11 жылға сотталған Алматының экс-бас сәулетшісінің ісі прокурорға қайтарылды

Алматының экс-бас сәулетшісі Алмасхан Ахмеджановқа қатысты іс күтпеген бұрылыс алды. Сот 11 жылдық үкімнің күшін жойып, істі қайта қарау үшін прокурорға қайтарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Экс-шенеунік 2023 жылдың жазында ұсталған. Ал 2025 жылдың ақпанында сот оны 11 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Алмасхан Ахмеджанов Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танылған:
- аса ірі көлемдегі алаяқтық;
- қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану;
- ауыр салдарға әкелген қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану.
Іс бойынша тағы бірнеше адам кінәлі деп танылған. Олардың қатарында Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардак Самамбетов, кәсіпкерлер Берік Өскембаев пен Мұханбеталы Шалқарбеков, бағалау компаниясының директоры Алмазхан Бакиров және жер қатынастары басқармасының бұрынғы бөлім басшысы Ерлан Жармұханбетов бар.
2026 жылғы 25 ақпанда сот алқасы бұрынғы үкімнің күшін жойып, істі қайта қарау үшін бірінші инстанция сотына жіберді. Ал алдын ала тыңдау кезінде Ахмеджановтың адвокаттары "қылмыстық құқықбұзушылық фактісі болмаған" деген негізбен істі тоқтатуды сұраған.
-
Батыс Қазақстанда 16 жастағы қызды зорлады деген күдікпен 68 жастағы шенеунік қамауға алынды
-
7 триллион теңгені аудару дерегі: Тимур Сүлейменов орынбасарының неліктен қызметінен кеткенін айтты
Сот Қылмыстық-процестік кодекстің бірнеше талаптарының бұзылғанын анықтаған.
Қаулыда айтылғандай, Ахмеджанов пен Самамбетов кәсіпкерлерге алаяқтық жасауға көмектесті деп айыпталған. Алайда айыптау актісінде жер телімдері кәсіпкерлерге алдымен жалға беріліп, кейін мемлекеттен кадастрлық бағамен сатып алынғаны жазылған. Мұндай тәртіп Жер кодексінде қарастырылған. Сонымен қатар, Ахмеджанов пен Самамбетов жерді жалға беру немесе сатып алу туралы шешім қабылдамаған және кәсіпкерлермен келісімшарт жасамаған.
Сот мұндай бірнеше қарама-қайшылық анықтаған. Бұл айыптың түсініксіз болуына әкелген. Осыған байланысты 4 наурызда сот алқасы істі "қылмыстық-процестік заңнаманың елеулі бұзушылықтарын жою үшін" прокурорға қайтару туралы шешім қабылдады.
Бұл ретте айыпталушыларға қатысты бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалды: Ахмеджанов, Самамбетов, Жармұханбетов және Бакиров қамауда қала береді. Ал Шалқарбеков пен Өскембаев кепілмен босатылған.
Сот қаулысы күшіне енді және кассациялық тәртіппен қайта қарауға жатпайды.
Еске салсақ, Алматының бұрынғы бас сәулетшісі Алмасхан Ахмеджанов 11 жылға сотталғаны туралы хабарлаған едік.
"Аяғыма оқ тиіп, кестіруге мәжбүр болдым": Сынаққа сынбаған Паралимпиада чепионы Ербол Хамитов жайлы не білеміз?