Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

23 жастағы қазақстандық қалай декан орынбасары болғанын айтты

Қазақстан университеттері мамандарының көбі жастар болғаны бүгінгі таңда үйреншікті болғанымен, ерте жасында басшылық лауазымға отырғандарды саусақпен санарлық. Солардың бірі небәрі 23 жасында деканның орынбасары қызметіне тағайындалған Мәди Ахметов қазір жастармен жұмыс жасап, оларға тәлімгерлік жол көрсетуде. Ұстаздар күні қарсаңында білім беру саласында жас та болса, бас болып жүрген Мәди Ахметовтың Stan.kz ақпараттық агенттігіне берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз. 

Мәди Ахметов: өзіңмен қатарлас жастарға тәлімгер болудың да өзіндік қиыншылықтары болады  

Қазір деканның орынбасары қызметін атқарып отырсыз, жасыңыз тек 23-те ғана. Бұл жолға қалай келдіңіз?

Негізінен бала кезімнен бері қалыптасқан белсенділігімнің арқасында осы жолға келдім деп ойлаймын.  Университетке түскеннен кейін де әлеуметтік белсенділігім арта түсті. Студент кезімде университет тұсындағы ғылыми-зерттеу орталығында тәлімгер-зерттеуші болып 3 жыл жұмыс жасадым. «Қазақ елі» атты студенттік-ғылыми экспедиция аясында Қазақстан бойынша 15-тен астам елді-мекенді аралап, жастармен жұмыс жасадық. Сол кезден бастап менде жастар мәселесі мен ақпараттық және қоғамдық мәселелерге деген қызығушылық оянды.

Кейін Универсиада кезінде де белсенділік танытып, ерікті ретінде бір топқа координаторлық жүргіздім. Нәтижесінде, Универсиаданың жабылу салтанатында қала әкімі Бауыржан Байбекке Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) туын табыстауға мүмкіндік алдым.

Осылайша көзге көрінгеннен болар, артынша Универсиада аяқталған соң мені ұсыныстар, іздеулер арқылы қалалық «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатына төрағалық лауазымына сұхбаттан өтуге шақырды, сұхбаттан өтіп, 1 ай сынақ мерзімін аяқтап, ресми түрде Алматы қалалық «Жас Отан» жастар қанатының  төрағасы лауазымына тағайындалдым. Ол жерде жастармен етене жұмыс жасап, бір жылдық еңбегімді қорытындылап, магистратураға тапсырдым.

Біраз уақыт халықаралық бизнес университетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарып, кейіннен «Жас Отанда» бір командада жұмыс атқарған әріптестерімнің ұсыныстары бойынша «Жас қадам» атты қоғамдық қорын аштық.

Жастармен жұмыс жасау бойынша белсенділік танытқаннан болар, кейін Алматы қаласындағы Халықаралық ақпаратт технологиялар университеті Ақпараттық технологиялар факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне отыруды ұсынды. Басында, әрине, бала кезімнен қалыптасқан – бұндай жоғары қызметтерге тек жасы отыздан асқан азаматтар отырады деген ұғыммен өзімді тежедім. Алайда бұл университет қызметкерлерінің жетпіс пайызын жастар құрайды. Тағы бір қызығы, менің алдымда деканның орынбасары болған азамат бұл лауазымға 21 жасында отырған. Сондықтан, жоғарыдағы сұрақ бойынша осы жаста бұндай қызметте отырғаным тек белсенділік пен еңборқорлықтың арқасында деп ойлаймын.

Осы үш қызметтеріңіз бойынша қайсысының жалақысы көп? Және осы уақытқа дейін жалақыға бола қызметіңізді ауыстарған кезіңіз болды ма?

Жоқ. Әр қадамға, әр шыңға жету жолында әрдайым бір тәуекелге барған дұрыс болар. Адамның табысы көбейген сайын, оның шығыны да көбейеді. Сондықтан, бірден жоғары жалақы аламын деген мақсатта емес, еңбек етіп, соның жемісін жейін деген оймен жұмыс атқарған дұрыс шығар деп ойлаймын.

Ал Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың «қазіргі жастар елу мың теңгелік жалақыға жұмыс істегілері келмейді» деген сөзіне қалай қарайсыз?

Мен бұл жерде әкімді қолдаймын. Өйткені, тұлға болып қалыптасар жолында, қызметте жоғарылау жолында әркім белгілі бір тәуекелге бару керек, және бір бастаған жолдың соңын іздеген кезде ғана қойған мақсатына жете алады. Мен, мысалы өз басым алты жыл қоғамдық жұмыстарды атқарып жүрдім, ешкім маған ақша төлемеді. Бірақ өтемақы алмадым деп жарты жолдан тастамадым, керекті қаражатымды қосымша жұмыстар істеп таптым, тіпті аш жүріп, түңгі кездері де жұмыс істеген кездерім болды.

Ал қазір жұмыс жоқ деген сылтауды айтады, алайда, жұмыс бар, тек білікті маман аз. Барлығы бірден мансап қуып, лезде басшы болғылары келеді. Ал еңбек жолында жетістіктерге жету үшін, менің ойымша, төзімділік танытып, еңбек ете білу керек.

Мәди Ахметов: өзіңмен қатарлас жастарға тәлімгер болудың да өзіндік қиыншылықтары болады  

Сіз білетін бүгінгі жастар қандай? Жоғарыда айтқандай мансап қуған жастар ма, әлде білімнің жетегінде жүріп, еңбек жолын қуған жастар ма?

Енді бес саусақ бірдей емес. Дегенмен, бүгінгі таңда мансап қуып, аға-көкесінің арқасында лауазымға отырған жастардың дәуірі өтіп барады. Өйткені, қазір халықтың көзі ашық, әркімнің біліктілігін бағалайтын да халық. Бірақ, мен көріп жүрген жастар өте белсенді, қоғамдық жұмыстарға ат салысып жүрген азаматтар. Айтарым, заман ағымына қарай, жастардың санасы өзгеріп келеді. Барлығы білім қуалап, тек ғана еңбек жолында жүргендер жетістіктерге қол жеткізетінін заманауи жастар жақсы біледі. Әр нәрсеге өз деңгейінде жеткен дұрыс деп ойлаймын.

Ал қазіргі жастардың жоғары лауазымға жетіп жүргендерінің көбі оған жағымпаздықпен қол жеткізді дегенге қалай қарайсыз?

Бізді бақылап отырған қоғам сыйластық пен жағымпаздықты ажырата алмай жатады. Егер де әркім өзінен үлкен адамды немесе әріптесін сыйлап тұрса жағымды сөз айтып тұрса бұның ешқандай жаманшылығы мен жағымпаздығы жоқ деп  санаймын.

Бүгінде көптеген лауазымда отырған жастар қатары «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерде оқып келгендер. Сол азаматтардың бойында жоғарғы аға буындарының қасиеттері көрінбейді, демек артынан айтылып жатқан артық мақтауларға жол бермейді. Және бұл енді-енді қалыптасып келе жатқан жақсы тенденция, яғни барлығы тура және шыншыл бағыт бойынша жұмыс атқарады. Сондықтан, жағымпаздық жолымен жоғарылау жүйесінен алшақтап бара жатқан сияқтымыз.

Осы лауазымға отырғаныңызға қарсылық білдірген әріптестеріңіз болды ма?

Жоқ, тым болмаса бетіме айтқан ешкім болмады. Керісінше, көпшілік қолдау көрсетіп, жастармен жұмыс атқару тәжірибемді одан бетер шыңдай түсуімді қолдады.

Жастармен жұмыс атқару барысында өз қатарластарыңызбен жұмыс атқарған кезде қиыншылықтар туындады ма?

Әркім өз бағытында нақты мақсат қойып оқып жатқан студенттер көбісі. Тереңдетілген мектептің түлектері, өз саласы бойынша алдын-ала дайындықпен келген жастар, сол себепті де тәртіп бұзушылық, немесе басқа да өрескел қылықтар байқалған жоқ. Алайда адамдар әр түрлі болады. Мысалы, менен кіші жастағы азаматтармен де жағдайдалар туындап жатады. Бірақ мен оларды әрдайым тыңдай білемін. Әрбір мәселені ортаға салып шешуді ұсынуға тырысамын немесе оның ой-пікірін тыңдап, өзімде болған қателіктерімді түзеуге тырысамын. Жастармен жұмыс істеу кезінде адамның психологиясын түсіне бастайсың. Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» демекші,  алдымен студенттерге білім беру жолында, тәрбиенің рөлін алға тарта отырып, білім берген жөн, сонда жоғарыда айтқаныңыздай қиыншылықтар туындай қоймас.

Мәди Ахметов: өзіңмен қатарлас жастарға тәлімгер болудың да өзіндік қиыншылықтары болады

Жастарды қалай мотивациялау керек?

Ең басты инстутит  – ол отбасы. Сол себепті де, бәрі отбасындағы тәрбиеден басталады. Бірақ бір отбасындағы балалардың барлығы бірдей болып шықпайды ғой. Әркім өмірден, отбасынан өзіне керегін алады, ал өзін-өзі мотивациялау жолында алдымен өзін ерте жастан еңбекке баулып үйрету керек. Ал мемлекетті алатын болсақ, бүгінгі жастарды мотивациялау үшін барлық мүмкіншілікті беріп отыр. Білім жүйесі бойынша «Серпін», «Болашақ» сияқты бағдарламалар бар. Бұны қойғанда, жұмыспен қамту бағдарламалары іске асырылып жатыр. Басқа мемлекеттермен салыстыратын болсақ, жастарды қолдау мақсатында біздегідей бағдарламалар жүзеге асырылмайды, ол жақта әр адам өзінің болашағына өзі жауапты.

Тағы бір айтатын мемлекеттік қолдау – ол мемлекеттік қызмет жүйесіндегі мотивациялық тұрғыдағы модернизациялар: жалақыны көбейту, бонустық жүйені енгізу, рейтинг жүйесін іске асыру.

Ендігі айтарым, тұрғын үй бағдарламалары да жастар саясатын қолдау жолындағы жүзеге асып жатқан керемет бағдарламалардың бірі. Мемлекет тарапынан бөлек, халықаралық деңгейдегі ұйымдардың көмегімен, мемлекеттік емес ұйымдардың қолдауымен көптеген жастардың мәселелері шешіліп жатыр. Біздің еліміз – жастарды мотивациялап, оларға жақсы өмір салтын насихаттап, болашаққа бағыт-бағдар беретін жүйе қалыптастырған мемлекеттердің бірі. Және бұл ақпараттың бәрі ашық түрде жарияланған, кез келген азамат осы бағдарламаларға қатысып, өз деңгейінде қол жеткізе алады.

Ал осыған қарамастан жастар арасындағы жұмыссыздық пен, салдарынан көбейіп жатқан қылмыстарға қатысты не айтасыз?

Бұндай жағдай тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде бар мәселе. Бұл процессті ешкім мәжбүрлі түрде қинап тоқтата алмайды. Барлығына жан-жақты фактор әсер ететінін ескере отырып, қоғам мен мемлекет бірігіп шешулері керек. Еліміздің әр азаматы өзін осы қоғамның мүшесі сезініп, туындаған мәселені шешуге ат салысса жұмыссыздық, қылмыспен білікті дәрежеде күресе аламыз. Барлығы біртіндеп жүйеге қойылады деп есептеймін.

Жастайынан отбасы құрып жатқан жастарға көзқарасыңыз қандай?

Әркімнің жолы әрқандай. Отбасын құрып, халық санын көбейткен дұрыс, бірақ әрбір жас азаматтың ойында жоспарлау деген болу керек. Әр қадамын жоспарлап іске асырса, тек сол кезде ғана саналы ұрпақты дүниеге әкеледі. Өздеріңіз көріп отырғандай, жастайынан отбасын құрып, кейіннен ажырасып кететіндер көбейген, тастанды бала саны көбейіп келе жатыр. Барлығы жоспарсыз, мақсатсыз өмір салтының салдары деп білемін. Жас кезіңнен қоғамдағы жағымды нәрселерді ғана сіңіріп, болашаққа деген ұмтылысты күшейтіп, өзіңді жарқын болашаққа жетелеген дұрыс. Бәрі өзінің ретімен болғаны дұрыс шығар: алдымен білім алып, кейін жұмысқа тұрып, отбасыңды, бала-шағаңды қамти алатындай жағдайға жетуді көздеген жөн. Және бүгінде осындай жастар саны көп.

Жастардың тұлға болып қалыптасу жолындағы ұстаздың, тәлімгердің рөлі?

Ұстаздың жалпы адамзатты қалыптастырудағы рөлі орасан зор. Ұстаз оқушыға, студентке сенімділікті насихаттаса, ол баладан болашақта жақсы жеке тұлға қалыптасады. Еліміздегі білім жүйесі әр келген басшыға байланысты реформаға ұшырап жатса да, қазіргі жастар өздеріне тиесілі білімді алып жатыр. Жаңадан, шетел мысалында құрастырылған жекеменшік білім беру орталықтар көптен ашылып жатыр. Бұның өзі ұстаздарымыз білікті шәкірттерді тәрбиелеп, болашағына нық сенімді ұрпақ тәрбиелеп жатқанының белгісі. Бірақ барлығында ұстаз бен тәлімгерлер шешеді деп баланың, жасөспірімдер мен жастардың тәрбиесін ата-аналары ысырып қоймау керек. Бұл жерде де үшжақтылы қарым-қатынас болу керек. Ата-ана, ұстаз және шәкірт – осы үшеуі ортақ тіл табысып, туындаған мәселені әркім өз тарапынан шешкен кезде ғана саналы да білімді ұрпақ тәрбиеленеді.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау