"100 мың теңге бердім": Көпбалалы ана Шығыс Қазақстан облысының әкіміне ауруханада дәрі-дәрмек жоқ екенін айтып шағымданды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Алтай ауданы ауруханасын аралау барысында науқастардың медициналық мекеме басшылығына айтқан сынын тыңдады. Стационарда ем алып жатқан тұрғындарға дәрі-дәрмекті өздері сатып алуға тура келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Уk-news.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Аурухананы аралау кезінде көпбалалы ана Маржан Елікпаева әкімге шағымын жеткізді.
"Ауруханада дәрі жоқ. Ешнәрсені жасырмаймын. Кейбір дәрілер сәйкес келмеуі мүмкін екенін түсінемін. Бірақ қарапайым аскорбин қышқылы мен АЦЦ-ны да өзім сатып алдым. Мен – көпбалалы анамын, жалақым – 200 мың теңге. Оның 100 мыңын дәрі-дәрмекке жұмсадым. Ал келесі айда қалай өмір сүремін? Барлық чек бар", – деп шағымданды әйел.
Аурухананың бас дәрігері Олжас Нүрекенов жылдың басында қаржыландырудың шектеулі болуына байланысты кейбір өмірге маңызды дәрі-дәрмектердің сатып алынбағанын түсіндірді. Дегенмен қазір дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қайта қалпына келтірілгенін айтты.
Әкіммен кездесуден кейін Маржан Елікпаеваға барлық шығынды өтеп беруге уәде етті.
"Бізден кешірім сұрап, дәрі-дәрмек сатып алуда уақытша қиындықтар болғанын түсіндірді. Сондай-ақ қызым мен жұбайымның емделуіне кеткен шығындар толықтай өтелетінін айтты. Бұл күтпеген жағдай, бірақ қуанышты жаңалық болды", – деді көпбалалы ана.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасының өсу себебі анықталғанын жазған едік. Дәрі-дәрмек бағасының жасанды өсуіне жол бермеу мақсатында агенттік фармацевтикалық нарықта жүйелі жұмыс істеп жатыр. Агенттіктің мәлімдеуінше, "СК-Фармация" компаниясы баға бәсекелестігіне қызығушылық танытпайды. Себебі оның пайдасы сатып алынған дәрілердің бағасына 5-7% үстеме қосу арқылы есептеледі. Яғни, дәрі бағасы қаншалықты жоғары болса, дистрибьютордың пайдасы да соғұрлым көп болады.
"Аяғыма оқ тиіп, кестіруге мәжбүр болдым": Сынаққа сынбаған Паралимпиада чепионы Ербол Хамитов жайлы не білеміз?