Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Журналистер туралы қазақстандық комедия Tribeca кинофестивалінде бас жүлдені жеңіп алды

16 маусым күні Нью-Йоркте 23-Tribeca халықаралық кинофестивалі аяқталды. 

журналист

Фото: Assel Aushakimova

Tribeca марапаттау рәсімі атақты Racket NYC концерт залында өтті. Бұл жолы да фестиваль OKX крипто биржасының серіктестігімен өтті.

Байқаудың негізгі үш бөлімінде "американдық көркем фильм" аталымында театрға құмар жасөспірім туралы "Жаздағы Гриффин" (Griffin in Summer) комедиясы, "халықаралық көркем фильм" санатында заманауи журналистер туралы қазақстандық “Велошах” (Bikechess) сатиралық фильмі, деректі фильмдер санатында неонацистік топтардың "Hacking Hate" зерттеуі жеңімпаз атанды. 

Нора Эфрон сыйлығы уругвайлық феминистік "Мені ешқашан жіберме" (Don't You Let Me Go) драмасына берілді. 

Жаңа "Көзқарастар" номинациясында "Жақынырақ кел" (Come Closer) заманауи израильдік драмасы және британдық тарихи реконструкцияға арналған “Жалмауыздар” (Witches) драмасы жеңіске жетті.

Фестиваль барысында барлығы 570-тен астам премьералар, презентациялар, жұлдыздармен кездесулер және басқа да іс-шаралар өтті.

Фестивальдің бағдарлама бойынша директоры Кара Кусумано байқау қазылар алқасының жанрлар мен стильдердің кең ауқымындағы фильмдерді таңдағанына ризашылығын білдірді.

Жыл сайынғы Tribeca кинофестивалі 2002 жылы актер Роберт Де Ниро және оның достары продюсер Джейн Розентал, Крейг Хаткоффпен басталған. Шоудың басты мақсаты – 11 қыркүйектегі лаңкестік шабуылдардан зардап шеккен Төменгі Манхэттеннің әлеуметтік және мәдени өмірін қалпына келтіруге көмектесу болған.

Фестивальдің ең беделді үш жүлдесінің бірін қазақстандық режиссер Әсел Аушакімова "Велошах" фильмі үшін алды. Бұл Франция мен Норвегияның қатысуымен Қазақстан режиссерлері түсірген фильмнің әлемдік премьерасы.

журналист

Фото: "Велошах" фильмінің кадры. Tribeca кинофестивалі

Аталмыш әлеуметтік комедияның басты кейіпкері табысты, бірақ кәсіби жұмысынан көңілі қалған, жетекші қазақстандық телеарналардың бірінің тілшісі Дина (актриса Салтанат Наурыз). Кейіпкер түрлі тақырыптағы жаңалықтар туралы хабар таратады, соның ішінде велоспортты шахмат ойынымен біріктіретін таңғажайып спорт инновациясы туралы репортажды ойлап табады. Бірақ ол үгіт-насихат науқандарын мақтаумен көрсетуден, өзі мен журналист әріптестерінің жұмысында орын алған жемқорлық пен цинизм атмосферасынан ұнатпайды. Динаның жеке өмірінде де қиындықтары жетерлік. Оның телеоператормен қарым-қатынасы тығырыққа тіреледі. Сонымен қатар оның лесбиян әпкесі көптеген қиындықтар тудырады.

Tribeca қазылар алқасы фильмің өздерін қатты таң қалдырғанын атап өтті. Қазылар алқасы стиль мен фильм тілінің жеңілдігіне баса назар аударылатынын айтады.

Режиссер Әсел Аушакімова Zoom арқылы "Америка дауысы" тілшісінің сұрақтарына жауап берді.

Олег Сулькин: Әсел, үлкен жетістігіңіз құтты болсын!

Әсел Аушакімова: Рахмет!

О.С.: Неге фильмдегі барлық кейіпкерлер орыс тілінде сөйлейді?

Ә.А.: Тарихи жағдайларға байланысты үлкен қалаларда, атап айтқанда, фильм түсірілген Алматы қаласында, жалпы киноиндустрияда негізгі қарым-қатынас орыс тілінде. Өкініштісі де осы шығар. Көпшілік орысша сөйлегенімен, соғыстың басталуымен (Ресей-Украина) тек қана қазақ тілінде сөйлейтіндер көбейе бастады.

О.С.: Бұл соғысқа деген көзқараспен байланысты ма?

Ә.А.: Иә, әрине. Қазақстан тұрғындарының басым бөлігі, оның ішінде мен де, Украинаны қолдаймыз.

О.С: Велотренажерді шахматпен біріктіру кімнің идеясы?

Ә.А.: Мен бұл туралы Қазақстан жаңалықтарынан оқыдым. Содан кейін тақырыпты тереңірек зерттей бастағанда, бұл идеяның Голландияда 5-7 жыл бұрын жүзеге асырылғанын білдім. Бірақ біздің бұқаралық ақпарат құралдары бұл идеяны өзіміздің өнертабыс ретінде ұсынды. Маған қисынсыз көрінгені сонша, бірден қазақ журналистикасы туралы фильм түсіргім келді.

О.С.: Әрине бұл күлкілі. Өркениет Қазақстан жерінде пайда болған деген белгілі бір ғалым бар. Оның нақты прототипі бар ма? Ал "Қазақстан пілдердің отаны" деген сияқты өзін-өзі қанағаттандыру бүгігі қоғамда бар ма?

Ә.А.: Мен фильмді сатира ретінде түсірдім. Ал жалпы тенденцияларды айтатын болсақ, соңғы бес, бәлкім, он жылда билік ұлттық идеология жасауға тырысты. Рас, мен оның не екенін түсінбеймін. Елдің мыңдаған жылдық тарихы бар, Алматының мыңдаған жылдық тарихы бар дейді, бұл дұрыс емес. Мен үшін кез келген мемлекеттің идеологиясы жеке адамға, барлық адамзатқа деген құрметке негізделуі керек. Біздің идеологиямыз тарихи жолдың ұлылығына негізделген. Ортақ бабамыз Шыңғыс хан деп келістік. Бізде осындай Рахман Алшанов деген ғалым бар. Бірнеше жыл бұрын мен оның кітабы туралы мақаланы оқыдым, онда ”Қазақстан – әлемдік өркениеттің бесігі” деп жазылған. 

О.С.: Сіздің кейіпкерлеріңіз – қазақ журналистері мен телевидение қызметкерлері. Олар өздері өмір сүріп жатқан қоғамның ережелерімен жұмыс істеуге мәжбүр. Адал болғылары келеді немесе адал сияқты көрінгісі келеді. Олар негізінен батыстық құндылықтарға бағдарланған, сыбайлас жемқорлықтан алыс емес және ішуді жақсы көреді. Олар көптеген ағылшын сөздерінен тұратын кәсіби сленгте сөйлейді. Жалпы, бұл түр Ресейде де, бұрынғы Кеңес Одағы республикаларында да көпшілікке таныс. Сіз бұл ортаны зерттедіңіз бе? Бұл медиа субмәдениеті туралы ақпаратты қайдан алдыңыз?

Ә.А.: Мен журналистік ортаны терең зерттеген жоқпын, менің білімім жаңалықтарға негізделген. Мен банкте жұмыс істеген кезімде тілшілердің жұмысына куә болдым. Мен олардың бір-бірімен қалай сөйлесетінін байқадым, олардың камерадағы және күнделікті өмірдегі мінез-құлқында айтарлықтай айырмашылық болды. Мен бұл субмәдениет туралы нақты білемін деп айта алмаймын, бұл менің жеке көзқарасым;

О.С.: Фильмнің тағы бір маңызды құрамдас бөлігі – Динаның әпкесі мен оның әпкесінің досы бейнеленген жыныстық топтардың жағдайы. Оның әпкесі кезекті бір феминистік наразылыққа бос плакатпен шығады. Полиция оны тұтқындайды. Қателеспесем, мұндай "үнсіз" наразылық акциялары Қазақстанда да, Ресейде де бұрын-соңды тіркелген. Қыздарды қоршап алған топтың дұшпандығы мен LGBTQ+ қауымдастығының өкілдеріне агрессивті көзқарасы байқалады. Бұл эпизод қазақстандық қоғамдағы жағдайды қаншалықты дұрыс жеткізеді?

Ә.А.: Қазір, әсіресе, биыл гомофобия айтарлықтай өсті. Оның үстіне оны жоғарыдан – үкімет, парламент қолдайды. Жақында парламентте БАҚ туралы заң талқыланды. Депутаттардың екі тобы "LGBTQ+ насихатына" тыйым салатын заңға түзетулер енгізуді ұсынды. Нәтижесінде бірде-бір түзету қабылданбады. Екі-үш апта бұрын дәстүрлі құндылықтар үшін қатты күресетін Қазақстан ата-аналар одағы "LGBTQ+ насихатына тыйым салу" петициясын бастады. Бізде кем дегенде 50 мың қол жинаған петицияны үкімет қарауы тиіс ереже бар. Фестивальге қатысуыма байланысты мен біраз уақыт болмадым, соңғы жаңалықтарды білмеуім мүмкін. Бірақ менің білуімше, мәдениет министрлігі дәстүрлі, адамгершілік, тарихи құндылықтарды бұзу фактілері бойынша БАҚ-ты қадағалайтын орган құрғалы жатыр. Посткеңестік кеңістіктегі әрбір адам мұндай құндылықтардың астында не жатқанын жақсы түсінеді.

журналист

Фото: "Велошах" фильмінің кадры. Tribeca кинофестивалі

О.С.: Сіздің кейіпкер журналистеріңіз біріншісін, негізінен бейсаналы түрде таңдайды, бірақ анық нәрсе, олар архаизмнің оралуын қаламайды. Менің ойымша, фильмде компания қызметкерлерін кеңестік дәуірдегідей өндірістік гимнастикамен айналысуға мәжбүрлейтін өте символикалық эпизод бар. Негізгі жаттығу – бір орында жүгіру. Сіз фильмге "орнында жүгіру" жаттығуын месседж ретінде қостыңыз ба?

Ә.А.: Иә, әрине. Мен үшін Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 33 жыл - бұл біз бақылап отырған кезең. Не сананың, не конституцияның, не басқа нәрсенің жыл сайынғы "модернизациялары". Сондай-ақ көптеген адамдар батыстық құндылықтарды қолдайды, бірақ өз шарттары бар: олар өркениетті таңдауды қолдаймыз, бірақ жыныстық топтар мен ешқандай бұрмалаушылықсыз болуы керек. Олардың пікірінше, бізде қандай да бір ерекше демократия орнауы қажет.

О.С.: Мен 80-90-шы жылдардағы қазақтың тамаша жаңа толқынын еске түсірмей кете алмаймын, ол шын мәнінде қазақстандық киноны кино әлемінің картасына енгізді. Қазір өзіңізді қалай қоясыз? Сіз өзіңізді сол тамаша құбылыстың мұрагері санайсыз ба?

А.А.: Мен өзімді қазіргі кино тобының бір бөлігі деп санамаймын. Олар маған ұстамдылықпен қарайды. Сондықтан қазақстандық БАҚ Трибекадағы жеңісіміз туралы аз жазды. Жетекші киносыншылар немқұрайлылық танытты. Мен өзімді ешбір толқынның мүшесіне жатқыза алмаймын. Әзірге жалғызбын.

O:С: Нью-Йорктегі әлемдік премьера қалай өтті? Көрермендер не айтты?

Ә.А.: Мен олардың диалогтарды мақтағандарына таң қалдым. Мен шетелдік көрерменге түсініксіз болады деп ойладым. Көрсетілімдер кезінде көрермендердің күлгенін естідім, бұл мені қуантты.

О.С.: Қазақстан билігі, сіздердің кино ұйымдарыңыз фильмді түсіру кезеңінде қызығушылық танытты ма? Көмек болды ма?

Ә.А.: Мен жобаға 3-4 жыл ақша іздедім. Біздің Қазақстан кино қорына хабарластым. Олар сценарийге мүлдем бей-жай қарады. Бізді қаржыландыруға рұқсат бермеді. Ал питчингте бір сыншы “Бұл фильмді неге авторлық кино деп алдыңыздар?” деп сұрақ қойды. Мен не деп жауап берерімді білмей абдырап қалдым. Бізде Қазақстан тарапынан ешқандай қаржыландыру болмады. Біз француз және норвегиялық кино қорларынан грант алдық.

О.С.: Банк қызметкері ретіндегі мансабыңыз сізге не ұнамады?

Ә.А.: Мен бала кезімнен киноға жақын болдым. Мен физика-математика мектебін бітіріп, математикамен байланысты қаржы саласына баруды шештім. Әртүрлі фильмдерді көрдім, ең алдымен авторлық фильмдерді зерттедім.

О.С.: Сіздің сүйікті режиссерлеріңіз кімдер?

Ә.А.: Көп. Майкл Ханеке, Ларс фон Триер, Рубен Өстлундты айта аламын, мен Румынияның жаңа толқынын жақсы көремін – Раду Джуде, Кристи Пуиу, Корнелиу Порумбойу. Кеңес классиктерінің ішінде бұл Алексей Герман мен Марлен Хуциев.

О.С.: Сіздің фильміңіз Қазақстанда көрсетіле ме?

Ә.А.: Көрсетіледі деп үміттенемін.

Талқылау