"100 АЕК-ке қосымша 150 АЕК-ке дейін өтемақы төленеді": Үкімет басшысы ешкім көмексіз қалмайтынын айтты
Үкімет басшысы өңірлердегі жағдай тұрақталып келе жатқанын айтты. Айтуынша, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында қауіптің беті қайтты. Ал өте күрделі ахуал қалыптасқан Петропавл және Құлсары қалаларында су тартыла бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: primeminister.kz
Олжас Бектенов өткен аптада залалды өтеу жұмыстары басталып кеткенін тілге тиек етті. Зардап шеккендерге келтірілген шығындарды өтеу тәртібіне түзетулер бекітілген.
“Кеше мен тиісті қаулыға қол қойдым. Қазір 11 мыңға жуық отбасы (100 АЕК) 370 мыңға жуық төлем алды. Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана. Қосымша тағы 150 айлық есептік көрсеткішке дейін (553 800 тг) төлейміз. Оған адамдар тоңазытқыш, үстел, орындықтар, ыдыс-аяқ, киім-кешек сияқты жоғалған бірінші кезекте қажет заттарды сатып ала алады. Сондай-ақ кәсіпкерлердің шығындары өтеледі”, – деп атап өтті үкімет басшысы.
Ол азаматтарды сабыр сақтауға шақырды.
“Ешкім де көмексіз қалмайды Бұл мәселелердің барлығы президенттің және менің жеке бақылауымда. Сондықтан біз осы сынақтан абыроймен өтеміз деп білемін. Дегенмен кейбір өңірлерде тасқын қаупі әлі сейілген жоқ. Өзендерде су деңгейінің көтерілу фактілері тіркеліп отыр”, – деп түсіндірді Бектенов.
Осыған байланысты ол бірқатар тапсырма берді:
- Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірге су тасқынына байланысты жағдайға бақылауды күшейтуді жалғастырсын. Қажет болған жағдайда шұғыл әрекет етіп, халықты көшіруді қамтамасыз етсін. Қайталап айтамын, керек болса, мәжбүрлі түрде көшіру қажет;
- Экология министрлігі су объектілері мен өзендерде гидробекеттер санын ұлғайтуы қажет;
- Өңір әкімдіктері су басқан үйлерді, ғимараттар мен нысандарды тез арада техникалық тексеруді аяқтасын. Су кеткен жерлерде көпке созбай, тасқыннан кейінгі тазарту, дезинфекциялау және қалпына келтіру жұмыстарын бастау қажет;
- Өнеркәсіп министрлігі тұрғын үйлерді, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша жергілікті жерлердегі барлық жұмыстарды үйлестіру үшін жедел топ құруы керек. Құрылыс және жөндеу жұмыстарының нақты жоспарын жасап, оның барлығын барынша қысқа мерзімде аяқтау қажет. Бұл жағдай бізге инфрақұрылымды жаңартуға, елдімекендерді көріктендіруге жаңаша көзқарас қалыптастырады. Оның үстіне мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Таза Қазақстан" акциясы басталды. Баршаңыздың есіңізге президенттің сөзін салғым келеді, бұл бір реттік акция немесе науқан емес, тұрақты жұмысқа айналуы керек. Елімізді көгалдандыру, өңірлер мен қалалардың аумақтарын тазарту жұмыстарын үнемі жүргізіп отырған жөн;
- Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтсін.
“Жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы, оның ішінде өтемақы алу, кредит мерзімін кейінге шегеру, зардап шеккен бизнес үшін салық есебін тапсыру мен салық төлеу мерзімін шегеру туралы және басқа да ақпараттар әрбір азаматтың назарына жеткізілуге тиіс”, – деп түйіндеді Бектенов.
Айта кетейік, бұған дейін үкімет басшысы тасқын қаупі төнген аймақтардан кеткісі келмегендерді мәжбүрлі түрде көшіру керегін айтты.