Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Зорлаған сәтін видеоға түсірген": Алматылық әйелді құрбысы мен досы топтасып зорлады деп күдіктелуде

Ер адам мен әйел алматылық әйелді зорлады деген күдікке ілінді. Жәбірленуші өзін зорлағанын айтып полицияға шағымданады. Бұл туралы «Не молчи» қорында айтылды, деп хабарлайды Stan.kz.

Бұл туралы жазба Facebook парақшасында пайда болды. Қор өкілдерінің айтуынша, жәбірленуші құрбысына қонаққа барғанда зорлыққа түскен.

«33 жастағы жәбірленушіні 48 жастағы құрбысы қонаққа шақырады. Ол әйелді өзінің болашақ күйеуімен таныстырғысы келетінін айтады. Жәбірленуші олармен бұрыннан таныс болғандықтан, ешнәрседен күмәнданбайды. Кешкі сағат бестер шамасында әйел құрбысы шақырған пәтерге келеді. Бұл пәтердің жалдамалы пәтер екені анықталды.

Үшеуі таныстықты атап өтпек болады. Кенеттен қонақ әйел өзін нашар сезініп, есінен танып қалған. Содан кейін не болғаны есінде жоқ. Оны ұрып-соғып, зорлап, әлдене ішуге мәжбүрлегенін еміс-еміс еске алды. Кейінірек белгілі болғандай, әйел түнгі сағат екіге дейін азапталып, зорланған. Құрбысы осының бәрін ұялы телефонның камерасына түсіріп алған», - деп жазады хабарламада.

Құрбысы бір жерге кеткенде жәбірленуші қашып шығады. Дәл сол ғимаратта жақын туысы тұрған. Таңертең олар полиция шақырады.

«Полиция келген кезде күдікті азамат әлі пәтерде болды. Ұйықтап жатқан жерінде ұсталды. Тексеру барысында әйелдің жыныс мүшесінің бірнеше рет жарылғаны, бүкіл денесінде және шап аймағында жантүршігерлік көгерген іздері бары анықталды. Сонымен қатар, денесінің барлық жерін тістеп тастаған. Әйел өздігінен жүре алмады. Ол әлі емделіп жатыр, нәжісін ұстай алмағандықтан, оған ота жасауға тура келеді. 

Полиция күдікті әйелдің ұялы телефонынан оқиға түсірілген видеоны тапты. Соның көмегімен оқиғаның қалай өрбігені анық болды. Жәбірленушіні бөгде заттарды пайдалана отырып зорлаған. Оны ер адам зорлады, ал құрбысы видеоға түсіріп тұрды. Олар әйелді ұрып-соғып, ара-тұра аузына сұйықтық тамызып отырған. Оның есірткі не алкоголь екені белгісіз», - делінген жазбада.

Алматы полиция департаменті бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Бұл факт бойынша Түрксіб аудандық полиция бөліміне арыз түскен.

«Бұл сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне бірден Қылмыстық кодекстің «Зорлау» және «Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» деген екі бабы бойынша тіркелді. Осы қылмысты жасады деген күдікпен 1974 жылы туған Өзбекстан азаматы қамауға алынды», - деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.

Полицияның хабарлауынша, сараптамалар тағайындалды, соның нәтижесі бойынша қылмыстық іс аясында процессуалдық шешім қабылданады. Тергеу барысы Алматы қаласы ДП басшылығының бақылауына алынды.

Талқылау