118 мың теңге: Желіде қазақстандықтарға балаларының шулағаны үшін айыппұл салынатыны туралы ақпарат тарады
Желіде Қазақстанда күндізгі уақытта балалардың шулағына үшін жаңа айыппұл енгізілгені туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Factcheck.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: livejournal.com
Соңғы бірнеше аптада әлеуметтік желіде Қазақстанда күндізгі уақытта балалардың шуылы үшін "жаңа айыппұл" енгізілгені туралы хабарлама тарай бастаған. Ақпаратта айыппұл мөлшері 118 мың теңгені құрайтыны айтылған. Алайда жазбада бұл айыппұл қандай заңға негізделгені және оның қашан қабылданғаны нақты көрсетілмеген.
Мысалы 17 қаңтар күні Instagram желісіндегі vesti_pavlodar парақшасында "Қазақстандықтарға балалардың шуылы үшін 118 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін" деген тақырыппен жазба жарияланған.
Скриншот
Жазба авторлары әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабына сілтеме жасаған. Бұл бап халықтың санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқаты мен гигиеналық нормативтерді бұзу жағдайларына қатысты. Аталған бапқа сәйкес, жеке тұлғаларға 30 АЕК (117 960 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін, бұл желіде жарияланған 118 мың теңге деген сомамен сәйкес келеді.
Factcheck.kz басылымы бұл ақпаратты жоққа шығарды.
“Қазақстанда балалардың шуылы үшін арнайы енгізілген жаңа айыппұл жоқ, сондай-ақ балалардың шығарған дыбыстарын реттейтін жеке заңдар қарастырылмаған.
Қазақстанда шу деңгейінің рұқсат етілген шектері белгіленген заңдар бар, бірақ ол жерде дыбыс көзі көрсетілмеген және бұл заң жаңа қабылданған жоқ”, – делінген басылым жазбасында.