Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зорлап, ВИЧ жұқтырған: Алматыда ЛГБТ-белсенді Амир Шайкежановқа қатысты сот басталды

Фото: Амир Шайкежановтың парақшасынан

Алматыда ЛГБТ-белсендісі Амир Шайкежановқа қатысты сот процесі басталды. Ол өз қызметкері трансгендерді зорлап, ВИЧ ауруын жұқтырды деп айыпталып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жәбірленуші шығу тегі мен ресми құжаттары бойынша әйел болғанымен, өзін Елисей деп таныстырады және ер адам ретінде көрсеткен.

Ал Амир Шайкежановтың адвокаты Жанара Балғабаева "Власть" басылымына бұл бап бойынша сот отырысы жабық өтуге тиіс екенін мәлімдеді.

“Алайда біз бақылаушылардың қатысуын сұраймыз, себебі оның қамауда ұсталуының шарттары да назарға алынуы қажет”, – деді адвокат.

Еске салсақ, өткен жылдың маусым айында Елисей әлеуметтік желілерде кең тараған видеоүндеу жариялаған. Оқиға наурыз айында болғанымен, депрессия мен ауыр психологиялық күйге байланысты жәбірленуші бұл туралы бірден айта алмағанын жеткізген.

Елисейдің айтуынша, олар Амирмен бірге болған кезде мас күйде болған. Яғни құрамында ТТК (тетрагидроканнабинол – қарасорадағы негізгі психоактивті зат) бар вейп шеккен. Кейін жағдайы нашарлап, ұйықтап қалған. Сол сәтте Амир оны ұйықтап жатқан кезінде зорлады деп мәлімдейді. Дәлел ретінде Елисей сол кабинетте түсірілген, бірақ кесілген видео ұсынды.

Осыдан кейін полиция түнгі бардың иесі Амир Шайкежановты ұстап, қамауға алды. Ресми хабарламада жәбірленуші әйел деп көрсетілген.

Амир Шайкежанов болған жайтты жоққа шығарған жоқ. Алайда бәрі өзара келісіммен болғанын айтты. Ол ашық гей екенін және ВИЧ мәртебесі барын бұрын да бірнеше рет сұхбаттарында айтқан.



“Менің ешкімге қасақана зиян келтіру немесе адамның жағдайын пайдалану ниетім болған жоқ. Бірақ бір нәрсені мойындауым керек: ниетім қандай болса да, менің әрекетім адамға ауыртпалық әкелді. Сол үшін жауапкершілікті мойындаймын”, – деді ол қамауға алынар алдында.

Амир Елисейден кешірім сұрап, психолог қызметін төлеуді ұсынған. Ал желтоқсан айында ол адвокаты арқылы жазылушыларына үндеу жолдап, кінәсіз екенін мәлімдеді.

“Алты ай бұрын көп адам асығыс қорытынды жасады. "Зорлау" деген сөзді естігенде кейбіреулердің жеке триггерлері іске қосылып, олар басқа пікірді тыңдағысы келмеді. Қылмыс құрамының жоқ екенін дәлелдейтін бейнематериалдар мен сараптамалар бола тұра, мен жарты жылдан бері қамауда отырмын”, – деді ол.

Іс Медеу аудандық №2 сотында қаралып жатыр. Қазір Амир Шайкежановқа Қылмыстық кодекстің екі бабы – зорлау және басқа адамды АИТВ жұқтыру қаупіне әдейі ұшырату бойынша айып тағылған.

STAN.KZ
Бейсенбі, 08 Қаңтар, 2026 16:38