен көмегіңізді бүкіл ел білді. Адал еңбегіңіз үшін алғыс айтамын. Су тасқынына дайындық жұмыстарына үлес қосып, жастарға үлгі болдыңыз. Кеше президентпен телефон арқылы сөйлестім. Ол облысымыздың барша тұрғындарына қолдау білдірді. Оның қолдау сөзін сізге жеке жеткізуді жөн көрдім", – деді әкім.

Өз кезегінде Орынша Тоқтыбаққызы әкімге зейнеткерлікке шыққаннан кейін өзі қызмет еткен мектеп ұжымына көмектесуді ұйғарғанын жеткізді.

"Мен әлдеқашан қартайдым. Сондықтан бар қолымнан келері қапшықтарды топырақпен толтыру болды. Табиғи апаттар тосыннан келеді, мұны өмірлік тәжірибемнен білемін. Сондықтан су тасқынына алдын ала дайын болған дұрыс", – деді 92 жастағы әже.

Ал Атырау облысы бойынша төтенше жағдайларды жою штабының мәліметінше, Атыраудағы мектептерде сабақ офлайн форматта жалғасады.

"Облыстағы колледждер мен жоғары оқу орындарында мамандарды даярлау бойынша тиісті шешімдер қабылданып жатыр", – деп хабарлады төтенше жағдайларды жою штабы.

Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғаны туралы жазған едік. 

Талқылау