Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

27 миллион теңге жымқырған қазақстандық әйел Түркиядан экстрадицияланды

Қазақстан бас прокуратурасы Түркиядан бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иемденгені үшін күдіктіні экстрадициялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото видеодан скриншот жасалған

Мәліметтерге сенсек, бас прокуратура және ішкі істер министрлігінің интерпол қызметкерлерімен, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен қылмыстық жауапқа тарту мақсатында Түркия Республикасынан Қазақстан азаматы экстрадицияланды. 

Күдікті 2022-2023 жылдар аралығында Алматыдағы коммерциялық ұйымның бухгалтері бола отырып, төлем тапсырмаларына жалған мәліметтер енгізу арқылы өзіне сеніп тапсырылған 27 миллион теңгеге жуық қаражатты заңсыз иемденген. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынған. Осыған байланысты ол халықаралық іздеуге жарияланды.

"Биыл тамыз айында ол Түркия аумағында ұсталып, содан кейін Қазақстан бас прокуратурасының сұрауы бойынша қазақстандық құқық қорғау органдарына берілді. Қазір аталған адам Астананың тергеу изоляторына қамалды. Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", – делінген хабарламада.



Еске салайық, бұған дейін аса ірі алаяқтық жасады деген күдікті қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Ресейден Қазақстанға экстрадицияланғанын жазған едік. Әйел Павлодарда 2019-2023 жылдар аралығында таныстарынан бизнесті дамыту үшін ақша алып, кепілдік ретінде басқаға тиесілі пәтерді ұсынған. Осылайша күдікті 66 тұрғынды алдап, 223 миллион теңге шығын келтірген. 

Талқылау