22 жастағы қазақстандық қыздан асқынған сатыдағы қатерлі ісік анықталды: Ол диагнозды жүкті кезінде білген
Фото: Stan.kz / chatgpt.com көмегімен жасалған
Былтыр Ақтауда 22 жастағы әйелден жатыр мойны қатерлі ісігінің асқынған төртінші сатысы жүктілік кезінде анықталды. Арада көп уақыт өтпей әйел көз жұмды. Дәл осы оқиға еліміздегі онкогинекологтар тіркеген ең жас әрі ауыр жағдайлардың бірі болды. Дәрігер Толқын Садықова ерте жыныстық өмір, папиллома вирусының таралуы және скринингтің жетіспеушілігі осындай қайғылы оқиғаларға себеп болып жатқанын айтып, дабыл қақты. Осы ретте Stan.kz тілшісі дәрігерден бұл дертке шалдыққан науқастарды қалай емдеуге болатынын сұрап білді.
"Өте жас кетті, баласын да көрген жоқ"
Қазақ ғылыми зерттеу онкология және радиология институтының онкогинеколог маманы Толқын Садықованың айтуынша, қазір жатыр мойны ауруы әйелдер арасындағы онкологиялық дерттер арасында сүт безі қатерлі ісігінен кейін екінші орында тұр. 2023-2024 жылғы деректерге сәйкес, елімізде жатыр мойны қатерлі ісігі жүктілікпен қатар келген 31 жағдай тіркелген. Солардың ішінде ең жасы осы 22 жастағы әйел болды дейді дәрігер.
"22 жастағы жас келіншек бірінші рет жүкті болған. Сол жүкті кезінде одан жатыр мойнының қатерлі ісігі (3-4 деңгейі) анықталды. Ол ең асқынған сатысында анықталып отыр. Өкінішке қарай, қатерлі ісік жүктілік кезінде жылдам дамиды. Себебі бұл кезде әйел ағзасында гормондық өзгерістер болады. Қан айналымы күшейіп, бұл өзгерістер ісік жасушаларының өсуіне қолайлы жағдай туғызады. Сөйтіп науқаста төртінші сатысы анықталып, көз жұмды. Өте жас кетті, баласын да көрген жоқ", – деді Толқын Садықова.
Профессор Толқын Садықованың сөзінше, жатыр мойнының қатерлі ісігі қазіргі кезде бүкіл онкологиялық аурулар ішінде 5-орында тұр. Дәрігер жатыр мойны қатерлі ісігінің бірінші жолы жыныстық қатынас арқылы беріледі дейді.
"Жатыр мойны қатерлі ісігінің басты себебі – адам папиллома вирусы (HPV). Бұл вирус көбіне жыныстық қатынас арқылы жұғады. Науқас келіншек тұрмыста болған. Жүктілік мерзіміне қарағанда 21 жасында жүкті болған. Жыныстық өмірді ерте бастаған болуы мүмкін деген болжам бар. Алайда вирус жыныстық жолмен ғана емес, кей жағдайларда қоғамдық орындарда бассейн, монша сияқты ортада, шырышты қабаттар арқылы да жұғуы мүмкін. Бұл өте сирек кездесетін жол болса да, медицинада тіркелген мысалдар бар. Әрі әйелдің күйеуімен жұмыстар жүргізілді немесе жүргізілмеді деп айта алмаймыз. Басқа жеке мәліметтерді бере алмаймыз", – деп түсіндірді дәрігер.
"Ауру сезілмейді, тек скринингте анықталады"
Дәрігердің дерегіне сенсек, қазір әлемде 600 мың әйел жатыр мойны қатерлі ісігімен ауырып, оның 340 мыңы қайтыс болған. Мысалы, Қазақстанда былтыр 2035 әйел ауырып, оның 600-і осы жылдың басында көз жұмыпты.
"Күніне 5 әйелден қатерлі ісік анықтап, тағы екі әйелді осы жатыр мойны қатерлі ісігінен жоғалтып жатырмыз. Көбінде жүктілігімен қатар осы ісіктің қабаттасып келгені анықталды. Мұнда ауру жаныңа батып ауырмайды, етеккірі келе береді. Сондықтан әйелдер қалай ауырғанын білмей қалады. Аурудың бар екені тек скринингте анықталады. Әрбір жыныстық қатынаста жүрген әйел жылына бір рет гинекологтың қарауында болуы керек. Сөйтіп жатыр мойнында ісік бар ма, жоқ па деген ПАП тестті (жатыр мойны мен жатыр мойны каналының жасушаларын тексеруге арналған скринингтік зерттеу) тапсырулары қажет. Жатыр мойнынан жағынды алады, онкоклеткалар бар ма, соны анықтайды. Емханаға барсаңыз, мұны тегін жасап береді. Негізі елімізде бұдан 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер төрт жылда бір-ақ рет өтеді. Алайда қазір вирустың тез дамуына байланысты 35 пен 55 жастағы әйелдерге емханаларда вирусқа қарсы тегін тест жүргізіледі", – деді Толқын Садықова.
Фото: Толқын Садықованың жеке архивінен
Бұдан бөлек Толқын Садықова вирусқа қарсы вакцина еккен адамның ағзасында антиденелер пайда болатынын атап өтті. Бұл иммунитет шамамен 15 жылға дейін сақталып, қорғаныс қабатын құрады дейді маман.
"Сондықтан ертерек вакцина алсаңыз, өздеріңізге жақсы. Дегенмен 14 жастан бастап бұл вакцина ақылы түрде болады. Ақылы түрде тек 2025 жылдың соңы немесе түбегейлі 2026 жылы енгізбекпіз. Қазір ер адамдар да, әйердер де (50/50) ауыз қуысынан да жұқтырып жатқандар да бар. Өте асқынған сатыларында түсіп жатыр. Олардың да ісіктерінен осы папиллома вирусын анықтадық. Ауыз қуысына операция жасағаннан кейін онда бұл вирустың бар екенін дәлелдедік. Зерттеулерге сәйкес, ерлер әйелдерден жұқтырып алып, кейін оны басқаға тасымалдаушы ретінде саналады", – деді Толқын Садықова.
"Бір емші бензин іш десе, екіншісі түйенің зәрін іш деп кеңес берген"
Толқын Садықованың айтуынша, жатыр мойны қатерлі ісігінің негізгі қоздырғышы –адам папиллома вирусы. Бұл вирустың 200-ге жуық түрі бар, оның ішінде 14-15-і онкогендік болып келеді. Спираль пішінді бұл вирус ыстыққа да, суыққа да төзімді, сыртқы ортаға бейімделгіш, сондықтан да өте қауіпті саналады.
"Науқастарда жатыр мойны обырының І сатысы дер кезінде анықталса, біз, қуанамыз. Өйткені бұл кезеңде ісік әлі кең жайылып үлгермейді, сондықтан жатырды алып тастау арқылы әйелді аурудан құтқаруға болады. Ал екінші сатыдан бастап ота жасау мүмкін болмай қалады. Мысалы, бірінші сатысында жатыр мойнын күйдіру (коагуляция) сияқты қарапайым ем 100 мың теңгеге түседі. Ал екінші, үшінші және төртінші сатыларында емдеу үшін 5 миллион теңгеден де көп қаражат кетеді. Мұнда әйелге иммундық, химиялық және сәулелі (радиациялық) терапиялар қажет болады. Аурудың соңғы сатысында адамның өмір сүру ұзақтығы да күрт төмендейді. Келесі жағдайда дертті ерте анықтап, әйелдің жатырын сақтап қалуға мүмкіндік туады. Сол кезде оның ана болу және босану мүмкіндігі де сақталады", – деді дәрігер Толқын Садықова.
Сонымен қатар дәрігер науқас әйелдердің бірі халық емшісіне барып, 1 жылын жоғалтып алғанын айтып берді.
"Әйел бастапқыда жатыр мойны обырының І сатысымен тіркелген. Бірақ ол оңай жол іздеп, медицинаға емес, түрлі емшілердің көмегіне жүгінген. Ел-жерді аралап жүргенде оған бір емші бензин іш деген, екіншісі түйенің зәрін іш деп кеңес берген. Соның кесірінен әйел ауруын асқындырып алған. Кейбір әйелдер тіпті дәрігер ұсынған емнен мүлде бас тартып жатады. Диагноз қойылғаннан кейін бала туып алайын деп әдейі жүктілікке барады. Емделу кезінде жүкті болғандар да бар. Бірақ бұл өте қауіпті, өйткені ондай жағдайда ісік қарқынды дамып, одан сайын өршиді", – деді Толқын Садықова.

22 жастағы қазақстандық қыздан асқынған сатыдағы қатерлі ісік анықталды: Ол диагнозды жүкті кезінде білген
