Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"11 миллионға сан соқтырып кетті": Алматылық азамат кәсіпкер Нұрлан Байділдәны алаяқтық жасады деп айыптады

Алматылық Ринат Саитов есімді азамат кәсіпкер Нұрлан Байділдәны алаяқтық жасады деп айыптады. Сөзінше, танымал коуч азаматтардың инвестициялаған қаражатын қалтасына басқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Байділдә

“Менің есімім – Ринат Саитов. Мен Нұрлан Байділдәға тиесілі Tender First ұйымынан опық жеп отырмын. Бұл мекемеге 2018 жылы 11 миллион теңгемді құйдым. Енді осы уақытқа дейін ақшамды қайтара алмай келемін. 2019 жылы Байділдәмен бірнеше рет кездестім, бірақ ол қарызын қайтарудан жалтарып жүрді. Айтуынша, менің ақшамды ол келесі тендерден кейін қайтармақ екен. Кейіннен түсінгенімдей, оның ойында қарызды қайтару мүлдем болмаған”, – дейді ер азамат. 

Сөзінше, ол аталмыш ұйымның басқа қарызға белшеден батқан мекеменің мердігері екенін анықтаған. 

“Келісімшартта Tender First деп көрсетілсе, оның тіркеу нөмірі мүлдем басқа ұйымға тиесілі екен. Осылайша Байділдә бірнеше азаматты сан соқтырып кетті. Қазір онымен байланысқа түсу мүлдем болмай кетті. 2020 жылы мен Байділдәға қатысты арыз жаздым. Алайда ол Tender First оған тиесілі еместігін айтып, ат тонын ала қашты”, –деп қосты алаяққа алдандым деген ол. 

Бұған қоса, ер азамат Нұрлан Байділдәға алдандық дегендерді бірігуге шақырды. 

Бұл оқиға жайлы Stan.kz тілшісі Алматы қалалық ПД өкілдерінің пікірін білген еді. Полиция ер азаматтың шағымынан кейін қылмыстық іс қозғалғанын растады. 

“Бұл фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы “Алаяқтық” бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, істі Бостандық ауданының полицейлері жүргізуде. Мәселенің анық-қанығын анықтау үшін тиісті тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеу нәтижелеріне сәйкес процессуалды шешім шығарылады”, – деді ПД өкілдері. 

Дидар Халық
Бейсенбі, 26 Тамыз, 2021 09:44
Талқылау