Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"10 жыл оқып, 112 мың теңге аламын": Ақылы бөлімде оқитын резидент-невролог Қазақстандағы дәрігерлердің айлығына шағымданды

Ұлмекен Жандулаева – резидент-невролог, резидентурада 2-курс оқиды. Биыл медицина саласында білім алып жатқанына 11 жыл болады. Ол TikTok-тағы парақшасына 11-жыл білім алып жүріп жұмыс істегеніне 112 000 теңге айлық алатынын жазды. Stan.kz ақпарат агенттігі Ұлмекенге хабарласып, мән-жайды сұрады. Медицина сарапшысынан да дәрігерлердің жалақысы мәселесін де білді.

Фото Ұлмекен Жандулаеваның желідегі парақшасынанФото Ұлмекен Жандулаеваның желідегі парақшасынан

“112 000 теңге жалақым түскенде не сезінерімді білмей қалдым”

"Жалақым түскенде қандай реакция танытатынымды білмей қалдым. Жылайын ба, күлейін бе? Қазір 11-жыл оқып жатырмын. Жалпы тәжірибе дәрігері болып та жұмыс істедім", – деп жазды ол.

Ұлмекен Жандулаева 2014 жылдан бері медицина саласында біліп алып келеді. Мамандық таңдағанда дәрігерлердің жалақысы аз болатынын ескермеппін дейді ол.

"Ересектер және балалар неврологиясы, резидентура, 2-курс студентімін. Дәрігер болуды бала кезімнен армандадым. Анам да медицина саласының қызметкері болды. Бұрын оқуға түспей тұрғанда дәрігерлердің айлығы туралы білмедім. Бұл жағын ескермеппін. Бұрын 5 жыл жалпы медицина, 2 жыл интернатура профильді мамандық оқу туралы келісімшарт бар еді. Алайды 2019 жылы бұйрық өзгеріп, барлығымыз жалпы тәжірибе дәрігері мамандығына түстік. Қаласақ та, қаламасақ та осылай болды. Қазіргі айлығым 112 000 теңге, ал резидентураны оқып бітіргендер 224 000 теңге жалақы алады. 112 000 теңге – 0,5 көлем үшін төленетін сома. Мен резидент-невролог болғандықтан, тек 0,5 көлемде жұмыс істей аламын. Оқуымды бітірген соң ғана 1 көлемде жұмыс істеймін. 0,5 көлемде жұмыс – 4 сағат", – дейді ол.

Астана тұрғыны осы 4 сағатта 11-15 пациент, ал бір айда 220 пациенттен көп қарайтынын айтты.

“Бір күнде 11-15 пациент қараймын. Бір айда 220 пациент немесе одан да көп болады. Әр пациентке 15 минут берілген. Басында қиналатынмын, қазір үйрендім. Егер жағдайы ауыр пациенттер болса, қабылдаудан соң қараймын немесе сәл ұзақ уақыт бөлемін. Стипендия (негізі резидентура шәкіртақысы 120 000 теңге) алмаймын, ақылы бөлімде оқимын (жылына 1 800 000 теңге) Әрине, алатын айлығыма көңілім толмайды. Алайда барлық жерде жас маманға осылай төлейді. Айлық аз екенін, көңілім толмайтынын, жетпейтінін ешкімге айтқан емеспін. Арамызда оқуды тастағандар аз болмады. Әркім әр уақытта кетті. Біреу 1-курcта кетсе, екіншілері 7 жыл оқуды бітіріп барып медицинадан бас бұрған. Мен үшін дұрыс, тұрақты білім алу маңызды болды. Айлық аз екенін өзім жалпы тәжірибе дәрігері болғанда білдім", – дейді ол.

Ал Астанада жұмыс істейтін жалпы практика дәрігерлері 250 000 теңге жалақы алады. Бірақ оларға Жан басына шаққандағы стандарттың ынталандырушы компоненті, сараланған еңбекақы жүйесі, психо-эмоциялық жүктеме үшін төлем қосылады. Сонда шамамен 300-ден жоғары жалақы шығады. Жұмыс тәжірибесі, квалификациясы болса, жалақысына қосыла береді.

“Қазақстанда дәрігерлердің жалақысы бәсекеге сай емес”

Бұл мәселе туралы Денсаулық сақтау саласы бойынша сарапшы, Алматы мәслихатының депутаты Әкім Тұрсұнның пікірін білдік. Оның сөзінше, Қазақстанда дәрігерлердің жалақысын көтеру шаралары қарастырылған, дегенмен жалақы көлемі бәсекеге қабілетті емес.

"Дәрігерлердің жалақысын көтеру шаралары қарастырылған. Жеке алсақ, мысалы, ауылға барып жұмыс істеп жатқан дәрігерлерге жергілікті атқарушы органдардан берілуі керек. Бірақ оның көп бөлігі жасалып жатқан жоқ. Ал жалпы министрліктің бұйрығы бойынша, нақты бекітілген тиянақталған еңбекақы беріледі. Сол азаматтардың жалақысын министрлік пен органның бұйрығымен ұйымның қорындағы соманың жетуіне қарай, жыл басында әр мекеме басшысы көтеруіне болады. Тиянақталған еңбекақы техникалық қызметкерлерде болады. Ал негізгі мамандар мен жалпы дәрігерлер жұмыс тәжірибесі мен категориясына қарай арнайы көлемдегі жалақыны алады. Дәл қазір осы қызметкерлердің жалақысын көтеру бойынша ешқандай бұйрық шыққан жоқ. Елімізде дәрігерлердің жалақысы бәсекеге қабілетті деп айта алмаймыз", – деді ол.

Сарапшының сөзінше, әсіресе мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін дәрігерлердің жалақысы аз, ал жеке мекемелер мен емханаларда жалақы жоғары. Сондықтан медицина мамандары жекеменшік мекемеге ауысуға мәжбүр.

"Көп дәрігер мемлекеттік мекемеде жұмыс істеп, әбден тәжірибе жинаған соң жекеменшік мекемеге кетіп қалуға тырысады. Осылайша мансабын жақсы жалақымен жалғастыратындар бар. 224 000 теңге айлық өте аз. Сондықтан дәрігерлердің жалақысын қайта қатастыру керек деген ұсыныс бар. Әрине, аз жалақы жұмыс сапасына әсер етеді. Мемлекеттік мекемеде тәжірибе жинаған дәрігер жеке емханаларға кетуге мәжбүр болады. Бұл жерде біз оларды ұстап қала алмаймыз, “бармайсың” деп ұстай алмаймыз. Өйткені ол мемлекет бөлген грант есебінен оқып, оны 3 жыл еңбекпен өтеп қойған соң оларды мемлекеттік медицина ұйымдарында ұстай алмаймыз", – деп түйіндеді Әкім Тұрсүн.

Қазір дәрігерлердің жалақысы қанша?

2024 жылдың үшінші тоқсаны бойынша жалақы мөлшері мынадай (бір ставка):

  • Санаты жоқ, жұмыс өтілі 1 жылға дейінгі ауыл дәрігерінің жалақысы – 306,8 мың теңге болса, қалада дәрігерлер 384,4 мың теңге айлық алады.

2023 жылы еңбек тәжірибесі 1 жылға дейінгі, ешқандай санатқа жатпайтын дәрігерлердің жалақысы шамамен 306,8 мың теңге болды.

  • Биыл 1-санатты, 13-16 жыл жұмыс өтілі бар орта буынды медицина қызметкерлерінің айлығы 222,5 мың теңге болып белгіленді. Бұл санат бойынша ауылда жұмыс істейтін орта буынды медицина қызметкерлері 245,9 мың теңге, ал қалада 199,2 мың теңге жалақы алады.
  • Ал 1-санатты, 13-16 жыл жұмыс өтілі бар дәрігердің жалақысы – 401,5 мың теңге. Бұл санаттағы дәрігерлер ауылда 445,5 мың теңге жалақы алса, қалалық дәрігерлерге 357,5 мың теңге айлық белгіленген. 

Айта кетейік, былтыр 13–16 жыл еңбек өтілі (1 ставка) бар бірінші санатты жалпы тәжірибе дәрігерінің жалақысы шамамен 384 мың теңге еді. 

  • Ал 1-санатты, еңбек өтілі 20 жылдан жоғары ауылда тұратын жалпы тәжірибе дәрігерлері 400,7 мың теңге, қалалықтар 501,7 мың теңге жалақы алады. Ал былтыр еңбек өтілі 25 жылдан жоғары (1 ставка) санатты жалпы тәжірибе дәрігерінің жалақысы шамамен 430,6 мың теңге еді.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, 2024 жылы қосымша төлемдерді, ақылы қызметтерді, кешенді жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компоненті бойынша төлемдерді, сараланған төлемдерді ескере отырып, орташа жалақы (ел бойынша):

  • Дәрігер – 597 мың теңге;
  • Орта медицина қызметкері – 307 мың теңге болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2020 жылдан бастап 2023 жылға дейін, яғни 4 жыл аралығында медицина қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын арттыру жоспарланды. Атап айтқанда, дәрігердің айлығы 30%, орта медицина қызметкерінің (фельшер, акушер, мейіргер, санитарлық фельдшер) жалақысы 20% көбейді.

Талқылау