"21 жасқа толмағандарға тыйым салынсын": Депутат азаматарға несие бермес бұрын олардың қаржылық сауатын тексеруді ұсынды
Депутат Ерлан Стамбеков банк ұйымдары несиені 21 жасқа толмағандарға бермеуді ұсынды. Сондай-ақ ол несие берілмес бұрын адамның қаржылық сауатын тексеру қажет деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Стамбеков өзінің депутаттық сауалында несиенің көлемі мен мерзіміне әсер ететін қаржы сауатын бағалау жүйесін енгізуді ұсынды.
Ол Ұлттық банкінің дегерін келтірді. 2020 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың мерзімі өткен берешегі 823,1 млрд теңге болған. Оның ішінде 90 күннен астам төлем жасалмағандардың берешегі 419,2 млрд теңге. Ал екінші деңгейлі банктердің несие портфеліндегі мерзімі өткен берешектің жалпы көлемінің үлесі - 29%. 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 1,1 триллион теңгеден асады, оның ішінде 90 күннен астам төлемі болмаған берешегі 570 миллиард теңгеге дейін өсті. Ал екінші деңгейлі банктердің портфеліндегі мерзімі өткен берешектің жалпы сомасының үлесі 62%-ға дейін өскенін мәлімдеді.
"Білім беру жүйесіндегі тиісті министрліктер ретінде халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесіне атсалысуларыңызды ұсынамын. Білім беру ұйымдарының қабырғасында қаржылай және құқықтық сауат бойынша білімді алу және бағалау жүйесін қамтитын, сонымен қатар талдауға және одан әрі ұсыныстарды қалыптастыруға мүмкіндік беретін қаржылай және құқықтық сауатты оқытудың бірыңғай әдістемесін әзірлеу және Қазақстанның ересек тұрғындарының қаржылай және құқықтық сауатын арттыруға әсер ететін процестерді түзету маңызды", - деді депутат Ерлан Стамбеков.
Депутат несиенің көлемі мен мерзіміне әсер ететін алған білімді бағалау жүйесін енгізу керек деп санайды. Сондай-ақ, 21 жасқа толмаған тұлғаларға несие беруге тыйым салу керектігін де жеткізді.
"Осыған орай, ғылым және жоғары білім министрлігі мен оқу-ағарту министрлігіне білім беру жүйесінде қаржылай және құқықтық сауатты оқытудың бірыңғай мемлекеттік білім беру стандартын әзірлеу мәселесін қарастыруды ұсынамыз. "ҚР парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" ҚР Конституциялық заңының 27-бабына сай, қарау нәтижелері туралы заңда белгіленген мерзімде депутаттық сауал және оларды орындау бойынша қабылданған шаралар туралы жазбаша жауап беруіңізді сұраймын",-деді Ерлан Стамбеков.