Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Журналист Байсемізова “кәрі қыздарға” арнап тренинг өткізіп жүр (фото)

Жас келген шақта теңін тауып, тұрмыс құрған Жанар Байсемізова “жарымды табуға жантану ілімі көмектесті” дейді. Ол оң босағада отырып, “кәрі қыз” атанып кеткен бойжеткендерге әртүрлі тренингтер өткізіп, көмектесіп жүргенін айтты. Бұл туралы Байсемізовамен тілдескен Stan.kz тілшісі хабарлайды.

– Жанар ханым, сіз әлеуметтік желідегі парақшаңыздан қыздарға арналған өмірлік мәні бар кеңестерді жиі жазасыз. Жалпы, жантану әлеміне қалай, қашан келдіңіз?

– Жантану әлеміне ден қойғаныма көп болған жоқ. Өз-өзіңді зерттеу, ішкі әлемді түзеу арқылы өміріңді өзгерту. Бұл ақпарат маған жылдар бойы тамтұмдап, белгілермен келіп тұрды. Санаммен қабылдасам да, жүрекпен қабылдамаппын. Алла өзі жүректі емдеп, жолын ашқысы келетін жандарға рухани көмекті себепкер жандар арқылы жібереді екен ғой… Әсел деген құрбыма проблемаларымды айтып, мұң шаққанда, ол «бәрі өзіңнен, ішкі әлеміңнен сұра» деген секілді маған рухани жағынан көп кеңестер беретін. Бірақ оның кеңестерін түсінбейді екем. Ол Джон Кехоның «Подсознание может все» деген кітабын поштама жіберген. Алайда, мен оны ашпай, арада үш жыл өткен соң ғана үңілдім сол кітапқа. Кітаптан қатты әсер алып, санам әрленіп, көзім ашылғандай болдым. Жүрекпен қабылдап, санаға сіңіру енді ғана бұйырыпты. Сосын екінші, үшінші кітап қолыма түсті. Осы орайда, Абайдың өлеңін келтіре кеткім келеді: «Жүректің көзі ашылса, хақтықтың түсер сәулесі». Адам рухани жолға түскенде қажетті ілім өзі жолынан кезігіп тұрады екен.

Парақшаңыздан шеберлік сағатын өткізгеніңізді байқадық. Жалпы, жантану деп жатамыз, тренинг, шеберлік сағаттарын өткізгеніңізге қанша уақыт болды?

Жүйелі түрде қыз-келіншектерге арналған шеберлік сағаттарын өткізіп жүрген жоқпын. Бірақ кездесулерге, шеберлік сағаттарына шақырып тұрады. Жақында Оралда өткен гранд балға шақырды. Бал аясында да түрлі мотивациялық шеберлік сағаттары өткізілді. Соның бірін өзім жүргіздім. «Шетелдіктер асырап алған қазақ балалары» жобасы жайлы баяндап келе, өмірлік тәжірибеме сүйене отырып, өз-өзіммен жұмыс барысында жиған-терген іліміммен барынша бөлісуге тырыстым. Жанға рухани азық беретін бұл құнды ақпарды мен білім емес, ілім деп атаймын. Жиналған қауымның арасында жасы да, кәрісі де, ер азаматтар да, қыз-келіншектер де болды. Құлақ салып тыңдаған көпшілік, әсіресе, қыз-келіншектер қауымы өте жақсы қабылдады.

Жалпы, бақытты өмір сүру, бай болу, өмірлік жарды адаспай табу, бақытты отбасын құру секілді тақырыптардағы семинар, тренингтердің толқыны батыста болып кеткен. Бізге лебі енді ғана жетіп жатыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы дер кезінде халыққа жолданды деп ойлаймын. Себебі бұрынырақта күн көрістің қамымен жан дүниеге үңілуге мұрша келмесе, бүгінде бұл дүние өте актуалды. Біз ойлау жүйемізді өзгерту арқылы, ішкі дүниемізді ретке келтіру арқылы өмірімізді түбегейлі өзгертуге болатынына көзіміз жете бастады. Алайда, ақпардың басым бөлігі орыс тілінде. Сондықтан қазақ тілді кітаптар, шаралар керек-ақ.

Ал болашақта өзіңіздің авторлық шеберлік сағаттарыңызды өткізу жоспарда бар ма?

– Жоспарда бар. Ойымда жүргеніне біраз болды. Мен бұл ойымды әлеуметтік желіде пост жазудан бастадым. Маған еліміздің түкпір-түкпірінен хаттар келеді. Олардың көпшілігі – өмірлік серігін кезіктіре алмай, жалғыздықтың азабын тартып жүрген қыздар. Олардың жас ерекшелігі әр қалай: 23-30 арасы. Барлығының жанды жері – сол қоғамның оларға «кәрі қыз» деп тағып қойған айдары. Менің өзім де сол қыздардың санатында бірнеше жыл болып жүріп, бақытымды тапқан жанмын. Қазір оны ұялмай, еш қымсынбай айта аламын. Иә, басында мен де қысылатынмын, бірақ кейін ол комплекстердің бәрінен түгел арылдым. Күйеуге шыққаннан кейін емес, күйеуге шықпай тұрып-ақ. Маған жазған қыздың әрбіріне де көмек бергім келеді-ақ. Алайда, әрқайсысына жауап беріп отыру өте ұзақ. Сондықтан оларға бір кездесулер ұйымдастыру ойымда жүр.

Жақсы өмір сүру жайлы ғана емес, қоғам үшін маңызды қыз баланың тәрбиесі жайлы тақырыпты да қоссам деймін. Өзімнің бала-шағам болмаса да, өмірлік тәжірибеме сүйене отырып, қыз баланың тәрбиесіндегі маңызды тұстар жайлы ой бөліскім келеді.

– Бүгінгі таңда психологиялық шеберлік сағаттары, тренингтер өткізу трендке айналған секілді. Бірақ оны өткізетін коучтар да – өмірлік қателіктері, ішкі өкініш, қорқыныштары бар қарапайым жандар. Олар өзгелерге не бере алады? Және өзгелердің санасына ену қаншалыты қауіпсіз деп ойлайсыз?

– Расында, өмірлік мәні бар өте жақсы сұрақ қойдыңыз. Мынадай жақсы қағида бар: «біреуге өзі көмек сұрамайынша, көмектесуге болмайды». Сосын адам өз-өзіне көмектеспейінше, ешкім оған көмектесе алмайды. Өзге адам тек себепші бола алады. Сосын ондай шараларға ешкім ешкімді күштеп алып бармайды. Өмірін өзгерткісі келген адамдар өздері келеді. Бүкіл өмірін өзгертіп жіберуі екіталай, әрине. Бірақ ойлау жүйесінде өзгерістер орын алатыны белгілі. Сондықтан расымен де еш қауіп жоқ деп айта алмаймын. Бірақ әр адам өз өміріне өзі жауапты. Коучтар тек тәжірибесімен бөліседі. Сосын әркім қажетті коучты өздері таңдайды.

– Өз тәжірибеме сүйене отырып, қыз баланың тәрбиесі туралы лекция оқысам дедіңіз. Өткен балалығыңызға қазір ой жүгіртсек… Әттеген-ай деген жерлер болды ма?

Мен бұрындары өткен қателіктеріме жиі өкінетінмін. Бірте-бірте өкініш деген алдымыздағы несібе, жақсылық атаулыны жойып жіберетін ібіліс екенін түсіндім. Жалпы, маған өнегелі тәрбие берген ата-анама ризамын. Олар менің бойыма жақсы адамның қасиеттерін сіңіруге тырысты.

Дегенмен кейбір өмірлік ситуациялар басыма түскенде, өсе келе, көре бере, «анам неге маған мынаны былай айтпады екен» деген ойлар келетін болды.  Қызға ең жақын адам – меніңше, анасы.

Ана құрбы, әпке бағыттаушы, ұстаз – бірнеше рөлдерді атқара білуі керек. Бірақ ата-анаға өздері білмеген дүниені үйретпеді деп ренжу – бекершілік. Мен оларға бәрі үшін алғыс айтам. Жалпы, қыз балаға өте көп махаббат беру керек. Мені балалығымда айналамдағылардың бәрі жақсы көрді. Алайда, «Қызға қырық үйден тыю» демекші, қазақ қыздарына қойылатын шектеулер көп болды. Тәрбие қаталдау болды. Анам ұрып-соғып та алатын. Ал әке тарапына келсек, мен атамның қызы болғандықтан, әкем мейірімін менен гөрі өзімнен кейінгі сіңліме көбірек төкті. Бұлай айтуым да дұрыс емес шығар. Бірақ маған әке махаббаты аздап жетіспеген секілді. Негізі, мұны біздің менталитетімізге тән ерекшелікпен де түсіндіруге болады. Қазір болмаса, ол кезде бізде сезімді ашық білдіру деген жоқ болатын. Мен ғана емес, заман сондай болған соң, қатарластарымның да басынан өткен шығар деп ойлаймын. Бірақ өзім қазір жақын жандарыма жылы лебіздерді көп айтуға тырысамын.

Жалпы, махаббатқа қанып өскен адам бақытсыздыққа душар болмайды, тіпті, ұсақ-түйек келеңісіздіктерге де жиі кезікпейді. Жолында жақсы адамдар кездеседі. Өзіне сенімді болып өседі. Ал өзіне сенімді, өзін жақсы көре білетін адам ауруларды оңай жеңеді екен.

Жіберіп алмаңыз:

“Қазақ жігіттерінен мықты емес”: Байсемізова шетелдікке тұрмысқа шығудың кемшілігін атады (фото)

Төреғалидің жары Толқынға арнаған әні қалың көрерменді жылатты (фото, видео)

Қызылордада 20 жыл мектеп директоры болған азамат мал ұрлап істі болса да ұстаздығын жалғастыруда

Меруерт Түсіпбаева: Қиналып кетсем тұрмысқа шығуым да мүмкін (фото)

Қайрат Нұртас: Жұлдызды көрсеткен соң, елдің бәрі әйелдерін көрсете бастады (фото)

Талқылау