Жұмысқа кіргіземіз деп ақша алып алдаған үш әйел қашып жүр
Түркістан облысында жұмысқа кіргіземіз деп қыруар ақша алған үш әйел қашып жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Мүгедек балаларға арналған сауықтыру-оңалту орталығын ашып, ауыл тұрғындарын жұмысқа кіргіземіз деп қыруар ақша алған. Осылайша алаяқ келіншектер Мақтарал ауданына қарасты екі бірдей ауыл адамдарын жоқ ұйымға жұмысқа алған. Крүзетші, аспаз бен тәрбиеші, шопыр мен бала күтуші боп жұмысқа кіргендерден 350 мың мен 800 мың теңге арасында ақша алыпты.
Ол ұйымға "Үміт бер" деген атау қойып мүгедек балалар орталығы есебінде халыққа сенімділік ұялатқан. Жұмыс сұрап келген жұртқа орталық басшысы Рәбиға Бимұханбетова өзі басқарып отырған орталықтың мемлекеттік мекеме екенін айтып, оның филиалын аудан орталығынан ашамыз депті. Ал жұмыс туралы өзінің орынбасары әрі сенімді адамы Раушан Хайдаровамен сөйлесу керектігін айтқан. Раушан: «Жұмысқа алуға ақша керек» деп, жұмыс орнын саудалайды.
Жәбірленуші Мұхтар Оспанов айтқандарына сеніп, сан соғып қалдық дейді.
"Қалай кіреміз деген едік, тәрбиешіге 600 мың теңге бересің, келіншегіңді жұмысқа кіргіземіз деді. Біз жан-жақтан сұрастырдық, бәрі расында мына ғимаратта ашылған, Мырзакенттен ашылады деді. Соған сеніп, 600 мыңды үйіне апарып бердік", - дейді ол.
Тіпті кейбір жәбірленушілер жұмысқа кірудің осыншалық арзан екенін көріп қуанып кеткен болатынбыз деп ағынан жарылып отыр. Солардың бірі Әлібек Жүнісов оқиғаның мән-жайын айтып берді.
"Мен күзетші болуға 350 мыңды өзім бердім, тамыз айында бұл ашылды. Ашылғаннан кейін келіншегім де жұмысқа кірмекші болды. Сөйтіп келіншегім қыркүйекте кірді, оған 600 мың бердім", - дейді ол.
Былтыр жаздан бастап ақша жинап алған әйелдер Мырзакенттегі ғимаратты жалға алып, «жуырда жұмыс басталады» деп сендіреді. Сөйтіп аңқау жұртқа аудан көлеміндегі мүгедек бала іздеттіреді.
Мақтарал аудандық ПБ бастығының орынбасары Нұрсұлтан Әшімовтың сөзінше әр келіншектің бұл ақшада өзіндік үлесі болған. Бірі басша, бірі орындаушы есебінде қызмет атқарған көрінеді.
"Үш әйел, олардың әрқайсының рөлі әр түрлі. Біреуі ұйымдастырушы, екеуі орындаушы боп тұр. Яғни ұйымдастырушыға орындаушылар адам тауып беріп, өзі арқылы ақшаларын алып беріп отырған. Мысалы, 500 мың алса, соның 30 мыңын, ары кетсе 40 мыңын орындаушыға, қалғанын –ұйымдастырушыға берген", - дейді ол.
Карантин басталғанға дейін жарты жылға жуық жұмыс істеген «Үміт бер» орталығы жұмысшыларының да ақша беріп кіргені белгілі болды. Алайда сол істеген уақыттың айлығы да жұмысшыларға берілмепті. Ол аздай, әйелдер екі ғимараттың жалға алынған құнын да төлемей қашып жүр екен.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
