Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"240 мың теңгеге оқусыз сертификат беріледі": Ақтөбелік мұғалім алаяққа алданып қалды

Ақтөбелік мұғалім алаяқтың құрбаны болды. Ол алаяқтың біліктілік арттыру туралы сертификат алып береміз деген сөзіне сеніп, 240 мың теңге берген. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Фото: kostanews.kz 

Алаяқтардың алдауына түсіп қалған мұғалім Ақтөбедегі мектептердің бірінде жұмыс істейді.

"Оның  назарын интернет-қосымшалардың біріндегі біліктілікті арттыру орталығы оқусыз сертификат береді деген хабарландыру аударған.   Шарттары жәбірленушіге қолайлы болып көрініп, ол 240 мың теңге  аударды", - делінген хабарламада.

Алайда ол бұл құжатты сол күйі ала алмаған. Ақтөбелік мұғалім өзінің алданғанын түсінген. 

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен Ақтөбе қаласының 30 жастағы тұрғынын анықтады. Ол өз кінәсін мойындады.

Қазір оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.
 

Талқылау