Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1 млрд теңгеден аса салық төленбеген: Алматыда "Алтын орда" базарын тексеру жұмыстары аяқталуға жақын қалды

Алматыдағы "Алтын орда" базарын тексеру жұмыстары аяқталуға жақын. Тексеру нәтижелерімен ҚР сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әбілдабеков бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әбілдабековтің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 114 сауда базарына тексеріс жүргізілуде.

"Алтын орда" базарына жүргізілген жедел тексеру жұмыстары аяқталып жатыр. Бақылау нәтижелері бойынша көптеген заң бұзушылықтар анықталды, оның ішінде салық заңнамасы бойынша өсімпұл есептелгенге дейінгі сома қазірдің өзінде 1,1 млрд теңгеден асып кеткен. Салық салынатын базаны төмендетіп көрсету фактілері көп, бақылау-кассалық машиналары жоқ және т.б. Сондай-ақ фитосанитарлық және ветеринарлық нормалар да бұзылған", –  деді Айдар Әбілдабеков сәрсенбі күні өткен брифингте.



Әбілдібеков барлық тексерулер аяқталғаннан кейін тексеріс нәтижелері сауда процесін оңтайландыру мақсатында сауда қызметін реттеу туралы заңға түзетулер енгізуге негіз болатынын қосты. Ол сауданы ұйымдастыру бойынша базар иелеріне жеке жауапкершілік жүктеуді жоспарлап отырғанын да атап өтті.

"Біз қажетті инфрақұрылымды аумақтық орналастырудың және шоғырландырудың мақсатқа сәйкестігін қарастырамыз. Сонымен қоса нарық иесін отандық тауар өндірушілердің басымдықты, сауда орындарына еркін қол жеткізуі үшін нарықтарды жаңғыртуды міндеттейміз", – деп қосты комитет төрағасының орынбасары.

Айта кетейік, биылғы жылдың наурыз айының басында Алматыға көкөніс, жеміс-жидек және еттің 80%-ы жеткізілетін "Алтын Орда" базарында делдалдық схемаларды анықтау жөніндегі өңіраралық комиссия жұмысын бастаған еді.

Талқылау