"Жұмыс рұқсатсыз және антисанитарлық жағдайда жүргізілген": Астанада заңсыз ет өнімдерін сатқан екі кәсіпорын анықталды
Елордада заңсыз ет өнімдерін сататын екі кәсіпорын анықталды. Мұндағы ет өңдеу жұмыстары рұқсатсыз және антисанитарлық жағдайда жүргізіліп келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Полиция департаментінің мәліметінше, кәсіпкер жерасты мал сою пункті үшін үй-жайды жалға алған.
"Полиция қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, рұқсатсыз және антисанитариялық жағдайда жүргізілген заңсыз ет өңдеу жұмыстарын тоқтатты. Кәсіпкер жерасты мал сою пункті үшін үй-жайды жалға алған болып шықты. Онда алты адам күн сайын ақшалай төлем алып, заңсыз жұмыс істеген. Қолданылған шикізат құжатсыз сатып алынған. Сондай-ақ еттің шығу тегі күмәнді. Дайын өнім Қазақстанның барлық аймағына таратылып келген", – делінген хабарламада.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Астана аудандарының бірінде тағы бір жергілікті тұрғын өз үйінің ауласында заңсыз ет саудасын ұйымдастырған. Өнімдердің құжаты немесе ветеринарлық белгілері жоқ.
"Қазір тәркіленген еттің сапасын тексеру үшін сараптама тағайындалды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Астана полиция департаменті ветеринариялық бақылаусыз ет өнімдері денсаулыққа қауіп төндіретінін еске салады", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында кәсіпкер сібір жарасын жұқтырған малдың етін сатқаны туралы жазған едік. Ер адам халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаты саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 1 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген.