Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жұмыс орнында ішімдік ішкен": Ұлытау облысындағы дәрігердің видеосы тараған соң қызметінен кетті

Фото: Видеодан скрин

Ұлытау облысы Сәтпаев қаласындағы ауруханада медицина қызметкерлерінің жұмыс уақытында алкоголь ішкені туралы жағдайға байланысты тексеріс басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға туралы видео әлеуметтік желіде тараған. Мәліметке сәйкес, жағдай Наурыз мерекесін тойлау кезінде болған. Ауруханаға келген тұрғындар медицина қызметкерлерінен алкоголь иісін сезіп, олардың оғаш әрекеттеріне назар аударған.

Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл деректі растады. 21 наурыз күні күндіз аурухана аумағында мерекелік іс-шара өткен. Алайда кешкі уақытта кезекші дәрігер мен бірқатар қызметкер өз бетінше алкоголь қосылған дастархан ұйымдастырған.

Ведомствоның мәліметінше, мұндай шараға аурухана әкімшілігі рұқсат бермеген.

"Оқиға туралы тиісті органдарға дер кезінде хабарланбаған. Жағдай тек мерекелік демалыстан кейін белгілі болған.

Тексеруден соң кезекші дәрігер жұмыстан босатылды. Ал директордың міндетін атқарушы орынбасарына және екі медбикеге қатаң сөгіс жарияланды. Директордың жауапкершілігі оның еңбекке жарамсыздық парағынан шыққаннан кейін тәртіптік кеңесте қаралады", – делінген хабарламада.

Жағдай қоғамда үлкен резонанс туғызып, медицина қызметкерлерінің кәсіби этикасы мен жауапкершілігі мәселесін қайта көтерді.

Еске салайық, бұған дейін Абай облысында прокуратура ғимаратындағы терезе алдында тұрған бөтелкелер әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін тексеріс жүргізілді. Сөйтіп екі қызметкер тәртіптік жауапқа тартылып, сөгіс алды. Алайда жұмыс орнында алкоголь ішу фактісі ресми түрде расталмады.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 12 Сәуір, 2026 11:21