Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"3 миллион теңге өртеніп, 1 адам қаза тапты": Қарағанды облысында "Қазпошта" инкассаторлық көлігі жол апатына түсті

Фото: Желі кадрларынан скрин

Қарағанды облысында "Қазпошта" инкассаторлық көлігі жол апатына түсіп, 3 миллион теңгеден аса ақша мен көлік өртеніп, бір адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желілерде инкассатор көлігінің жүргізушісі, Қарқаралы тұрғыны Нариман Нығметжанов сол жерде қаза тапқаны хабарланды. Оның әріптесі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Көлікте үш миллион теңгеден астам қаражат болған. Ол көлікпен бірге өртеніп кетті.

Жол апаты қарсы жолаққа шығатын басқа автокөліктің жүргізушісінің әрекетінен болғаны айтылды. Деректерге сүйенсек, Қарағайлы ауылының Ержан Асрепов есімді тұрғыны мас күйде көлік басқарған. Бір жыл бұрын оның жүргізуші куәлігі тәркіленген.

"2 желтоқсанда сағат 16:40-та "Қарқаралы – Қарағайлы" тас жолында екі көліктің – Toyota Camry мен Lada Largus-тің қатысуымен ауыр жол-көлік оқиғасы болды", – деді Қарағанды облыстық полиция департаменті.



Бастапқы тергеу мәліметтері бойынша, Camry жүргізушісі көлікке ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып, Lada-мен соқтығысқан. 28 жастағы Lada жүргізушісі алған жарақатынан сол жерде қаза тапқан. Оның 36 жастағы жолаушысы және 41 жастағы Camry жүргізушісі медициналық мекемеге жеткізілді.

Жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды. Camry жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. 

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 04 Желтоқсан, 2025 12:41