Жүргізушілер Қазақстан-Қытай шекарасындағы ақша бопсалау әрекеттеріне шағымданды
Видеодан скрин
Қазақстан-Қытай шекарасындағы "Алакөл" кеден бекетінде дау шықты. Әлеуметтік желіде жүргізушілер шекарадан тексерусіз өту үшін 200 доллар (шамамен 94 мың теңге) пара талап етілгенін айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жүргізушілердің видеосы желіде кеңінен тарап, жұрттың наразылығын тудырды. Видеода ер адамдар жүктің еш кедергісіз, тексерусіз өтуі үшін кеден қызметкерлеріне 200 доллар төлеу қажет екенін айтады.
Жағдайға қатысты "Алакөл" кеден бекетінің басшысы Мәлік Шәуленов мәлімдеме жасап, аталған айыптаулардың шындыққа жанаспайтынын айтты.
"Видеодағы адамдар жүк көлігінің жүргізушілері емес. Олар өзара ұрсысып, мәселені анықтап жатқан кезде екі шынайы жүк көлігі өте алмай, жолдары бөгеліп тұрды. Мен оларға бекет аумағында шағымдарын талқылауды ұсындым. Оларға ешкім қысым көрсеткен жоқ, ешкім кетіңдер деп айтқан жоқ, өз еріктерімен тыныш тарады", – деді Шауленов.
Кеден бекетінің басшысы бұл қызметке бір жарым жыл бұрын тағайындалғанын, бұған дейін жүргізушілер тарапынан мұндай шағымдар болмағанын айтты.
"Мен олардан егер біздің қызметкерлерге қатысты шағымдары болса, құқықтық тәртіппен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, полицияға, ҰҚК-ге арыз түсірулерін сұрадым. Бірақ айып таққан адам өзін таныстырған да жоқ. Менің осы бекетте бір жарым жылдық жұмыс тәжірибемде мұндай шағым бірінші рет болып отыр. Осы уақыт ішінде өткізу қабілетін 8-9 есе арттырдық, 80-150 көліктен 800 көлікке дейін. Соңғы көлік өткенге дейін жұмыс істейміз. Жүргізушілердер шағымдар болған емес. Мен әлгі адамдарға бекет аумағына кіріп, шағымдарын жеке талқылауды ұсындым. Ешкімге қысым көрсетілген жоқ, сотқа немесе полицияға барамыз деген де болған жоқ, бәрі тыныш тарады", – дейді бекет басшысы.
Шәуленов наразылық білдірушілердің бұрын жүк рәсімдеу қызметтері арқылы ақша тауып жүрген делдалдар болуы мүмкінін айтады.
"Бұл бекет 19 жыл бойы ескі стандарттармен жұмыс істеді. Ол кезде жүргізушілер азаматтық-құқықтық шарттар негізінде ақы төлейтін өкіл-делдалдар болды. Бірақ 13 мамырдан бастап толық сандық жүйе енгізілгеннен кейін мұндай қызметтердің қажеті жоқ, жүргізушілер бақылаудан өздері, тегін өтеді. Мүмкін, дәл осы адамдар табысынан айырылған болуы мүмкін", – деді ол.
Өткізу бекеті басшысының айтуынша, қазір барлық процесс барынша автоматтандырылған:
- төлқұжаттық бақылау және құжаттарды өңдеу;
- жүктің қозғалыстағы рентгендік тексерісі;
- қауіптерді талдау орталық диспетчерлік басқармада жүргізіледі;
- қажет болған жағдайда тексеріс көлік-логистикалық орталықта өтеді.
Шекарадан өту уақыты орта есеппен 20–30 минутты құрайды. Жаңа бекетке 197 бейнебақылау камерасы орнатылған, олардың жазбаларын мемлекеттік кірістер комитеті онлайн режимде бақылай алады. Барлық қызметкерлер видеотіркегішпен жабдықталған жеке жетондармен жұмыс істейді.
Сондай-ақ Шәуленов жүктемені түсіру және тиеу шығындары тасымалдаушылардың өздеріне тиесілі екенін, бұл шығындар 100 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін екенін айтты. Ал транзиттік жүк көліктері үшін электронды кезек жүйесі жұмыс істейді.

“Үш жерде жұмыс істесем де, отбасымды асырауға жетпеді”: Шотландияға кеткен отандасымыз Қазақстандағыдан 10 есе көп жалақы алатынын айтты
