"Жүзден аса студент бар": Елордалық IT колледжінің түлектері мемлекеттік грантсыз қалмақ
Фото: Видеодан скрин
Астанада IT колледжінің түлектері мемлекеттік грантсыз қалуы мүмкін. Талапкерлердің айтуынша, олар тегін орындарға конкурсқа дайындалып жатқан. Алайда емтиханнан соң биыл грант жоқ екенін білген. Қазір университеттің өзі мәселені шешуге тырысып жатыр екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Адель Біржанова биыл елордадағы IT колледжін үздік дипломмен тәмамдаған. Бір жыл бойы бакалавриатқа түсу үшін емтиханға тыңғылықты дайындалған. Сол білім ордасында оқуын жалғастырғысы келген. Бірақ ақылы негізде емес, мемлекеттік грант есебінен оқуды көздеген. Алайда жоспары ойдағыдай болмаған.
"Биыл колледж студенттерінің университет таңдау мүмкіндігі шектелді. Сондай-ақ колледж түлектеріне бөлінетін грант саны да азайды. Бұл бізге де әсер етіп жатыр. Енді Astana IT университетіне ақылы түрде ғана түсе аламыз", – деді колледж түлегі Адель Біржанова.
Енді жүзден аса түлек мемлекеттік грантсыз қалуы мүмкін. Олар сонда да конкурсқа қатысып, бағын сынауға дайын отыр.
"Алдыңғы конкурс туралы былтыр оқыдым. 300 грант бөлініпті. Ол кезде 40 ұпайдан басталатын адамдар қабылданған екен. Мен жоғары ұпай жинадым. Қызыл дипломым бар. Грантқа түсуге мүмкіндігім бар деп ойлаймын. Astana IT университетіне оқуға түскім келеді", – деді колледж түлегі Абай Тілеуғалиев.
Университет мәліметінше, мемлекеттік тапсырыс техникалық себептерге байланысты мақұлданбады.
"Өтініш дұрыс толтырылмағандықтан университетіміз ақпараттық базада көрсетілмеді. Жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бірақ қазір бұл мәселені Ғылым және жоғары білім министрлігі қарастырып жатыр. Бұл жағдай Астана ІТ университетінің ректорының бақылауында", – деді университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Гүлвира Ақыбаева.
Егер мәселе шешімін тапса, студенттер 20 шілдеге дейін аталған университетке грантқа құжат тапсыра алады. Ал қыркүйекте өздері үйренген білім ордасына қайта оралып, оқуын жалғастырады. Мәселе шешілмесе, олар өзге университеттерге грант байқауына қатысып, бірінші семестрден кейін AITU-ға ауыса алады. Сонымен қатар басқа да балама жолдар бар. Олар:
– университет ректорының грантына таласу;
– IT-компаниялардың қолдауымен оқу немесе ақылы бөлімдегі жеңілдіктер жүйесін пайдалану.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік грант бойынша оқыған түлектердің 90 пайызы жұмысқа орналаспағаны туралы жазған едік.

"Қазақ екеніме сенбейді": Ақтаулық жігіт желіде ерекше келбетімен көзге түсті
