Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2032 жылғы Олимпиада ойындарын қолтырауындар мекеніне айналған өзенде өткізуді жоспарлап отыр

Фото:Leidy Churchman

Аустралияның Квинсленд штатындағы Фицрой өзені 2032 жылы Брисбенде өтетін Олимпиада ойындарының байдарка мен каноэ жарыстарын ұйымдастыратын ресми арена ретінде бекітілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұндай шешімді елдегі Олимпиадалық нысандардың құрылысы мен жаңғыртылуын қадағалайтын Games Independent Infrastructure and Coordination Authority (GIICA) қабылдады.

GIICA жүргізген техникалық және экологиялық зерттеулердің нәтижесі өзеннің Халықаралық ескек есу федерациясының (ICF) стандарттарына толық сай екенін көрсетті. Осылайша, бұған дейін тек жаттығу өткізуге жарамды деп саналатын өзен енді Олимпиадалық жарыс өтетін орынға айналып отыр. 

“Енді ресми түрде ескек есу спортына жол аштық. Барлық қажетті тексеру жүргізілді, ешқандай кедергі қалған жоқ”, – деді Квинсленд штатынан сайланған Аустралия парламентінің депутаты Мэтт Канаван.

Айта кетейік, Фицрой өзені – штаттағы ең ірі су арналарының бірі. Мұнда қолтырауындар жиі кездесетіндіктен, жергілікті билік жарыс кезінде қауіпсіздік шараларын күшейтіп, жыртқыштарды бақылауда ұстауға ерекше көңіл бөлмек. Қазірдің өзінде бұл өзенде Аустралияның ұлттық ескек есу құрамасы тұрақты түрде жаттығып жүр. Сондай-ақ университетаралық турнирлер де осында өтеді. Енді Фицрой өзені 2032 жылы әлем назарын өзіне аударатын Олимпиадалық аренаға айналмақ.

 

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 23 Қазан, 2025 13:11
Талқылау