"Қажеттіліктен келдім": Журналист қыз автомеханика мамандығына қалай келгенін айтты
25 жастағы Қымбат Қалиева негізгі мамандығы журналист болғанмен, қазір автомеханик болып істеп жүр. Темір тұлпарларды жөндейтін ару әріптес достарының арасында "темірқыз" атанып кеткен. Қымбат мұндай қадамға қажеттіліктен бардым дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Ниет" бағдарламасына сілтеп хабарлайды.
"Менің автомеханикаға деген қызығушылығым қажеттіліктен туды. Себебі машинасын үй етіп саяхаттайтын адамдарға қатты қызығамын. Түрлі-түрлі адамдардың парақшаларына жазылып, қарап, менде де осындай болса екен деп армандайтынмын. Бір күні неге мен өз ойлағаныма жете алмайтындай етіп армандаймын деп ойладым. Алдымен маған көлік жүргізіп үйрену керек деп шештім. Көлік жүргізген кезде көлік туралы ештеңе білмейді екенмін деген қорқыныш пайда болды. Оны жеңу үшін автомеханик болып жұмыс істеу керек деп ойладым. Содан бір күні инстаграмда көмекші, механик, видеограф керек деген хабарламаны көріп, сол жердің еденін жусам да барып қыр-сырын біліп, бір нәрсе үйренем-ау деген оймен келдім", - деді Қымбат Қалиева.
Автомеханикаға келген ару мақсаты журналистикадан біржола кету емес, тек автомеханиканы игеру екенін айтады.
"Мақсатым журналистиканы тастау болған жоқ, автомеханикаға келу болды. Ақпараттық қоғамда өмір сүрген соң, бәрібір инстаграмнан блог ашып жүрсемде журналистикадан кетпедім деген сөз", - дейді "темірқыз".
"Көліктің тілін табу шынын айтсам оңай емес. Алғашқы бір ай бойында қиын болды. Мен өзім үйде ерке өскен қызбын. Барған кезде "саморез" алып кел дейді. Мен өмірімде оны көрген емеспін. Ондай жағдайлар көп болды. Мен бұл жұмысты алып кете алмаймын, машина туралы түк білмеймін, журналистикама кете берейін дегенде ойлар болды. Бірақ түк білмесем де барам, істеймін деп тұрып алдым. Алғашында үйренгенімді ұмытып қала бердім. Өзім емес, организімім қабылдамай тұрды", - дейді Қымбат Қалиева.
"Маған келген барлық машинаның тілін білемін. Қыз жөндейтін болса көлігін сеніп тапсыра алмайтын еркектер бар. Олар кәдімгіей ағарып, бозарып кетеді. Қасымда тұрады. Сенбейді. Жөндеп берген соң рахметін айтады", - деген Қалиева машинасы жақсы жүріп кетсе, сен туралы бәріне айтатын боламын дейтін ер азаматтардың көп екенін айтады.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
