Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"15 миллион теңге несие алды": Түркістан облысында алаяқ 600-ге жуық тұрғынды сан соқтырып кетті

Арыста алаяқ 600-ге жуық тұрғынды сан соқтырып кеттіФото: Видеодан скрин

Түркістан облысы Арыс қаласында 600-ге жуық адам алаяққа алдандық деп шағымданды. Тұрғындардың барлығы тауарға несие рәсімдегені үшін үстінен 10% сыйақы алған. Ал сан соқтырып кеткен адам несиені қолма-қол ақшаға айналдырып, ізім-ғайым жоқ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қарызға белшеден батырып кетті деген тұрғындар бірнеше айдан бері күдіктіні таппай жүр. Арыстықтардың айтуынша, алаяқ айдаладағы біреу емес, таныс адам дейді. Ол барлығына тауарға несие алдыртып, үстінен 10 пайыз сыйақысын беріпті. Ақыр аяғында ақша да, бонус та жоқ із-түссіз жоғалды деп ашынады.

“Бонус аласыз ба? Мен сізге осылай рассрочка шығарып беремін деді. 4 миллион сұрап еді менің счетымнан. Сөйтіп еді бірден бере салды. Мен өзім ай сайынғы төлемін төлеп тұрамын деді. 3 жылдан бері төлеп келе жатқан. Аяқ асты жоқ болып кетті. 10 процент бонус беретін. 2 миллион шығарып берсеңіз 200 мың теңге. Біз жанұямызбен 11 миллион 550 мың 600 теңгеге алдандық”, – дейді Арыс қаласының тұрғыны Қанат Әбдірайымов.

Қазір 600-ге жуық адам банктегі қарыздарын төлей алмай әлек. Олар сан соғып қалғандардың саны күн өткен сайын көбейіп жатқанын жеткізді. Бірақ тәртіп сақшыларының күдіктіні қамауға алмағаны көпшіліктің ашуын тудырған.

“Осы күнге дейін ол кісі әлі ұсталған жоқ. Іздестіріп жатырмыз дейді. Ал біздің несиеміз күннен күнге өсіп бара жатыр. Күніне 2 мың теңге қосылып жатыр. Қазір айына 900 мың теңге төлеуім керек. Біздің атымыздан 15 миллион шығарылған. Оны төлемесек счеттің бәрі құлттанып жатыр. Арыз-шағымдарымызды жазып қойдық. Бірақ қаралып жатқан жоқ”, – дейді жәбірленуші Индира Құлсаева.

Полиция “алаяқтық” дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр деп сендірді. Алайда әзірге ешқандай нәтиже шықпапты. 

“Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті анықталды. Оны іздестіру және ұстау бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Алдын ала мәліметтер бойынша Шымкент қаласының тұрғыны азаматтардың сеніміне кіріп тауарлық несие рәсімдеген. Және оларды өтеу бойынша міндеттемелерді орындамаған”, – Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Зиятов.

Тәртіп сақшылары алаяқтар оңай олжа іздегендерді құрыққа тез түсіреді деп отыр. Сондықтан адамдарға қаржылық сауаттылықты арттырып, сақ болуға шақырады.

Айым Болатқызы
Жұма, 13 Ақпан, 2026 09:36