Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың жаңа жылдық дастарханында болатын 4 танымал тағам

Жаңа жыл мейрамын тойлау қарсаңында барлық отбасы алдын ала мерекелік дастархан мәзірін ойластырып, азық-түліктерін ертерек сатып алып қояды. Кейбір отбасылар тіпті бір-екі ай бұрын соғымға сойған еттен жаңа жылдық дастарханға арнайы сыбаға бөліп, оны сүрлейді. Осы орайда Stan.kz ақпаратттық агенттігі қазақстандықтардың жаңа жылдық дастарханға әзірлейтін 4 бас тағамдарын атайды.

Қазақстандықтардың жаңа жылдық дастархандағы басты тағамы қандай болмақ?

Алматы қаласының тұрғындары арасында жүргізілген кішігірім сауалнама нәтижесі бойынша басты тағам болып, әрине, ет (бесбармақ) табылды. Бұл таңғаларлық жағдай емес, өйткені біздің басты ұлттық тағамымыз – ет. Етті де жай ғана аса салмай, жоғарыда айтып кеткендей, біреуі оны сүрлеп дайындайды, екіншісі етке бір күн бұрын тұз бен сарымсақ сіңіріп дәмін келтіреді екен.

«Қазақ болғаннан кейін кез келген мерекелік дастарханға өзіміздің ұлттық тағамды дайындауға тырысамыз. Сүрленген етті асып, жал-жая мен қазы турап, ыстық бауырсақ пісіріп, алдымен дастарханның бетін ұлттық тамақтармен толтырамыз. Содан кейін салаттар жасап, жеміс-жидектер қоямыз», Әрине ет асамыз, етсіз дастарханның сәні келмес. Біз етті арнайы ауылдан алдыртып, құнарлысын таңдап, оған бір күн бұрын тұз бен сарымсақ салып, дәмдетіп қоямыз. Сосын жаңа жыл кешінде барлық туған-туыстармен бірге жеп мәз боламыз»,  – дейді сауалнамаға қатысқандар қыз-келіншектер.

Еттен бөлек дастарханға екінші ыстық тамақ әзірлейтін әйелдер де көп екен. Мереке күні көптеген қонақ келуді сылтау қылған ас үй бикештері етпен қатар түрлі дәмді тағамдар дайындайтындарын айтты.

«Енді ұлтымыз қазақ болғаннан кейін, әрине, ет дайындаймыз. Бірақ бұл күні барлық үйлерде ет асылғандықтан, қонақтарға қосымша басқа да ыстық тамақ әзірлеймін. Әр жылы әр түрлі жасауға тырысамын. Кейде отбасымды қуантқым келіп, интернеттен қарап, ерекше тағам әзірлеймін. Биылғыға екінші тағамға манты жасайтын шығармын», – дейді Айгүл есімді алматылық келіншек.

Басты тағамдар қатарын жалғастыратын манты тағамын басқа бикештер бас тамақ ретінде әзірлейтіндер де көп екен.

«Әрі дәмді, әрі оңай тағам – манты даярлағанды жақсы көремін. Отбасы мүшелері де бұл тамақты сүйіп жейді. Мантыдан бөлек өз қолыммен түрлі салаттар жасап, тәттілер пісіремін», «Манты жасаған дұрыс деп ойлаймын, өйткені менің үйіме келген қонақтар етті басқа жерден жеп келер, ал біздікінен манты жейді», – дейді алматылық әйелдер.

Дастарханға манты қоятын кейбір келіншектер оны өз қолдарымен даярлағаннан көрі, тапсырыспен алдырта салғандарын жөн көретіндерін жасырмады.

«Жаңа жыл мерекесінде күні бойы ас үйден шықпай жүргенше, қыдырған дұрыс деп ойлаймын. Балаларды ертіп алып, отбасымен бірге қалада қыдырғанды жақсы көреміз. Бірақ 12-ні енді үйде қарсы аламыз. Көбінесе ыстық тамақ пен салаттарға, тортқа тапсырыс бере саламыз. Сонда қыдырып та, керемет дастархан жайып та үлгереміз», – дейді Гүлнар.

Басты тағамдардың үштігіне ілінген тағам – палау болды. Көпшілік палауды сырттан мейрамханадан жегенді ұнатады, әсіресе өзбек палауын арнайы тапсырыспен алдыртып, болмаса аспаз шақыртып дәмді палау дайындатқызады. Ал жаңа жылдық дастарханға қойылатын палау ерекше, әрі сан түрлі екен.

«Қазір интернетте неше түрлі палау жасап жатады ғой. Біреуі асқабақтың ішінде, екіншісі қамырдың ішінде, тіпті тауықтың етін сылып тастап, ішіне палау салып дайындайтындар бар екен. Мен сол интернеттен қарап қамырдың ішінде палау жасауды үйренген едім. Биыл жаңа жылға басқа түрлерін жасап көрейін деп жоспарлап жүрмін», – дейді Ләззат.

Кейбір отбасылары өзбек палауы, пеште пісетін палаудан бөлек, тек күрішті басып алып, үстіне асылған ет қоюды дәстүрге айналдырған көрінеді.

«Біз екі тағамның басын қосамыз. Аз мөлшерде етті асып, астына күріш басамыз. Етті тураған кезде мол болады, оны күріштің бетіне қойып, дастарханға тартамыз. Ең бастысы басылған күрішің дәмді болса болғаны, өзбек палауынан асып түспесе, кем түспейді», – дейді Айнагүл есімді алматылық әйел.

Келесі басты тағамдардың бірі – пешке піскен тауық немесе үйрек. Биылғы жылдың соңғы күнінде қалада қыдыруды қалаған отбасылары үшін пеште пісетін тағамдар өте ыңғайлы болып табылады. Бір түн бұрын тауық немесе үйрек етін тұздап, дәмдеуіштер салып, тоңазытқышқа салып қояды да, басқа да дастарханға қоятын заттардың қоспаларын алдын ала дайындап кетеді. Осылайша 31 желтоқсан күні кешке дейін қыдырып, түнгі 12 дейін жартылай даярлап кеткен заттарды аз уақытта пісіріп, мерекелік дастарханға отырады.

«Мен биыл пешке піскен тауық етін әзірлеймін деп отырмын. Өйткен ол әрі оңай, әрі дәмді және көп уақытымды алмайды. Бар жоғы оны бір күн бұрын дәмдеп қойсам жеткілікті. Салаттарды да бір күн бұрын жартылай дайындап кетемін. Жаңа жыл негізі отбасылық мереке болып табылады, сондықтан бұл мейрамды ас үйде өткізгенше, балаларыма уақыт тауып, оларды серуендетіп, қыдырған дұрыс шығар деп ойлаймын. Бар жоғы 4-ақ күн демаламыз, сондықтан сол күндері барынша қыдыру керек», – дейді Людмила.

Көпшіліктің таңдаған тағамдары осы төртеу болса, аз дауыс жинаған тағамдардың ішінде пешке піскен балық, французша дайындалған ет, кілегейде пісірілген тауық еті, қуырдақ, тіпті кәуап әзірлейтін отбасылары да бар екен.

Мерекелік дастарханды даярлауға қатыспаса да, азық-түлікке жұмсалатын ақшаны табатын ер азаматтар бұл сұраққа өздерінің жұбайлары жауап беретіндерін айтты. Бірақ бойдақ азаматтар Жаңа жылда өздерінің сүйіктілеріне керемет көңіл-күй мен романтикалық кеш сыйлағылары келеді екен.

«Мен бойдақпын, бірақ сүйіктім бар. Ата-анам басқа қалада тұрады. Сондықтан жаңа жылды сүйіктіммен бірге қарсы аламын деп отырмын. Мейрамханада столға тапсырыс беріп қойдым. Сүйіктімді мейрамхананың ерекше тағамдарымен таңғалдырғым келеді. Оған ұнайды деген ойдамын», – дейді Марсель.

Жаңа жылдық дастарханды дәмді тағамдармен толтыруға ұмтылатын қазақстандықтар үшін 2019 жыл берекелі болатынына сенеміз.


Тағы оқыңыз: Жаңа жыл туралы қызықты деректер 

Талқылау