Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"3 ай моргте ұстаған": Ақтөбелік полицейлер ер адамды туыстарының рұқсатынсыз жерлегені үшін жазаланды

Коллаж: Stan.kz 

Ақтөбелік полицейлер суға батқан адамды қаңғыбас ретінде үйсіздер зиратына көмгені үшін марқұмның туыстарына моральдық залал төледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақтөбелік полицейлер мерт болған тұрғынды туыстарына хабарламай 3 айға жуық моргте ұстаған. Кейін үйсіздер зиратына көміп тастады. Марқұмның туыстары полицейлерден моральдық залал өндіріп алды.

Ақтөбе соты полицейлердің басы дауға қалған азаматтық арыздың шешімін шығарды. Ақтөбе облыстық полиция департаментін марқұм Аман Жақаевтың  туыстары айыптады. Өлім туралы хабарламағаны үшін моральдық залал талап етілді. Сот талап арызды ішіанара қанағаттандырды.

Соттың шешімімен Ақтөбе облысының полиция департаментінен әр талап қоюшының пайдасына 300 000 теңгеден өндірді.

Іс материалдарына сүйенсек, 51 жастағы марқұм Аман Жақаев 2024 жылдың 26 маусымында суға кетіп, қайтыс болды. Туыстары оның зиратын үйсіздер зиратынан тапты.

Марқұмның туыстары азаматтық сотқа ішкі істер органдары дер уақытында қаза туралы хабарламады, дене моргте үш айға жуық уақыт жатып қалды және үйсіздер зиратына көміп тастады деген талап қойды. Сонымен қатар, марқұмның анасы мен қарындасы Полиция департаментінен әр талап қоюшының пайдасына 2 млн теңгеден моральдық залал сұрады.

Талапкерлер жалпы сомасы 4 млн теңге моральдық залалды Қаржы министрлігінен және Ақтөбе облысы полиция департаментінен өндіруді сұрады.

Сот отырысында полиция департаментінің қызметкерлері марқұмның туыстары қай жерде тұратынын біле тұра, болған жайтты хабарлау үшін ешқандай шара қолданбағаны анықталды. Екі полиция қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылып, лауазымдарынан босатылған.

Прокурор марқұмның өлімін хабарламаған, жеке заттарын туыстарына бермеген полицияның әрекеті заңсыз деп таныды.

“Жақын туысы қайтыс болғаны туралы  туыстарына үш ай бойы хабарланбаған. Мүрдені мәйітханада себепсіз жатқызған. Кейін іздеуі жоқ қаңғыбас ретінде жалпылама бейітте жерленген. Сот отырында талапкерлер жақын туысын жер қойнауына тапсыру, жоқтау салтын ұстанып, кәделер жасау мүмкіндігінен айрылғандықтан жауапкерлердің әрқайсысынан 2 млн теңге моральдық өтемақы өндіруді сұраған. Жауапкер Қаржы министрлігі өзінің тиісті емес жауапкер екендігін және зиян келтірген  мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының заңсыз әрекетіне өздерін ұстауға бөлінген ақшамен жауап беретіндігін көрсетіп, талапты қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Моральдық зиян Ақтөбе облысы полиция департаментінен өндірірілуге тиіс. Талапкерлердің арызы ішінара қанағаттандырып, жауапкер Ақтөбе облысы полиция департаментінен әрқайсысына 300 мың теңгеден моральдық зиянды өндіруді сұраймын “, – деді прокурор.

Соттың шешімімен Ақтөбе облысының полиция департаментінен екі талапкердің әрқайсының пайдасына 300 000 теңгеден өндірді. Сот талап қоюшылардың өз жақын туысын жер қойнына тапсыру, жоқтау салтын ұстанып, қаделерін жасау мүмкіндігінен айырылғандықтан моральдық зиян шеккен деген уәждерін негізді деп санады.

Еске салсақ, осыған дейін Ақтөбелік тұрғын ағасын үйсіздер зиратына жерлеп тастаған полицейлерді жазалауды сұраған еді. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 14 Мамыр, 2025 20:41
Талқылау