Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әкесі кешірім берген: Бойжеткенді шығарып саламын деген шымкенттік бозбаланы жақындары ақтық сапарға шығарып салды

Шымкент қаласының тұрғыны Ақылбек Аңдасовтың өлімі қоғамды бей-жай қалдырмады. Ол тойдан қайтқан жас қызды үйіне шығарып салмақ болған. Алайда мұны көрген көрші ауылдың балалары бозбаланы таяқтың астына алады. Ауыр соққыны көтере алмаған 15 жастағы жасөспірім оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қайғылы оқиға қазан айының аяғында болған. Ақылбектің анасы Іңкәр Шубаева баласының өліміне кінәлілерді анықтау үшін, істі аяғына дейін жеткізбек.

                         “Көрші баламен бірге тойға шыққаны ұнамайтын”

“Желтоқсан айында алтыншы сәбиімді дүниеге әкелемін. Ақылбек 9-сыныпты бітірді де, “Парасат” колледжіне дене шынықтыру мамандығына оқуға түсті. Әкесі күреске қатыстырған еді, кейін бармай қойды. Жалпы біздің үйдің балалары спортқа жақын. Үлкен екі қызым да спортпен айналысады”, – деді қайғыдан қан жұтып отырған ана. 

Айтуынша, соңғы бір жылда баласы тойларға шығып, табыс тауып жүрген.  

“Бір жыл бұрын үйіміздің жанына бңр кісілер көшіп келді. Солар той студьясын ашып, ұлымды қасына алды. Нұрасыл деген баласы Ақылбектің досы еді.Тұсаукесер, келін кіргізу кезінде көрініс көрсету үшін батырдың образында шығатын. Өйткені бойы өте ұзын болды. Бірақ сол жұмысы маған ұнамайтын. Себебін білмеймін. Тойларға жібергім келмейтін”, – дейді анасы.

Анасының сөзін мейрамхана иесі Нұрғали Анарбеков те растап, жұмысқа алғанын айтты. 

“Ақылбекті жұмысқа алғаным рас. Баламның досы еді. Біз былтыр ғана көшіп келдік. Тез тіл табысып кеттік. Жігіт болып қалған шағында осындай жағдай болып отыр. Ешкімнің басына салмасын. Өмір жасы ұзақ болғанда, елге қызмет ететін азамат болар еді”, – деп естелік айтты. 

                  “Ұлымның досы көңіл айтып келмеді”

Ақылбектің анасы ұлының кімдермен араласатынын да жақсы білетін болып шықты. Ұлының барлық дос балаларын таниды екен. 

“Ақылбек соққыға жығылатын күні Нұрасылмен бірге барған. Қыздармен таныстырған да сол. Олар тойда суретке түсіретін фотограф болып жұмыс істейді екен. Түскі сағат 2 уақытында үйге соққанымда, 1 жастағы баламды ойнатып отыр екен. Нұрасыл сағат 5-те келіп, алып кеткен. Оны маған көршілер айтты. Той біткеннен кейін, қасындағы қыз “мені алып кетуге ағам келе жатыр, осы жерде күтемін” деп қалып қойған. Қарындасын алып кетуге үш жігіт келеді. Нұрасыл мен Ақылбек кетіп бара жатқан кезде артынан келіп, үш жігіттің бірі Қанағат деген Ақылбекті ұрған. Ол қарап үлгергенше, жанында тұрған екінші жігіт Асылхан жүрек тұсынан ұрады. Сол жерде талып құлайды. Менің видеодан көргенім осы көрініс”, – дейді анасы. 

Ең қызығы осы күнге дейін іргелес отырған көршісі, оқиғаның жалғыз куәгері Нұрасыл досының үйіне келмеген. Ата-анасы қаралы үйге көңіл айтпаған. Эфирде телефон арқылы Нұрасылдың анасы баласының шокта жүргенін алдыға тартып, сұхбат беруден бас тартты.

                                 “Кешірім сұрап, 6 миллион береміз деді”

Ақылбекті ұрған Асылханның анасы “топтық қылмыс бола тұра, менің баламның мойнына іліп тұр. Өлген баланың әкесі кешірім берді, эфирге шықпаймыз” депті. 

“Болашағы әлі алда балалар болғасын кешірім бердім. Жап-жас өрімдей балаларды соттатып қайтпекпіз. Бірақ біз кешірім бергенімізбен, заң алдында жауап беріп, жазаға тартылады”, – дейді марқұмның әкесі.

“Ұлым өліп қалды. Енді оны мәңгіге көре алмаймын. Баламды өлтірген қылмыскер өмір бойы түрмеде қалсын. Алдыма кешірім сұрап келмесін деп айтып жатырмын.  “6 миллион береміз, кешірім берсін” депті. Кешірім бере алмайтынымды айттым”, – дейді марқұмның анасы. 

Айта кетейік, 15 жастағы бозбаланың өліміне кінәлі деп танылған 17 жастағы мектеп оқушысын қандай жаза күтіп тұрғаны белгісіз. Заңгердің айтуынша, 8-12 жылға бас бостандығынан айыру мүмкін. 106 баптың, 3 тармағына сәйкес денсаулыққа қасақана зиян келтіру, адам өліміне әкеліп соғу бойынша жазаланады екен. Істі әріқарай жалғастыру жергілікті орган өкілдері мен елімізге белгілі заңгерлердің қолына тапсырылды.  

Талқылау