"Ішімдік ішіп, темекі шегеді, түсік жасатқан": ҚазҰУ-да студенттердің жеке деректері тағы тарап кетті

Фото: farabi.university
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттердің жеке дерегіне қатысты тағы да дау шықты. Бұл жолы кімнің түсік тастағаны, темекі шеккені, ішімдік ішкені, жедел жәрдем шақырғаны жайлы құпия сақталуы тиіс болған есеп елге тарап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Университет басшылығы болған жайтты мойындады. Бүгінде ішкі тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
“Кім таратып жатқанын білмейміз. Сол себепті біздің қызметкер болған жағдайда ол азаматтарды ұлттық университетіміздің тәртіптік кеңесіне саламыз. Комиссия мүшелері жан-жақты талқылап, арнайы шешім қабылдайды”, – деді Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ проректоры Бақытжан Омаров.
Ректорат өкілінің айтуынша, барлық 32 мыңға жуық студент пен 5 мыңнан астам қызметкердің медициналық жағдайы, білім ордасындағы әрекеті жайлы есеп жүргізіледі. Бұл университеттің тәртібі дейді. Жеке деректердің қауіпсіздігіне жауапты университеттің өзінде арнайы департамент те бар. Яғни, ақпаратты солар ғана көре алады. Бірақ студенттердің мәліметі қалай тарап кеткені әзірге жұмбақ. Бүгінде бұл жайтқа қатысты прокуратура да тексеріс жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, жастардың жеке деректерінің тарауы Әл-Фараби университетінде бірінші рет емес. 2 жыл бұрын студент қыздардың жыныстық қатынасқа түскен-түспегені жазылған есеп те тарап кетті. Осы жайттан соң білім мекемесі жекеменшік медициналық орталықпен келісімшартын бұзып, мемлекеттік ауруханамен жұмыс істей бастады.
“Тексеру барысында деректердің сақталуын қамтамасыз етуге жауапты тұлғалардың әрекеттеріне "Жеке деректер және оларды қорғау туралы" заңы талаптарын сақтау тұрғысынан құқықтық баға беріледі”, – деді Алматы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бұған дейін әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде “пәк” қыздардың тізімі тарап кеткені туралы жазған едік. Кейін студенттердің жеке деректерін таратқан адам медициналық қызмет көрсететін мекеменің қызметкері екені анықталды. Алматы қалалық прокуратурасы жеке деректерді тарату бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
"Терезеге телміріп, жүруді армандадым": 10 жыл төсекке таңылған марафоншы ауруды қалай жеңгенін айтты